Хадис

Кутуб ситтә, № 3146

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
424. Ораза екенін ұмытып ішіп-жеу
Нөмірі
№ 3146 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3146
Кутуб ситтә, № 3146 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ نَسِيَ وَهُوَ صَائِمٌ فَأَكَلَ أَوْ شَرِبَ فَلْيُتِمَّ صَوْمَهُ، فَإِنَّمَا أَطْعَمَهُ اللَّهُ وَسَقَاهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің: «Кім ораза екенін ұмытып, ішіп-жеп қойса, оразасын соңына жеткізсін. Оны ішіп-жегізген – Алла»1, – дегенін жеткізген.

Түсіндірме

1. Ораза екенін ұмытып, ішіп-жеп қойған адамның үкімі жайлы ғалымдар түрлі пікір айтқан. Көпшілігі оған қаза өтеу міндетті емес деген. Имам Мәлик оразасы бұзылады, сол күннің қазасын өтеу керек деп үкім берген. Мәликилердің өз арасында да түрлі пікір бар. Кейбірі парыз бен нәпіл оразаны бөлек қарастырған. Дәууди имамның пікіріне қосылмай: «Бұл хадис Мәликке жетпеген болуы мүмкін. Немесе ол хадисті “Ішіп-жеген адамға күнә жазылмайды” деп түсінген шығар», – дейді. Ибн Дақиқ әл-Ғид Мәлик бұл үкімді қияс арқылы шығарған дейді: «Мұнда оразаның бір рүкіні бұзылған. Ораза кезінде ішіп-жеуден тыйылу бұйырылған. Қағида бойынша, ұмытып кету бұйрықтың күшіне әсер етпейді. Қаза қажет емес дегендер Әбу Һурайраның хадисіне сүйенеді. Ол хадисте оразаны соңына дейін жеткізу бұйырылған. Демек, хадис соңына дейін жеткізілген құлшылықты “ораза” деп атап тұр».

Ибн әл-Араби: «Имам Мәлик бұл үкімді өзі ұстанатын қағидадан шығарған. Оның пікірінше, ахад хабар негізгі қағидаға қайшы келсе, соған сүйеніп амал етілмейді. Бұл хадистің ұмытып ішіп-жеген адамға күнә жазылмайтынын білдіретін бөлігі амалға жарайды. Ал қаза өтелмейді деген тұжырымына сүйенуге болмайды, өйткені мұнда оразаның рүкіні бұзылады. Мысалы, намаздың бір рәкаты ұмыт қалса, намаз қайта оқылады. Рүкіні кем ғибадат жарамсыз», – деген. Ибн Хажар бұл пікірге қосылмайды: «Шариғат оразаның өзіне тән қағида белгілеген. Оразаны намазбен қиястау – бір қағидадан екіншісін шығару. Осы жолмен жүрсек, амал етуге жарайтын хадис тым аз қалады».

2. Хадистерде ораза екенін ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайтыны анық айтылған. Хасан әл-Басри мен Мүжаһид ораза екенін ұмытып жұбайымен жыныстық қатынасқа түскен адамның да оразасы бұзылмайды деген. Хасан әл-Басри: «Оның жағдайы ұмытып ішіп-жеген адамның жағдайымен бірдей», – дейді. Атадан осы жайлы сұрағанда: «Мұны тұтастай ұмыту мүмкін емес. Ол адам қазасын өтеуі керек», – деген. Әузағи, Ләйс, Мәлик және Ахмад ибн Ханбал да осы пікірде. Имам Шафиғидің де бір пікірі осындай. Олар ішіп-жеу мен жыныстық қатынастың үкімін бөлек қарастырған. Ахмад ибн Ханбалдан мәлім пікір бойынша, ұмытып жыныстық қатынасқа түскен адамға кәффарат та міндеттеледі.

Кейбір шафиғи ғалымдары ораза екенін ұмытып жыныстық қатынасқа түскен адамға қаза міндетті емес деген. Олар осы хадистің «Кім рамазан айында ұмытып оразасын бұзса...» деп жалпылай келген нұсқасына сүйенген. Онда оразаның ішіп-жеу себебінен бұзылғаны арнайы көрсетілмегендіктен, сөз оразаны бұзатын барлық іске қатысты. Кей хадисте ішіп-жеудің нақты аталуы олардың жиі кездесетінінен әрі олардан сақтанудың қиындығынан дейді.

3. Хадистен Алланың құлдарына деген мейірімі, оларға жеңілдік беріп, машақаттан арылтқаны көрінеді.

4. Ахмад ибн Ханбалдың бір риуаятында хадистің айтылу себебі баяндалған. Азат етілген Үммі Исхақ Алла елшісінің жанында отырғанда, оған бір ыдыс ас әкелінеді. Үммі Исхақ Алла елшісімен бірге ас ішіп отырып, ораза екенін есіне түсіреді. Сонда Зүл-Йәдәйн: «Қарның тойған соң есіңе түсті ме?» – дейді. Алла елшісі оған: «Оразаңды соңына жеткіз. Бұл – Алланың саған жіберген ризығы», – дейді. Ибн Хажар осы риуаятта аз жеу мен көп жеудің үкімі бөлек дейтіндерге жауап бар екенін айтады.

  1. 1Бұхари, «Саум», 26, «Әйман», 15. Мүслим, «Сиям», 171 (№ 1155). Тирмизи, «Саум», 26, (721). Әбу Дәуіт, «Саум», 39 (№ 2398).