1. Сүюдің оразаны бұзатын-бұзбайтыны жайлы ғалымдар түрлі пікір білдірген. Айша анамыздан жеткен № 3141 және № 3142 хадистерде Алла елшісінің ораза ұстап жүріп жұбайларын сүйгені айтылған. Екінші риуаяттағы «Ол нәпсісін бәріңнен де жақсы тізгіндей білетін» деген сөз сүюдің қатеріне назар аудартады. Әбу Һурайраның № 3144 хадисінде егде адамға рұқсат берілгені, жас адамға тыйым салынғаны айтылады. Ибн Омардың № 3145 риуаяты да бұл рұқсаттың шексіз еместігін көрсетеді.
Ғалымдар үкім шығарғанда осы ескертпелерді де ескерген. Имам Нәуәуи: «Ораза ұстаған адам жұбайын сүйгенде нәпсісі қозбаса, бұл оған харам да, мәкрүһ те болмайды. Әйтсе де сүймегені абзал», – деген. Имам Шафиғи: «Ораза ұстаған адамның жұбайын сүймегені абзал. Алла елшісінің сүйгені белгілі. Оның шектен шықпайтынына сенім кәміл, ал басқалар шектен асып кетуі мүмкін. Айша анамыз да оның нәпсісін бәрінен артық тізгіндей білгенін айтқан. Нәпсісі қозатын адамға сүю, дәйекті пікір бойынша, харам», – деген.
Қазы Иядтың айтуынша, кейбір сахабалар мен табиғиндер ораза ұстаған адамға сүюді жалпы рұқсат санаған. Ахмад, Исхақ және Дәуіт осы пікірде болған. Имам Мәлик секілді ғалымдар оны жалпы мәкрүһ санаған. Ибн Аббас, Әбу Ханифа, Сәури, Әузағи және Шафиғи жас адамға мәкрүһ, егде адамға рұқсат деген. Имам Мәликтің бір пікірі де осыған саяды. Ибн Уаһб одан «Сүю нәпіл оразада рұқсат, өзге оразада рұқсат етілмейді» деген пікірді де жеткізген.
Ғалымдар сүю салдарынан шәует бөлінбесе, ораза бұзылмайтынына бірауыздан келіскен. Олар № 3143 хадиске сүйенген. Онда су ішуге бастайтын ауыз шаю сияқты, жыныстық қатынасқа бастайтын сүюдің де өздігінен оразаны бұзбайтыны айтылған.
Хаттаби Ибн Масғуд пен Сағид ибн әл-Мусайябтың: «Ораза кезінде жұбайын сүйген адам сол күннің қазасын өтесін», – деген сөздерін жеткізген.