Хадис

Кутуб ситтә, № 3113

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
418. Ораза мен рамазан айының артықшылығы
Нөмірі
№ 3113 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
3113
Кутуб ситтә, № 3113 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا دَخَلَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الْجَنَّةِ، وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ، وَسُلْسِلَتِ الشَّيَاطِينُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) «Рамазан айы кіргенде жәннаттың қақпалары ашылады, тозақтың қақпалары жабылады, шайтандар кісенделеді»1, – деген.

Түсіндірме

1. Рамазанда шайтандардың кісенделуі, жәннат қақпаларының ашылуы және тозақ қақпаларының жабылуы әртүрлі түсіндірілген. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.

Қади Ияд былай дейді: «Бұл сөздерді тура мағынасында түсінуге де негіз бар. Бәрі рамазан айының кіргенін, оның ұлықтығын және шайтанның мүміндерге зиян тигізуден тыйылғанын білдіретін белгі болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл сөздер сауап пен кешірімнің молдығын, шайтанның азғыруы кеміп, шайтандардың кісендеулі күйге түскенін де білдіруі ықтимал».

Қади Ияд бұл сөздердің астарлы мағынасын да түсіндіреді: «Жәннат қақпаларының ашылуы дегеніміз – Алланың пенделеріне жәннатқа жеткізетін ғибадаттарды жеңілдетуі болуы мүмкін. Тозақ қақпаларының жабылуы пенделердің өздерін тозаққа түсіретін күнәлардан бет бұруын білдіруі ықтимал. Ал шайтандардың кісенделуі олардың мүміндерді адастыруға, құмарлықты көзге әдемі етіп көрсетуге дәрменсіз қалуын меңзеуі мүмкін».

Қади Ияд осы түсіндірмені Мүслимде келген Ибн Шиһабтың риуаятымен қуаттайды. Онда «жәннаттың қақпалары ашылады» дегеннің орнына «мейірім қақпалары ашылады» делінген.

Зәйн ибн әл-Мунир Қади Иядтың бірінші пікірін абзал санайды. Оның айтуынша, сөздің тура мағынасын қалдырып, астарлы мағына іздеуге мәжбүр ететін себеп жоқ.

2. Кей риуаятта рамазанда аспан қақпаларының ашылатыны айтылады. Турбуштидің түсіндіруінше, мұнда Алланың рақымы түсетіні, құлдардың амалдары бірде Алланың жәрдемімен, бірде қабыл етілуімен жоғары көтерілетіні меңзеледі. Тозақ қақпаларының жабылуы ораза ұстаған адамның нәпсісі жамандықтың кірінен арылып, құмарлығы басылып, күнәға итермелейтін себептерден босайтынын білдіреді. Күнәдан аулақ адам тозақтан да аулақ болады.

Қуртуби де хадисті тура мағынасында түсіндіруді жөн көрген. Ол былай дейді: «Біреу “Рамазанда шайтандар кісенделсе, күнә мен жамандық неге тоқтамайды?” – деп сұрауы мүмкін. Оразаның шарттары мен әдептерін сақтаған адамда мұндай жамандық сирек кездеседі. Кей риуаят бойынша, шайтандардың бәрі емес, бір бөлігі кісенделеді. Хадистен рамазанда жамандықтың азаятыны да ұғынылады. Бұл – өз көзімізбен байқайтын жайт. Өзге айларға қарағанда, бұл айда жамандық азаяды. Тіпті шайтандар түгел кісенделсе де, күнә мүлде жойылады деген сөз емес. Күнәға итермелейтін өзге себептер бар. Олардың қатарында жамандыққа бұйыратын нәпсі, жаман әдеттер және адам арасындағы азғырушылар бар».

Кейбір ғалымдар шайтандардың кісенделуі пенденің сылтауын жояды деп түсіндіреді: «Пендеге “Бұл айда шайтандар саған зиян тигізе алмайды. Ендеше, ғибадатты тастағаныңды немесе күнә жасағаныңды шайтаннан көріп, ақталма. Олар байлаулы”, – дегендей». Бұл адамды әр ісіне жауапкершілікпен қарауға үндейді. Ақыретте әркім істеген ісі үшін өзі жауап береді.

  1. 1Бұхари, «Саум», 5, «Бәдул-халқ», 11, Мүслим, «Сиям», 2 (№ 1079); Нәсәи, «Сиям», 5 (4, 129).