وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ قَالَ: «أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ السَّعْدَيْنِ يَوْمَ خَيْبَرَ أَنْ يَبِيعَا آنِيَةً مِنَ الْمَغْنَمِ مِنْ ذَهَبٍ أَوْ فِضَّةٍ، فَبَاعَا كُلَّ ثَلَاثَةٍ بِأَرْبَعَةٍ أَوْ كُلَّ أَرْبَعَةٍ بِثَلَاثَةٍ عَيْنًا، فَقَالَ لَهُمَا: أَرْبَيْتُمَا فَرُدَّا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Хайбар күні Алла елшісі (с.а.с.) екі Сағдқа, яғни Сағд ибн Әбу Уаққас пен Сағд ибн Убадаға, олжадан түскен алтын не күміс ыдысты сатуды тапсырды. Екеуі әр үш өлшемді төрт өлшемге немесе әр төрт өлшемді үш өлшемге қолма-қол айырбастады. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: «Риба жасадыңдар. Алғандарыңды қайтарыңдар», – деді1.
Түсіндірме
Шархта айтылғандай, Хайбар алынған кезде Алла елшісі (с.а.с.) олжаны қадағалауды осы екі Сағдқа тапсырған. Оның бұйрығымен екеуі ыдысты өзі жасалған металдан соғылған ақшаға сатқан. Ыдыс алтын болса, алтын ақшаға, күміс болса, күміс ақшаға айырбастаған. Біртекті металл айырбасталған соң, екі жақтың салмағы тең болуы керек еді. Ал бұл саудада бір жағы артық шыққан. Рауи ыдыстың салмағынан артық па, кем бе, қаншаға сатылғанын дәл есінде сақтамаған. Бірақ екі жайтты анық жеткізген.
а) Ыдыс өзімен біртекті металға сатылған және екі жақтың салмағы тең болмаған.
ә) Алла елшісі (с.а.с.) бұл айырбасты риба деп, сауданы бұзуды бұйырған.
Шарх бұл сауданың риба саналуын салмақтың тең болмауымен түсіндіреді. Рибаға жататын зат өзімен біртекті затқа айырбасталса, екі жақтың мөлшері тең болуы шарт.
Рибаға жататын тауарлар №334 хадисте аталған.
- 1Мәлик, «Муатта», «Сауда», 2/632 (№1319).