وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: مَا صَامَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ شَهْرًا كَامِلًا قَطُّ غَيْرَ رَمَضَانَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі рамазаннан басқа ешбір айды түгел оразамен өткізбеген»1, – деген.
Түсіндірме
Нәсәи келтірген нұсқада Ибн Аббас (р.а.) ойын толығырақ жеткізеді: «Алла елшісі кейде оразаны ұзақ ұстайтын, біз оны мүлде ашпайтын шығар деп ойлайтынбыз. Кейде біраз күн ораза ұстамайтын, біз сол айда енді ұстамайтын шығар дейтінбіз. Мәдинаға келгеннен бері ол рамазаннан өзге бірде-бір айды түгел оразамен өткізбеген».
Екі хадистен түйетін жайттар
• Әр айда нәпіл ораза ұстау – мұстахаб.
• Нәпіл оразаны тыйым салынған күндерден басқа кез келген күні ұстауға болады.
• Алла елшісі жыл бойы үзбей ораза ұстамаған.
• Алла елшісі бір түнді басынан аяғына дейін намазбен өткізбеген. Жыл бойы ораза ұстап, әр түнін түгел құлшылықпен өткізуге күші жеткенімен, үмбеті мұны парыз санап қалмауы үшін олай істемеген. Әйтпесе, кейінгілерге орындауы ауыр сүннет қалдырар еді. Алла елшісі үмбетіне үлгі боларлық орта жолды ұстанды. Ораза да ұстады, аузы ашық күндері де болды. Түнде намаз да оқыды, тынығып та алды.
- 1Бұхари, «Саум», 53. Мүслим, «Саум», 178 (№ 1157). Нәсәи, «Саум», 70, (4, 199).