وَعَنْ عُبَيْدِ بْنِ جَبْرٍ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ أَبِي بَصْرَةَ الْغِفَارِيِّ صَاحِبِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي سَفِينَةٍ مِنَ الْفُسْطَاطِ فِي رَمَضَانَ، فَدَفَعَ فَقُرِّبَ غَدَاؤُهُ، فَقَالَ: اقْتَرِبْ. قُلْتُ: أَلَسْتَ تَرَى الْبُيُوتَ؟ قَالَ: أَتَرْغَبُ عَنْ سُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟ فَأَكَلَ وَأَكَلْتُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ұбайд ибн Жәбр былай дейді: «Рамазан айында Алла Елшісінің (с.а.с.) сахабасы Әбу Басра әл-Ғифаримен (р.а.) бірге Фустаттан кемемен жолға шықтым (бағытымыз Александрия еді). Кеме қозғалған соң, оған таңғы ас әкелінді. (Ол елді мекеннен ұзап шықпай жатып ас алдырған еді.) Әбу Басра “Жақында”, – деді. Мен “Үйлер әлі көрініп тұр ғой”, – дедім. Ол “Алла Елшісінің сүннетінен бет бұрасың ба?” – деді. Содан кейін ол да, мен де тамақтандық».1
Түсіндірме
Бұл хадис жолға шыққан оразалы кісінің қаладан толық ұзамай тұрып ауыз ашуына дәлел ретінде келтіріледі. Әбу Дәуіт нұсқасындағы осы мәселеге қатысты қосымша сөздер жақшаға алынды. Риуаяттан кейбір сахабалардың сапар басталғанда елді мекеннен ұзап шықпай-ақ ауыз ашуды сүннет санағаны аңғарылады.
Хаттаби бұл хадисті оразалы тұрғылықты адам жолға шыққан күні ауыз аша алады деген пікірге дәлел еткен. Шағби мен Ахмад ибн Ханбал осы пікірде болған. Хасан Басри сапарға шықпақ күні қаласа, үйінде-ақ ауыз ашуына рұқсат берген. Исхақ ибн Рахауия көлігіне мінгеннен кейін ашуға болады деген. Әбу Ханифа мен шәкірттері, Мәлик, Әузағи және Шәфиғи жолға шыққан күні оразаны жалғастыруды жөн көрген. Нахаи, Мәкхул мен Зуһриден де осыған ұқсас пікір жеткен.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2412.