وَعَنْ حُسَيْنِ بْنِ الْحَارِثِ الْجَدَلِيِّ عَنِ الْحَارِثِ بْنِ حَاطِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَمَرَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ نَنْسُكَ لِرُؤْيَتِهِ، فَإِنْ لَمْ نَرَهُ وَشَهِدَ شَاهِدَا عَدْلٍ نَسَكْنَا بِشَهَادَتِهِمَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «النُّسُكُ» هُنَا الصَّوْمُ.
Хусайн ибн әл-Харис әл-Жәдали Харис ибн Хатыбтан (р.а.) мына сөзді жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) жаңа айды көргенде ораза ұстауды бұйырды. Өзіміз көрмесек, екі әділ куәгер оны көргеніне куәлік етсе, солардың куәлігіне сүйеніп ораза ұстайтын едік».1
Түсіндірме
1. Хадистегі «нусук» сөзін «ораза» деп аудардық. Негізінде бұл сөз «ғибадат» дегенді білдіреді, көбіне қажылық амалдарына қолданылады. Мұнда ораза сөз болып отырғандықтан және Әбу Дәуіт хадисті ораза тарауына енгізгендіктен, оны «ораза» деп аударуды жөн көрдік. Оны қажылық мағынасында да түсінуге болады. Онда «Алла елшісі (с.а.с.) зулхижжаның жаңа айын көргенде қажылықты бастауды бұйырды» деп аударылады.
2. Бұл хадисте жаңа айдың көрінгенін растау үшін екі әділ куәгер қажет екені айтылады. Алдыңғы хадисте бір адамның куәлігі жеткілікті делінгендіктен, екі хадистің арасында сырттай қайшылық байқалады.
Хаттаби былай дейді: «Шәууалдың жаңа айын екі әділ кісінің куәлігімен бекітуге болатыны жөнінде талас білмеймін. Бір адамның куәлігі жөнінде пікірлер әртүрлі. Көптеген ғалым “Екі әділ кісіден аз адамның куәлігі қабылданбайды”, – деген. Ал әзірет Омардан (р.а.) жеткен риуаятта ол ораза айт пен құрбан айтты жариялауға бір адамның куәлігін қабылдаған. Кейбір хадисшілер “Жаңа айды көру – куәліктен гөрі хабар беру мәселесі. Мұнда куәліктің шарттары талап етілмейді. Рамазанның жаңа айы үшін бір кісінің сөзі жеткілікті болса, шәууалдың жаңа айы үшін де солай”, – деп пайымдаған». Бұған мынадай жауап берілген: «Бұл жай хабар болса, “Пәленше маған жаңа айды көргенін айтты”, – деуге болар еді. Жаңа айдың көрінгенін басқа адамның сөзімен бұлай растауға болмайды. Оны көрген кісі “Рамазанның жаңа айын өзім көргеніме куәлік етемін”, – деуі керек. Бір топ ғалымның пікірінше, бір әділ адамның осындай куәлігі жеткілікті. Олар Ибн Омардың № 3120 риуаятына да сүйенеді».
Жаңа айдың көрінгенін бір куәгердің сөзімен бекітуге болады деген ғалымдар әйел мен ер адамның куәлігін тең санаған.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 13 (№ 2338).