Хадис

Кутуб ситтә, № 3207

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
437. Оразаны ашуға рұқсат берілетін жағдайлар
Нөмірі
№ 3207 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
3207
Кутуб ситтә, № 3207 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَأَلَ حَمْزَةُ بْنُ عَمْرٍو الْأَسْلَمِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الصَّوْمِ فِي السَّفَرِ، وَكَانَ كَثِيرَ الصِّيَامِ، فَقَالَ: إِنْ شِئْتَ فَصُمْ، وَإِنْ شِئْتَ فَأَفْطِرْ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Жиі ораза ұстайтын Хамза ибн Амр әл-Әсләми (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.) сапарда ораза ұстау туралы сұрады. Алла Елшісі “Қаласаң, ұста, қаламасаң, ұстама”, – деді».1

Түсіндірме

Екі хадис те сапардағы ораза жайлы. Біріншісінде Алла Елшісі (с.а.с.) оразадан қалжыраған адамның жағдайын көріп, оған ауыз ашуды бұйырды. Екіншісінде сапардағы оразаның жалпы үкімін сұраған адамға қалауына қарай ұстауға да, ұстамауға да рұқсат берді.

Алғашқы буын ғалымдары арасында бұл мәселе талас тудырған. Кейбірі сапарда ұсталған ораза парыздың орнына жүрмейді, қазасын өтеу міндет деген. Олар «Ал кім осы айда науқас болса немесе сапарға шықса, ораза ұстамаған күндерін басқа уақытта өтесін» («Бақара» сүресі, 185-аят) деген аяттың сыртқы мағынасына және لَيْسَ مِنَ الْبِرِّ الصِّيَامُ فِي السَّفَرِ «Сапарда ораза ұстау ізгілікке жатпайды» деген хадиске сүйенген.

Олардың уәжі бойынша, ізгілікке жатпайтын ораза жарамды амалға саналмайды. Сондықтан сапарда ұсталған оразамен парыз өтелмей, қазасын өтеу қажет. Заһирилердің бір тобы осы көзқараста болған.

Бұл мәселе жөніндегі ғалымдардың пікірлері №3204 хадистің түсіндірмесінде берілді.

  1. 1Бұхари, «Саум», 33. Мүслим, «Сиям», №1121. Мәлик, «Муатта», «Сиям», 24 (1/295). Тирмизи, «Саум», №711. Әбу Дәуіт, «Саум», №2402. Нәсәи, «Саум», 56 (4/185).