Хадис

Оразаның уақыты

Кутуб ситтә, 7-том, 425-тарау · 2 хадис · № 3147–3148

Хадистер

3147
Кутуб ситтә, № 3147 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُفْطِرُ مِنَ الشَّهْرِ حَتَّى نَظُنَّ أَنَّهُ لَا يَصُومُ مِنْهُ، وَيَصُومُ مِنْهُ حَتَّى نَظُنَّ أَنَّهُ لَا يُفْطِرُ مِنْهُ شَيْئًا. وَكَانَ لَا تَشَاءُ أَنْ تَرَاهُ مِنَ اللَّيْلِ مُصَلِّيًا إِلَّا رَأَيْتَهُ، وَلَا تَشَاءُ أَنْ تَرَاهُ نَائِمًا إِلَّا رَأَيْتَهُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.): «Кейде Алла елшісі ай ішінде біраз күн ораза ұстамайтын, сонда біз сол айда мүлде ұстамас деп ойлайтынбыз. Кейде оразаны ұзақ жалғастыратын, сонда біз осы айдың бір күнін де оразасыз өткізбес деп ойлайтынбыз. Оны түнде намаз оқып тұрғанда көргің келсе, көрер едің. Ұйықтап жатқанын көргің келсе, оны да көрер едің»1, – деген.

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісінің нәпіл оразаны қалай ұстағаны баяндалады. Кей айда нәпіл оразаны жиі ұстағаны сонша, сахабалар ол айды түгел оразамен өткізетін шығар деп ойлаған. Ал бір айды түгел оразамен өткізу рамазанға ғана тән.

2. Хадистің екінші бөлігінен Алла елшісінің нәпіл намазды түннің белгілі бір мезгіліне, нәпіл оразаны да айдың белгілі бір күндеріне байламағаны көрінеді. Ибн Хажар: «Оның нәпіл намаз бен ораза ұстайтын уақыты өзгеріп отырған. Тәһәжжудті кейде түннің басында, кейде ортасында, кейде аяғында оқитын. Нәпіл оразаны да кейде айдың басында, кейде ортасында, кейде аяғында ұстайтын. Сондықтан оны айдың әр тұсында ораза ұстаған, түннің әр мезгілінде намаз оқыған күйде көруге болатын. Бұл оның түні бойы намаз оқығанын немесе ай бойы үзбей нәпіл ораза ұстағанын білдірмейді», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Саум», 53, «Тәһәжжуд», 11. Мүслим, «Сиям», 180 (№ 1158). Тирмизи, «Саум», 57, (769).
3148
Кутуб ситтә, № 3148 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: مَا صَامَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ شَهْرًا كَامِلًا قَطُّ غَيْرَ رَمَضَانَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі рамазаннан басқа ешбір айды түгел оразамен өткізбеген»1, – деген.

Түсіндірме

Нәсәи келтірген нұсқада Ибн Аббас (р.а.) ойын толығырақ жеткізеді: «Алла елшісі кейде оразаны ұзақ ұстайтын, біз оны мүлде ашпайтын шығар деп ойлайтынбыз. Кейде біраз күн ораза ұстамайтын, біз сол айда енді ұстамайтын шығар дейтінбіз. Мәдинаға келгеннен бері ол рамазаннан өзге бірде-бір айды түгел оразамен өткізбеген».

Екі хадистен түйетін жайттар

• Әр айда нәпіл ораза ұстау – мұстахаб.

• Нәпіл оразаны тыйым салынған күндерден басқа кез келген күні ұстауға болады.

• Алла елшісі жыл бойы үзбей ораза ұстамаған.

• Алла елшісі бір түнді басынан аяғына дейін намазбен өткізбеген. Жыл бойы ораза ұстап, әр түнін түгел құлшылықпен өткізуге күші жеткенімен, үмбеті мұны парыз санап қалмауы үшін олай істемеген. Әйтпесе, кейінгілерге орындауы ауыр сүннет қалдырар еді. Алла елшісі үмбетіне үлгі боларлық орта жолды ұстанды. Ораза да ұстады, аузы ашық күндері де болды. Түнде намаз да оқыды, тынығып та алды.

  1. 1Бұхари, «Саум», 53. Мүслим, «Саум», 178 (№ 1157). Нәсәи, «Саум», 70, (4, 199).