Хадис

Кутуб ситтә, № 3108

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
418. Ораза мен рамазан айының артықшылығы
Нөмірі
№ 3108 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3108
Кутуб ситтә, № 3108 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «الصِّيَامُ جُنَّةٌ، فَإِذَا كَانَ يَوْمُ صَوْمِ أَحَدِكُمْ فَلَا يَرْفُثْ وَلَا يَصْخَبْ، فَإِنْ شَاتَمَهُ أَحَدٌ أَوْ قَاتَلَهُ فَلْيَقُلْ: إِنِّي صَائِمٌ، إِنِّي صَائِمٌ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَقَوْلُهُ «الصَّوْمُ لِي» أَيْ لَمْ يُشَارِكْنِي فِيهِ أَحَدٌ، وَلَا عُبِدَ بِهِ غَيْرِي، فَإِنَّ سَائِرَ الْعِبَادَاتِ قَدْ عَبَدَ بِهَا الْكُفَّارُ آلِهَتَهَا، فَأَنَا حِينَئِذٍ أَجْزِيهِ عَلَى قَدْرِ اخْتِصَاصِهِ بِي، وَأَنَا أَتَوَلَّى الْجَزَاءَ عَلَيْهِ بِنَفْسِي، وَلَا أَكِلُهُ إِلَى أَحَدٍ غَيْرِي. وَالْخُلُوفُ بِضَمِّ الْخَاءِ: تَغَيُّرُ رِيحِ فَمِ الصَّائِمِ مِنْ تَرْكِ الْأَكْلِ وَالشُّرْبِ. وَالرَّفَثُ: مُخَاطَبَةُ الرَّجُلِ الْمَرْأَةَ بِمَا يُرِيدُهُ مِنْهَا، وَقِيلَ: هُوَ التَّصْرِيحُ بِذِكْرِ الْجِمَاعِ، وَهُوَ الْحَرَامُ فِي الْحَجِّ عَلَى الْمُحْرِمِ، وَأَمَّا الرَّفَثُ فِي الْكَلَامِ إِذَا لَمْ يَكُنْ مَعَ امْرَأَةٍ فَلَا يَحْرُمُ، لَكِنْ يُسْتَحَبُّ تَرْكُهُ. وَالصَّخَبُ: الضَّجَّةُ وَالْجَلَبَةُ.

Қазақша аудармасы

Басқа риуаятта былай делінген: «Ораза – қалқан. Араларыңнан біреу ораза ұстаса, әдепсіз сөз айтпасын, айқайлап, дауыс көтермесін. Біреу оны балағаттаса не онымен төбелесуге ұмтылса, “Мен оразамын, мен оразамын”, – десін».1

Түсіндірме

1. Әр ізгі амалдың сауабы кемінде он еселенетіні Құранда анық айтылған: ﴿مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا﴾ «Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады»2 (Әнғам, 160). Пайғамбарымыз (с.а.с.) ізгі амалдың сауабы еселенетінін айтқанда, осы аятқа меңзеген болуы мүмкін. Хадистің жалғасында сауаптың жеті жүз есеге дейін артатыны айтылады. Бұл сан Құранда да аталған. Сауапты қанша еселейтінін Алла Өзі қалайды. «Бақара» сүресінің 261-аятында ﴿مَثَلُ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنْبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنْبُلَةٍ مِائَةُ حَبَّةٍ ۗ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَنْ يَشَاءُ ۗ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ﴾ «Мал-пұлын Алла жолында сарп ететіндердің мысалы – бейне бір жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек секілді. Алла қалаған пендесіне еселеп береді. Алла – Уасиғ, Алим»3 делінген.

Оразаның сауабы бұл өлшеммен шектелмейді. Жоғарыдағы хадис оның сауабы жеті жүз еседен де артық болуы мүмкін екенін көрсетеді. Құранда ﴿لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ﴾ «Қадір түні мың айдан да қайырлы»4 делінген (Қадір, 3). Мың айды әр айға отыз күннен есептегенде отыз мың күн шығады. Осы аяттан Қадір түнінде істелген бір игі істің сауабы отыз мың есе артуы мүмкін екені аңғарылады. Алла тағаланың құдси хадистегі «Ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» деген сөзіне сүйенсек, пенде шын ықыласпен ұстаған оразасы үшін отыз мың еседен де көп сауапқа үміт ете алады. Алланың мейірімі кең.

2. Жоғарыдағы хадистерде ораза перде мен қалқанға теңелген. Кей риуаяттарда оразаның қалқан екені жалпы айтылса, енді бірінде «Ораза – оттан қорғайтын қалқан», «Соғыста сауыт сарбазды қалай қорғаса, ораза тозақ отынан солай қорғайды» делінген. «Ораза – қорған. Ғайбат айтып, оны бұзып алмасын» деген мазмұндағы риуаят та кездеседі.

Хадистердің бір бөлігінде оразаның тозақтан сақтайтын қорған екені ашық айтылған. Өзгелерінде ораза жалпы қорған деп сипатталады. Ғалымдар осы жалпылама тұсты әртүрлі түсіндірген. Ибн әл-Әсир «ән-Ниһаяда» оразаның адамды зиянды құмарлықтан қорғайтынын, ораза нәпсіні жамандыққа жетелейтін қалауларды әлсірететінін айтады.

Қуртубидің түсіндіруінше, оразаның қалқан болуының бірнеше қыры бар: – Ораза шариғат бекіткен құлшылық болғандықтан, оны бұзатын және сауабын кемітетін істерден қорғау қажет. Бұған Алла елшісінің (с.а.с.) «Араларыңнан біреу ораза ұстаса, әдепсіз сөз айтпасын, айқайлап, дауыс көтермесін» дегені ишара етеді.

– Ораза берген пайдасына қарай да қалқан саналады. Өйткені ол нәпсінің қалауын әлсіретеді. Бұған құдси хадистегі «Құлым Мен үшін нәпсісінің қалауынан бас тартты» деген сөз меңзейді.

– Ораза сауабы мен ізгі амалдарды еселейтіндіктен де қалқан саналады. Қади Ияд «Ораза күнәдан не тозақ отынан, я екеуінен де қорғайтын қалқан», – дейді. Имам Нәуәуи оның екеуінен де қорғайтынын айтқан. Ибн Араби «Ораза адамды нәпсінің құмарлықтарынан тежейді. Тозақ нәпсіге ұнамды нәрселермен қоршалған. Адам бұл дүниеде құмарлығын тыйса, ақыретте осы амалы оны тозақ отынан қорғайды», – дейді.

Әбу Убайдадан жеткен риуаятта ғайбаттың оразаға зиян келтіретіні айтылған. Айшадан жеткен бір риуаятта ғайбат оразаны бұзатыны баяндалады. Имам Әузағи осы хадиске сүйеніп, ғайбат айтқан адамның оразасы бұзылып, сол күннің қазасын өтеу керек деп үкім берген. Заһири ғалымы Ибн Хазм ораза ұстағанын біле тұра сөзбен не іспен қасақана күнә жасаған адамның оразасы бұзылады деген. Ол «Араларыңнан біреу ораза ұстаса, әдепсіз сөз айтпасын, айқайлап, дауыс көтермесін» деген тыйымның жалпы айтылғанын алға тартқан. «Кім ораза ұстап, өтірік айтудан тыйылмаса, Алла оның ашығып, шөлдеуіне мұқтаж емес» деген хадис те осы пікірге дәлел етілген. Ғалымдардың көпшілігі бұл тыйымды харамдықты білдіреді деп түсінгенімен, оразаның бұзылуы жөнінде өзге пікір ұстанған. Олардың пікірінше, оразаны бұзатын негізгі үш амал бар: ішу, жеу және жыныстық қатынас.

Ибн Абдулбарр оразаның өзге ғибадаттардан артықшылығын білдіріп, «Оның тозақ отынан қалқан болуы артықшылығын түсінуге жеткілікті», – дейді.

Нәсәи сахих тізбекпен жеткізген риуаятта Әбу Умама Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Уа, Алла елшісі! Маған өзгеше бір амал бұйырыңыз», – дейді. Сонда ол «Саған оразаны өсиет етемін. Оған тең келер амал жоқ», – дейді. Ал ғалымдардың көпшілігі басқа дәлелдерге сүйеніп, намазды оразадан абзал санаған.

3. Хадисте ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Алланың алдында мисктің иісінен де жағымды екені айтылады. «Хулуф» – ораза кезінде ауыздан шығатын иіс. Аллаға қатысты иісті жақсы-жаман деп бағалау мүмкін болмағандықтан, ғалымдар бұл сөзді әртүрлі түсіндірген:

– Бұл – астарлы сөз. Адамға хош иістің жағымдылығы арқылы оразаның Алла алдындағы орны ұғындырылады. Мисктің бізге жағымды болуынан да оразаның Аллаға ұнамдылығы артық.

– Мұнда періштелер меңзелген. Біз мисктің хош иісін ұнатқаннан да періштелер ораза ұстаған адамның ауыз иісін көбірек ұнатады.

– Миск пен хулуфқа Алланың құзырында берілетін баға біздің бағамызға кереғар.

– Алла ораза ұстаған пендеге ақыретте сондай сый береді, аузының иісі мисктен де жағымды күйге енеді.

– Ораза ұстаған адамның алатын сыйы мисктің хош иісінен де жағымды болады.

– Ораза ұстаған адамның ауыз иісінің сауабы зікір мен ілім мәжілісінде жағылатын мисктің сауабынан артық.

Осы алты түсіндірмеге сүйенсек, «Алланың алдында жағымды» деген сөз оразаның Алланың разылығына бөленіп, қабыл болатынын білдіреді. Қади Хусейннің түсіндірмесінде «Қиямет күні әр ғибадаттың өзіне тән иісі болады. Сонда оразаның иісі өзге ғибадаттардың иісіне қарағанда мисктей хош болады» делінген. Соңғы үш түсіндірмені қуаттайтын «Қиямет күні» деген сөз кей риуаяттарда бар. Мүслимнің нұсқасында «Ораза ұстаған адамның ауыз иісі Қиямет күні Алланың алдында мисктің иісінен де жағымды» делінген.

Автор кей дәрігерлердің ораза ұстаған адамның ауыз иісін саулықтың белгісі деп жорығанын жеткізеді. Олардың пайымынша, ашыққанда дене артық заттарды, әлсіреген жасушалар мен зиянды қалдықтарды жағып, тазарады. Олар ұнамсыз иісті кейін обыр және басқа да қауіпті ауруларға себеп болуы мүмкін заттар «жанғандағы түтінге» балап, осылай тазалануды саулыққа пайдалы деп санаған.

4. Құдси хадистегі «Ораза – Мен үшін» деген сөзді ғалымдар бірнеше жолмен түсіндірген:

– Кейбір ғалымдар басқа ғибадаттарға рия араласуы мүмкін, ал оразада рия болмайды деген. Әбу Убайд былай дейді: «Барлық ізгі амал Алла үшін жасалады, сауабын да Ол береді. Алла тағала оразаны Өзіне тән етті. Өйткені ораза ұстаған адамның көзге көрінетін қимылы жоқ. Ораза – іштей жасалатын амал. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) “Оразада рия жоқ” деген сөзі де осыны қуаттайды. Өзге амалдар қимыл арқылы орындалады, ал ораза жұртқа көрінбейтін ниетпен ұсталады».

– Кейбіреулер «Оразаның сауабын Өзім беремін» дегенді «Оның сауабы қанша еселенетінін Өзім ғана білемін» деп түсіндірген. Өзге ғибадаттардың сауабы періштелерге мәлім болуы мүмкін. Аяттарда ізгі амалдың сауабы он еседен жеті жүз есеге дейін артатыны айтылған. Оразаның сауабы бұл өлшемге сыймайды.

– Кейбіреулер «Ораза – Мен үшін» дегенді «Ораза – Маған ең сүйікті, құзырымда ең қадірлі ғибадат» деп түсіндірген. – Кей ғалымдар оразаны Аллаға телу оны ардақтау үшін айтылған деген. Бұл «Бәйтуллаһ», яғни «Алланың үйі» деген қолданысқа ұқсайды.

– Ішіп-жеуді және нәпсі қалауын қажет етпеу – Аллаға тән сипат. Осы түсіндірме бойынша, ораза ұстаған кісі нәпсі қалауларынан тыйылып, Раббысына жақындайды. Оразаның Аллаға телінуі де осыған байланысты деп жорыған. Қуртуби «Құлдың амалдары өз жағдайына лайық. Оразаның жөні бөлек. Оразаның сипаты Хақтың сипаттарына сай келеді. Бұл “Ораза ұстаған құл Маған осы сипат арқылы жақындайды” дегенді аңғартады», – деген. – Кейбір ғалымдар бұл мағына періштелерге телінгенде ғана орынды, өйткені мұндай тыйылу періштелердің сипаты деген. – Тағы бір пікір бойынша, бұл – Аллаға ғана тән сипат, құлдардың одан алар үлесі мен ләззаты жоқ.

– Кейбіреулер оразаны Аллаға телудің себебін бұл амал арқылы Алладан басқаға құлшылық етілмегенімен байланыстырған. Намаз, садақа, тауап тәрізді амалдарды Алладан басқаға арнап орындағандар болған. Алайда жұлдыз бен мүсінге табынғандардың да солар үшін ораза ұстағанын алға тартып, бұл пікірге қарсылық білдіргендер бар.

– Кей ғалымдар Қиямет күні біреудің ақысына кірген адамның өзге ғибадаттарының сауабы сол ақыға берілетінін, оразасының сауабы алынбайтынын айтқан. Бір риуаятта «Қиямет күні Алла тағала құлдарын есепке тартады. Мойнында құл ақысы қалғандар оны амалдарының сауабымен өтейді. Ақыры оразадан басқа амалы қалмайды. Алла қалған ақыларды Өзі өтейді, оразасының сауабына тимейді. Оразасы үшін оны жәннатқа кіргізеді» делінген. Имам Қуртуби бірқатар дәлелге сүйеніп, бұл түсіндірмеге қарсы шыққан. Ибн Хажар өзге дәлелдер келтіріп, оның қарсылығын негізді деп таппаған.

  1. 1Бұхари, «Саум», 2, 9, «Либас», 78. Мүслим, «Сиям», 164 (№ 1151). «Муатта», «Сиям», 58 (1/310). Әбу Дәуіт, «Саум», 25 (№ 2363). Тирмизи, «Саум», 55 (№ 764). Нәсәи, «Сиям», 41 (4/160–161). Ибн Мәжа, «Сиям», 1 (№ 1638), «Әдеп», 58 (№ 3823).
  2. 2«Әнғам» сүресі, 160-аят.
  3. 3«Бақара» сүресі, 261-аят.
  4. 4«Қадір» сүресі, 3-аят.