Хадис

№ 3232–3246 хадистер

Кутуб ситтә, 8-том, 440-тарау · 15 хадис · № 3232–3246

Хадистер

3232
Кутуб ситтә, № 3232 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَى النَّبِيُّ ﷺ عَلَى امْرَأَةٍ تَبْكِي عَلَى صَبِيٍّ لَهَا، فَقَالَ: اتَّقِي اللَّهَ وَاصْبِرِي. فَقَالَتْ: وَمَا تُبَالِي بِمُصِيبَتِي؟ فَلَمَّا ذَهَبَ قِيلَ لَهَا: إِنَّهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَأَخَذَهَا مِثْلُ الْمَوْتِ، فَأَتَتْ بَابَهُ فَلَمْ تَجِدْ عَلَى بَابِهِ بَوَّابِينَ، فَأَتَتْهُ فَقَالَتْ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَمْ أَعْرِفْكَ. فَقَالَ: إِنَّمَا الصَّبْرُ عِنْدَ الصَّدْمَةِ الْأُولَى». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізеді: «Пайғамбар (с.а.с.) қабір басында баласын жоқтап жылап отырған әйелдің қасына келіп, “Алладан қорық, сабыр ет”, – деді. Әйел: “Менің қайғымды қайдан білесіз?” – деп жауап берді. Пайғамбар (с.а.с.) кеткен соң, жұрт оның Алла Елшісі екенін айтты. Әйел мұны естігенде есеңгіреп қалды. Пайғамбардың (с.а.с.) үйіне келсе, есік алдында күзетші жоқ екен. Ішке кіріп: “Уа, Алла Елшісі, сізді танымай қалыппын”, – деді. Сонда ол: “Сабыр қайғының алғашқы соққысында танылады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұхаридегі басқа нұсқада әйел Алла Елшісіне (с.а.с.): «Менен аулақ жүріңіз. Менің басыма түскен сіздің басыңызға түскен жоқ», – дейді. Тағы бір нұсқада осы жауап «Менің басымдағы қайғы сіздің басыңызда жоқ» деп берілген.

2. Хадистен Алла Елшісінің (с.а.с.) есігінің алдында күзетші тұрмағанын көреміз. Әйелдің оны бірден танымауы да түсінікті. Ол кісі нөкер ертіп, сән-салтанатпен жүрмей, қарапайым қалпын сақтаған.

Тиби бұл оқиғаны былай түсіндіреді. Жұрт «Бұл кісі Пайғамбар (с.а.с.) еді» дегенде, әйел есін жиып, қобалжи бастайды. Жол бойы қарапайым жұрттың нөкер қоршаған патшалар мен басшыларға жолығуы қаншалық қиын екенін ойлайды. Алла Елшісіне жеткенде, оның өзін кішіпейілдікпен қабылдағанына таң қалады.

3. «Сабыр қайғының алғашқы соққысында танылады» деген сөз ауыртпалық алғаш түскенде мойымай, өзін ұстай білген адамның сабырына берілетін сыйды меңзейді. Құранда сабыр еткендердің сыйы есепсіз екені айтылған.

Хаттаби шариғат дәріптеген сабыр ауыртпалық әуелде түскенде танылады деп түсіндіреді. Уақыт өте қайғының беті қайтады. Өзге ғалымдардың түсіндіруінше, пенде еркінен тыс тап болған қиындықтың өзіне бола сауап алмайды. Ол сауапқа сол қиындыққа төтеп берген сабырымен жетеді.

Ибн Батталдың айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) қайғыға душар болған әйелдің сауаптан да құр қалуын қаламай, оны сабырға шақырған.

Тиби Пайғамбардың (с.а.с.) жауабын әйелдің «Сізді танымай қалыппын» деген сөзіне берілген хикметті жауап деп түсіндіреді. Оның пайымынша, әйел енді өзіне айтылған ескертуге көңіл бөліп, қайғы үстінде нәпсісін тізгіндеуі керек еді.

Зейн ибн әл-Мунирдің түсіндіруінше, әйел әдепсіз сөйлегені үшін кешірім сұрай келгенде, Пайғамбар (с.а.с.) оның назарын қайғының алғашқы соққысында сабыр сақтаудың маңызына аударған. Алла Тағала сабыр еткендерге уәде еткен сый дәл осындай сын сәтінде танытқан сабыр үшін беріледі.

4. Хадистен алынған өнегелер

• Алла Елшісі (с.а.с.) кішіпейіл болған. Дөрекі не жөн білмей сөйлеген адамға да байсалды жауап берген.

• Қайғыға душар болған адамға түсіністікпен қараған.

• Кешірім сұраған адамды кешірген.

• Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйюды назардан тыс қалдырмаған.

• Қазылардың есігі халыққа ашық болуы, жұртпен байланысы үзілмеуі керек.

• Адам ізгілікке шақырған сөзге, оны кім айтқанына қарамастан, құлақ асуы керек.

• Қайғыға бой алдырып, үміт үзуге болмайды. Пайғамбар (с.а.с.) басындағы қайғысын көтере алмай отырған әйелді тақуалық пен сабырға шақырған.

• Адамға ауыр тисе де, оны ізгі амалға шақыру қажет.

• Кісі сөзі мен ниеті қабыспаса, үкім шығарғанда жағдайы ескеріледі. Сөз жаңылысып не мәжбүрлікпен айтылса, ниеті негізге алынады.

• Қабірді зиярат ету ерлерге де, әйелдерге де рұқсат.

• Кейбір ғалымдар мұсылман емес адамның қабірін зиярат етуге болмайды десе, көпшілік ғалым мұсылманның да, мұсылман еместің де қабірін зиярат етуге болады деген.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 7, 32, 43-тараулар, «Ахкам», 11-тарау; Мүслим, «Жанаиз», №926; Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 27-тарау, №3124; Тирмизи, «Жанаиз», 13-тарау, №987; Нәсәи, «Жанаиз», 22-тарау (4/22).
3233
Кутуб ситтә, № 3233 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ تُصِيبُهُ مُصِيبَةٌ فَيَقُولُ مَا أَمَرَهُ اللَّهُ: إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ، اللَّهُمَّ أْجُرْنِي فِي مُصِيبَتِي، وَأَخْلِفْ لِي خَيْرًا مِنْهَا، إِلَّا أَخْلَفَ اللَّهُ لَهُ خَيْرًا مِنْهَا». قَالَتْ: فَلَمَّا مَاتَ أَبُو سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قُلْتُ: أَيُّ الْمُسْلِمِينَ خَيْرٌ مِنْ أَبِي سَلَمَةَ؟ أَوَّلُ بَيْتٍ هَاجَرَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. ثُمَّ إِنِّي قُلْتُهَا فَأَخْلَفَ اللَّهُ تَعَالَى لِي رَسُولَ اللَّهِ ﷺ. قَالَتْ: فَأَرْسَلَ إِلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حَاطِبَ بْنَ أَبِي بَلْتَعَةَ يَخْطُبُنِي لَهُ، فَقُلْتُ: إِنَّ لِي بِنْتًا وَأَنَا غَيُورٌ. فَقَالَ ﷺ: «أَمَّا ابْنَتُهَا فَنَدْعُو اللَّهَ أَنْ يُغْنِيَهَا عَنْهَا، وَأَدْعُو اللَّهَ تَعَالَى أَنْ يُذْهِبَ بِالْغَيْرَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Басына қайғы түскен мұсылман Алланың бұйырғанындай ‘Инна лиллаһи уә инна иләйһи ражиғун. Аллаһумма әжурни фи мусибати уә ахлиф ли хайран минһа’, яғни ‘Біз Аллаға тиесіліміз әрі Оған қайтамыз. Уа, Алла, осы қайғым үшін маған сауап бер, орнына бұдан қайырлысын нәсіп ет’ десе, Алла оған міндетті түрде одан қайырлысын нәсіп етеді”».

Үммі Сәләма сөзін былай жалғастырды: «Әбу Сәләма (р.а.) дүние салғанда, ішімнен “Әбу Сәләмадан қайырлы мұсылман бар ма? Алла Елшісіне (с.а.с.) алғаш қоныс аударған шаңырақ солардікі еді ғой”, – дедім. Содан соң әлгі дұғаны айттым. Алла маған оның орнына Алла Елшісін (с.а.с.) нәсіп етті. Ол маған үйлену ниетін жеткізу үшін Хатиб ибн Әбу Бәлтағаны жіберді. Мен: “Қызым бар әрі қызғаншақпын”, – дедім. Алла Елшісі (с.а.с.): “Қызына келсек, оның қамын Алла Өзі өтесін деп дұға етеміз. Қызғанышын сейілтуін де Алладан тілеймін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Үммі Сәләма (р.а.) – Алла Елшісінің (с.а.с.) пәк жұбайларының бірі. Өз аты – Һинд, әкесі – Әбу Умәйя ибн әл-Мұғира. Алла Елшісіне (с.а.с.) тұрмысқа шықпай тұрып Әбу Сәләма ибн Абдуләсадпен отасқан. Одан Сәләма, Омар, Дурра және Зейнеп атты балалары болған.

Үммі Сәләма (р.а.) әуелі Эфиопияға һижрет еткен алғашқы мұсылмандардың қатарында болды, кейін Мәдинаға қоныс аударды. Алла Елшісімен (с.а.с.) һижраның төртінші, кей деректе үшінші жылы некелескен. Ерлі-зайыптылар Исламды алғаш қабылдағандардың қатарында болып, сенімі үшін көп қиындық көрді. Мәдинаға көшерде туыстары Үммі Сәләманы күйеуімен бірге жібермеген. Сөйтіп, ол бір жылдай күйеуінен де, баласынан да жырақта қалып, көп жылады. Ақыры туыстары оған Мәдинаға баруға рұқсат етті. Алла Елшісі (с.а.с.) оған үйлену арқылы Ислам жолында көрген қиындығын өтеуді көздеген де болуы мүмкін. Үммі Сәләманың парасатын оның орынды кеңестерінен көруге болады. Мысалы, Хұдайбия келісімі бойынша мұсылмандар сол жылы ұмра жасамай кері қайтуға тиіс еді. Бұған көңілі толмаған кей сахабалар Пайғамбардың (с.а.с.) құрбандық шалып, шаштарын қысқартып, ихрамнан шығу туралы бұйрығын орындауға асықпады. Сонда Үммі Сәләма: «Уа, Алла Елшісі! Құрбандықты әуелі өзіңіз шалыңыз. Сонда олар да соны істейді», – деп кеңес берді. Алла Елшісі (с.а.с.) солай істегенде, сахабалар да оған ерді. Бұл оқиға Үммі Сәләманың байыпты әрі көреген кісі болғанын көрсетеді.

Кей деректе Үммі Сәләма анамыз һижраның елу тоғызыншы жылы қайтыс болғаны айтылады. Дүние салған жылы жөнінде өзге деректер де бар. Ол – Алла Елшісінің (с.а.с.) жұбайларының арасында ең соңғы қайтыс болғаны.

2. Бұл хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) басына қайғы түскен кісіге «Инна лиллаһи уә инна иләйһи ражиғун» деп, жоғарыдағы дұғаны айтуға кеңес берген.

3. Кейбір нұсқада Әбу Сәләманың дүние саларда осы дұғаны оқығаны айтылады. Үммі Сәләманың «Әбу Сәләмадан қайырлы мұсылман бар ма?» деген сөзі күйеуінің өзіне қаншалық қадірлі болғанын аңғартады. Әбу Сәләма Алла Елшісінің (с.а.с.) емшектес бауыры әрі әкесінің қарындасынан туған жиені еді.

Мүслімнің басқа нұсқасында Үммі Сәләма (р.а.): «Әбу Сәләма қайтыс болғанда Алла Елшісі (с.а.с.) үйреткен сөзді айттым. Алла кейін оның орнына одан қайырлысын – Алла Елшісін (с.а.с.) нәсіп етті», – деген.

4. Араб тіліндегі «мусибат» сөзі хадистерде мүмінге ауыр тиетін кез келген оқиғаны білдіреді. Басқа қайғы түскенде إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ «Біз Аллаға тиесіліміз әрі Оған қайтамыз» деу Құранда бұйырылған («Бақара», 156-аят). Мұны «истиржа» дейді. Бұл сөз тағдырға мойынсұнуды, жан да, мал-мүлік те Аллаға тиесілі екенін мойындауды білдіреді.

Алла Елшісінің (с.а.с.) үлкенді-кішілі қиындықта истиржа айтуды ұсынғаны жайлы хабарлар бар. Бір риуаятта ол кісі шам сөніп қалғанда да истиржа айтқан. Айша (р.а.) «Бұл небәрі шам ғой» дегенде, ол: «Мүмінге ауыр тигеннің бәрі – мусибат», – деп түсіндірген.

Нәуәуи былай деген: «Бұл хадис уәжіп емес, құпталатын амалдың да бұйрық түрінде айтылуы мүмкін екеніне дәлел. Таңдаулы пікір де осы. Өйткені мұнда истиржа айту бұйырылған».

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 3-тарау, №918; Муатта, «Жанаиз», №42 (1/236); Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 22-тарау, №3119; Тирмизи, «Дағауат», 88-тарау, №3506.
3234
Кутуб ситтә, № 3234 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَبِي سِنَانٍ قَالَ: «دَفَنْتُ ابْنِي سِنَانًا، وَأَبُو طَلْحَةَ الْخَوْلَانِيُّ جَالِسٌ عَلَى شَفِيرِ الْقَبْرِ. فَلَمَّا أَرَدْتُ الْخُرُوجَ أَخَذَ بِيَدِي فَقَالَ: أَلَا أُبَشِّرُكَ يَا أَبَا سِنَانٍ؟ قُلْتُ: بَلَى. قَالَ: حَدَّثَنِي الضَّحَّاكُ بْنُ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَرْزَبٍ، عَنْ أَبِي مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا مَاتَ وَلَدُ الْعَبْدِ قَالَ اللَّهُ لِمَلَائِكَتِهِ: قَبَضْتُمْ وَلَدَ عَبْدِي؟ فَيَقُولُونَ: نَعَمْ. فَيَقُولُ: قَبَضْتُمْ ثَمَرَةَ فُؤَادِهِ؟ فَيَقُولُونَ: نَعَمْ. فَيَقُولُ: مَاذَا قَالَ عَبْدِي؟ فَيَقُولُونَ: حَمِدَكَ وَاسْتَرْجَعَ. فَيَقُولُ: ابْنُوا لِعَبْدِي بَيْتًا فِي الْجَنَّةِ وَسَمُّوهُ بَيْتَ الْحَمْدِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Синан былай дейді: «Ұлым Синанды жерлеп жатқанымда, қабірдің шетінде Әбу Талха әл-Хаулани отырды. Кеткелі тұрғанымда, ол қолымнан ұстап: “Уа, Әбу Синан, саған бір сүйінші хабар айтайын ба?” – деп сұрады. Мен: “Айтыңыз”, – дедім».

Әбу Талха әд-Даххак ибн Абдуррахман ибн Арзаб арқылы Әбу Мұса әл-Ашғариден (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізді: «Пенденің баласы дүние салғанда, Алла періштелерден: “Құлымның баласының жанын алдыңдар ма?” – деп сұрайды. Олар: “Иә”, – дейді. “Жүрегінің жемісін алдыңдар ма?” – деп сұрайды. Олар тағы да: “Иә”, – дейді. Алла: “Құлым не деді?” – дейді. Періштелер: “Саған мадақ айтып, истиржа жасады”, – деп жауап береді. Сонда Алла: “Құлыма жұмақтан бір үй салып, оны ‘Мадақ үйі’ деп атаңдар”, – дейді».1

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 36-тарау, №1021.
3235
Кутуб ситтә, № 3235 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: مَنْ أَذْهَبْتُ حَبِيبَتَيْهِ فَصَبَرَ وَاحْتَسَبَ لَمْ أَرْضَ لَهُ ثَوَابًا دُونَ الْجَنَّةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. قُلْتُ: وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ أَيْضًا، وَلَفْظُهُ: عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ النَّبِيَّ ﷺ يَقُولُ: إِنَّ اللَّهَ قَالَ: إِذَا ابْتَلَيْتُ عَبْدِي بِحَبِيبَتَيْهِ فَصَبَرَ عَوَّضْتُهُ مِنْهُمَا الْجَنَّةَ». يُرِيدُ عَيْنَيْهِ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) Алланың мына сөзін жеткізген: «Кімді екі сүйіктісінен айырсам, ол сабыр етіп, сауабын Менен күтсе, оған жұмақтан кем сый беруге разы болмаймын».1

Бұхари де бұл хадисті келтірген. Оның нұсқасында Әнәс (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Алла Тағала: ‘Құлымды екі сүйіктісімен сынағанымда сабыр етсе, екеуінің өтеуіне жұмақ беремін’, – деді”».2

Түсіндірме

1. Бұл хадисте қымбат нәрсесінен айырылған адамның сабыры мен оған берілетін зор сауап айтылады. «Екі сүйіктісі» – адамның екі көзі. Олар ең қымбат мүшелердің қатарына жатады. Көзінен айырылған адам көргісі келгенін көре алмайды, бойын аулақ салғысы келген қауіптен сақтануы да қиындайды.

2. Тирмизи нұсқасында وَاحْتَسَبَ «сауабын Алладан күтсе» деген қосымша бар. Ғалымдар мұны сабырдың ақыреттік пайдасы ниетке байланысты деп түсіндірген. Адам сабыр еткенде Алладан сауап үміт етуі керек. Дүниедегі сынақ Алланың ашуының белгісі бола бермейді. Алла сүйген құлын жамандықтан арылту, күнәларын кешіру немесе дәрежесін көтеру үшін де сынайды. Құл осыған разы болса, Алланың жарылқауына бөленеді. Салман жеткізген бір риуаятта: «Мүмін ауырса, Алла оның ауруын күнәсіне өтеу әрі жарылқауға себеп етеді. Ал күнәһар ауырса, иесі не үшін байлап, не үшін босатқанын білмейтін түйеге ұқсайды», – делінген.

  1. 1Тирмизи, «Зүһд», №2401. Тирмизи оны «хасан сахих» деп бағалаған.
  2. 2«Екі сүйіктісі» деп адамның екі көзі меңзелген. Анығын Алла біледі. Бұхари, «Марда», 7-тарау, №5653.
3236
Кутуб ситтә, № 3236 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ لَا يَرْضَى لِعَبْدِهِ الْمُؤْمِنِ إِذَا ذَهَبَ بِصَفِيِّهِ مِنْ أَهْلِ الْأَرْضِ فَصَبَرَ وَاحْتَسَبَ وَقَالَ مَا أُمِرَ بِهِ بِثَوَابٍ دُونَ الْجَنَّةِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла мүмін құлының жер бетіндегі ең жақын адамын алғанда, ол сабыр етіп, сауабын Алладан күтсе және айту бұйырылған сөзді айтса, Алла оған жұмақтан кем сый беруге разы болмайды», – деген.1

Түсіндірме

1. Хадисте ең жақын адамынан айырылған мүміннің сабырына берілетін сый сөз болады. Жақын адам ретінде ұл не қыз атап көрсетілмей, «жер бетіндегі ең жақын адамы» делінген. Сондықтан бұл сөз баласы жоқ адамның да өз баласындай көрген жақынын қамтиды. Мүмін осындай адамынан айырылып, Алладан сауап күтіп сабыр етсе, сабыры елеусіз қалмайды. Құдси хадисте «Құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен оған солай қараймын» делінген.

  1. 1Нәсәи, «Жанаиз», 23-тарау, №1871 (4/23).
3237
Кутуб ситтә, № 3237 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَطَاءِ بْنِ أَبِي رَبَاحٍ قَالَ: «قَالَ لِي ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَلَا أُرِيكَ امْرَأَةً مِنْ أَهْلِ الْجَنَّةِ؟ قُلْتُ: بَلَى. قَالَ: هَذِهِ الْمَرْأَةُ السَّوْدَاءُ أَتَتِ النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَتْ: إِنِّي أُصْرَعُ وَإِنِّي أَتَكَشَّفُ فَادْعُ اللَّهَ لِي. قَالَ: إِنْ شِئْتِ صَبَرْتِ وَلَكِ الْجَنَّةُ، وَإِنْ شِئْتِ دَعَوْتُ اللَّهَ تَعَالَى أَنْ يُعَافِيَكِ. قَالَتْ: أَصْبِرُ. فَقَالَتْ: إِنِّي أَتَكَشَّفُ فَادْعُ اللَّهَ لِي أَنْ لَا أَتَكَشَّفَ. فَدَعَا لَهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ата ибн Әбу Рабах (Алла оған рақым етсін) былай дейді: «Ибн Аббас (р.а.) менен “Саған жұмақ тұрғындарының бірін көрсетейін бе?” – деп сұрады. Мен: “Көрсетіңіз”, – дедім. Сонда ол: “Ана қара нәсілді әйелді көрдің бе? Ол бірде Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: ‘Талмам ұстағанда, киімім ашылып қалады. Мен үшін Аллаға дұға етіңізші’, – деді. Пайғамбар (с.а.с.): ‘Қаласаң, сабыр ет, сонда жұмақ сенікі. Қаласаң, шипа беруін Алладан тілеймін’, – деді. Әйел: ‘Сабыр етемін. Бірақ талмам ұстағанда киімім ашылып қалады. Киімім ашылмауы үшін Аллаға дұға етсеңіз’, – деді. Пайғамбар (с.а.с.) ол үшін дұға етті”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис талма сияқты ауруға сабыр еткен адамға жұмақ секілді ұлы сыйдың уәде етілгенін көрсетеді.

2. Адам шамасы жететініне сенсе, жеңілдікке жүгінбей, бастапқы талапты орындағаны абзал. Оған төтеп бере алмайтын кісіге берілген жеңілдікті пайдаланған жөн.

3. Ибн Хажар науқас үшін дұға етіп, Аллаға жалбарынуды денеге зақым келтіретін емнен жоғары қойған. Оның пайымынша, дұғаның ықпалы екі шартқа байланысты. Науқас сауығуды шын ықыласымен тілеуі, ал оған дұға еткен кісі тақуалық танытып, Аллаға тәуекел етуі керек.

4. Бұл хадистен емді өз еркімен қабылдамауға рұқсат барын да аңғарған. Бұхаридің нұсқасында Ата Үммі Зуфарды, әлгі бойшаң қара нәсілді әйелді, Қағбаның пердесі жанынан көргені айтылады. Осы сөзді түсіндіретін хабарлардың бірін Таус жеткізген. Оның айтуынша, сол дәуірде жынның әсеріне ұшырады деп есептелген кейбір науқастарды Алла Елшісіне (с.а.с.) әкеліп, кеудесінен ұрып емдеуге тырысқан. Үммі Зуфардың да солай емделмек болғаны, бірақ жазылмағаны айтылады. Бір нұсқада Алла Елшісі (с.а.с.) ол туралы жақсы сөз айтып: «Дүниеде бұл ауруынан айықпаса, ақыретте оған жақсылық бар», – деген. Кей деректерде әйелдің есімі Суайра, Суқай немесе Суқайра делінеді. Ибн Сағдтың жазуынша, ол Хадишаның (р.а.) шашын қиятын құрбыларының бірі еді. Кейін де Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп тұрған.

  1. 1Бұхари, «Марда», 6-тарау, №5652; Мүслим, «Бирр», 54-тарау, №2576.
3238
Кутуб ситтә, № 3238 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ عَطَاءِ بْنِ يَسَارٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا مَرِضَ الْعَبْدُ بَعَثَ اللَّهُ تَعَالَى إِلَيْهِ مَلَكَيْنِ فَقَالَ: انْظُرَا مَاذَا يَقُولُ لِعُوَّادِهِ. فَإِنْ هُوَ إِذَا جَاءُوهُ حَمِدَ اللَّهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ رَفَعَا ذَلِكَ إِلَى اللَّهِ وَهُوَ أَعْلَمُ، فَيَقُولُ: لِعَبْدِي عَلَيَّ إِنْ تَوَفَّيْتُهُ أَنْ أُدْخِلَهُ الْجَنَّةَ، وَإِنْ أَنَا شَفَيْتُهُ أَنْ أُبْدِلَ لَهُ لَحْمًا خَيْرًا مِنْ لَحْمِهِ، وَدَمًا خَيْرًا مِنْ دَمِهِ، وَأَنْ أُكَفِّرَ عَنْهُ سَيِّئَاتِهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардың (Алла оған рақым етсін) жеткізуінше, Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Пенде ауырса, Алла Тағала оған екі періште жіберіп, “Көңілін сұрай келгендерге не айтатынын байқаңдар”, – дейді. Егер олар келгенде, пенде Аллаға мадақ айтып, Оны дәріптесе, періштелер мұны Аллаға жеткізеді. Алла оны бәрінен жақсы біледі. Сонда Алла: “Құлымның жанын алсам, оны жұмаққа кіргіземін. Шипа берсем, етін бұрынғысынан жақсы етке, қанын бұрынғысынан жақсы қанға алмастырып, күнәларын кешіремін. Бұл – оған берген уәдем”, – дейді».1

Түсіндірме

Бұл хадис сырқатқа сабыр етіп, Аллаға мадақ айтқан мүмінге мол сауап уәде етілгенін білдіреді. Басқа бір риуаятта былай делінген:

إِذَا مَرِضَ الْعَبْدُ خَرَجَ مِنْ ذُنُوبِهِ كَيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ

«Пенде ауырса, күнәларынан арылып, анасынан туған күніндегідей күнәсіз күйге келеді».

Ол риуаятта сабыр ету шарты бөлек айтылмайды.

Кейбір ғалымдар екі риуаяттың арасында қайшылық жоқ деп түсіндірген. Алғашқысында ерекше сый сабыр етіп, Алланы мадақтаған адамға уәде етіледі. Кейінгісінде аурудың күнәні кешіруге себеп болатыны жалпы түрде айтылады.

  1. 1Муатта, «Айн», №5 (2/940).
3239
Кутуб ситтә, № 3239 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Хаббаб ибн әл-Әрат (р.а.)

وَعَنْ خَبَّابِ بْنِ الْأَرَتِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «شَكَوْنَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَهُوَ مُتَوَسِّدٌ بُرْدَةً فِي ظِلِّ الْكَعْبَةِ. فَقُلْنَا: أَلَا تَسْتَنْصِرُ لَنَا؟ أَلَا تَدْعُو لَنَا؟ فَقَالَ: قَدْ كَانَ مِنْ قَبْلِكُمْ يُؤْخَذُ الرَّجُلُ فَيُحْفَرُ لَهُ فِي الْأَرْضِ فَيُجْعَلُ فِيهَا، ثُمَّ يُؤْتَى بِالْمِنْشَارِ فَيُوضَعُ عَلَى رَأْسِهِ فَيُجْعَلُ نِصْفَيْنِ، وَيُمْشَّطُ بِأَمْشَاطِ الْحَدِيدِ مَا دُونَ لَحْمِهِ مِنْ عَظْمٍ أَوْ عَصَبٍ، مَا يَصُدُّهُ ذَلِكَ عَنْ دِينِهِ. وَاللَّهِ لَيُتِمَّنَّ اللَّهُ تَعَالَى هَذَا الْأَمْرَ حَتَّى يَسِيرَ الرَّاكِبُ مِنْ صَنْعَاءَ إِلَى حَضْرَمَوْتَ، لَا يَخَافُ إِلَّا اللَّهَ أَوِ الذِّئْبَ عَلَى غَنَمِهِ، وَلَكِنَّكُمْ تَسْتَعْجِلُونَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хаббаб ибн әл-Әрат (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.) Қағбаның көлеңкесінде жамылғысын жастанып жатқанда, оған көрген қорлығымызды айтып: “Біз үшін Алладан көмек сұрамайсыз ба? Бізге дұға етпейсіз бе?” – дедік. Ол: “Сендерден бұрынғы заманда кісіні ұстап алып, қазылған шұңқырға салатын. Басынан бастап аралап, денесін екіге бөлетін. Кейбірінің денесін темір тарақпен сүйегі мен сіңіріне дейін тарайтын. Соның өзі оларды дінінен тайдыра алмады. Алланың атымен ант етемін, Алла бұл істі аяқтайды. Сонда салт атты жолаушы Санғадан Хадрамаутқа дейін Алладан ғана қорқып, қойына қасқыр шаба ма деп қана қауіптеніп барады. Ал сендер асығып отырсыңдар”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Мәнәқибул-ансар», 29-тарау, «Мәнәқиб», 25-тарау, №3612, «Икраһ», 1-тарау; Әбу Дәуіт, «Жиһад», 107-тарау, №2649; Нәсәи, «Зинат», 98-тарау (8/204).
3240
Кутуб ситтә, № 3240 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Усама ибн Зәйд (р.а.)

وَعَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَرْسَلَتْ بِنْتُ النَّبِيِّ ﷺ إِلَيْهِ: إِنَّ ابْنًا لِي احْتُضِرَ فَاشْهَدْهُ. فَأَرْسَلَ يَقْرَأُ السَّلَامَ وَيَقُولُ: إِنَّ لِلَّهِ مَا أَخَذَ، وَلِلَّهِ مَا أَعْطَى، وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِأَجَلٍ مُسَمًّى، فَلْتَصْبِرْ وَلْتَحْتَسِبْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Зәйд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) қызы әкесіне кісі жіберіп: “Ұлым ажал аузында жатыр, қасында болсаңыз”, – деп өтінді. Алла Елшісі (с.а.с.) сәлем жолдап: “Алғаны да, бергені де – Алланікі. Оның қасында әр нәрсенің белгіленген мерзімі бар. Сабыр етсін, сауабын Алладан күтсін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Баласы ажал аузында жатқанда Алла Елшісін (с.а.с.) шақырған қызының есімі бұл нұсқада аталмаған. Ибн Әбу Шәйбаның бір риуаятында Зейнеп (р.а.) делінсе, кей нұсқада Фатима (р.а.) екені айтылады. Баланың кім екені де анық емес. Бір нұсқада «ұлым», екіншісінде «қызым» делінген. Әбу Дәуіттегі рауи «ұлым немесе қызым» деп күмән білдірген. Ибн Хажар оны Умама деп танып, риуаяттағы «ұлым» сөзінің орнына «қызым» болуы керек деп есептеген. Түсіндірмелерге қарағанда, Умама қатты науқастанып, Алла Елшісі (с.а.с.) оны көргенде көзіне жас алған. Дұғасы қабыл болып, бала айыққан. Ол Алла Елшісінен (с.а.с.) кейін де өмір сүрген. Фатима (р.а.) қайтыс болған соң, Әли (р.а.) Умамаға үйленіп, шейіт болғанға дейін онымен бірге тұрған.

2. «Алғаны да, бергені де – Алланікі» деген сөз бұл оқиғада «Алланың берген баласы да, алған баласы да Өзіне тиесілі» деген мағынада айтылған.

3. Бұхаридің бір нұсқасында Зейнептің (р.а.) Алла Елшісіне (с.а.с.) екінші рет кісі жіберіп, келуін табандап сұрағаны айтылады. Басқа нұсқада Пайғамбар (с.а.с.) үшінші шақырудан кейін қызының үйіне барған. Онымен бірге Абдуррахман ибн Ауф та барған.

Ибн Хажар Зейнептің (р.а.) табандап шақыруын екі түрлі түсіндіреді.

1. Ол ел ішінде «Зейнептің Алла Елшісі (с.а.с.) алдында қадірі жоқ» деген жаңсақ сөз тарамауын ойлаған болуы мүмкін.

2. Алла оның көңіліне Алла Елшісі (с.а.с.) жанына келсе, дұғасының берекесі тиетінін салған болуы мүмкін. Оқиғада сол үміті ақталды.

Алла Елшісінің (с.а.с.) алғашқы шақыруда бармауын да екі түрлі түсіндірген. Ол әуелде Алланың жазуына мойынсұнып, баруға асықпаған болуы мүмкін. Немесе бұл шақыруға барудың тойға шақырғандағыдай міндет еместігін білдіргісі келген.

4. Алла Елшісі (с.а.с.) Зейнепке (р.а.) барғанда, жанында Убада ибн әс-Самит, Усама ибн Зәйд, Сағд ибн Убада, Мұғаз ибн Жәбәл, Убай ибн Кәғб, Зәйд ибн Сәбит және басқа сахабалар болған. Баланың қиналғанын көргенде, Алла Елшісінің (с.а.с.) көзіне жас келді. Сағд ибн Убада: «Уа, Алла Елшісі, бұл қалай?» – деп таңданды. Ол: «Бұл – Алланың құлдарының жүрегіне салған мейірімі. Алла құлдарының арасындағы мейірімділерге рақым етеді», – деп жауап берді.

5. Хадистен алынған өнегелер

• Ажал аузындағы адамның қасына дұғасы қабыл болады деп үміт етілетін кісілерді шақыруға болады.

• Осындай мақсатпен ант етуге болады.

• Көңіл айтуға арнайы шақыртусыз да баруға болады. Тойға бару үшін шақыру қажет.

• Біреу ант етіп өтінсе, антын бұздырмау үшін өтінішін орындау – мұстахаб.

• Сөзді сәлемдесуден бастау – мұстахаб.

• Науқастың жасына не қоғамдағы орнына қарамастан, көңілін сұрауға болады.

• Беделді адамдар халықтан алыстамауы керек. Алғаш шақырғанда бармаған күннің өзінде, кейінгі шақыруға баруы жөн.

• Әдеттен тыс көрінген іс жөнінде имамнан мән-жайын сұрау – мұстахаб.

• Сұрақты әдеппен қою керек.

• Алланың жаратқандарына мейірім танытып, қатыгездіктен сақтану керек.

• Дауыс көтеріп жоқтамай, көз жасын төгуге болады.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 33-тарау, «Марда», 9-тарау, «Қадар», 4-тарау, «Әйман», 9-тарау, «Тәухид», 2, 25-тараулар; Мүслим, «Жанаиз», 11-тарау, №923; Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 28-тарау, №3125; Нәсәи, «Жанаиз», 22-тарау (4/21–22).
3241
Кутуб ситтә, № 3241 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اشْتَكَى ابْنُ أَبِي طَلْحَةَ، فَمَاتَ وَأَبُو طَلْحَةَ خَارِجٌ وَلَمْ يَعْلَمْهُ. فَلَمَّا رَأَتِ امْرَأَتُهُ أَنَّهُ قَدْ مَاتَ هَيَّأَتْ شَيْئًا وَنَحَّتْهُ فِي جَانِبِ الْبَيْتِ. فَلَمَّا جَاءَ أَبُو طَلْحَةَ قَالَ: كَيْفَ الْغُلَامُ؟ قَالَتْ: قَدْ هَدَأَتْ نَفْسُهُ، وَأَرْجُو أَنْ يَكُونَ قَدِ اسْتَرَاحَ. فَظَنَّ أَبُو طَلْحَةَ أَنَّهَا صَادِقَةٌ، ثُمَّ قَرَّبَتْ لَهُ الْعَشَاءَ وَوَطَّأَتْ لَهُ الْفِرَاشَ. فَلَمَّا أَصْبَحَ اغْتَسَلَ، فَلَمَّا أَرَادَ أَنْ يَخْرُجَ أَعْلَمَتْهُ بِمَوْتِ الْغُلَامِ. فَصَلَّى مَعَ النَّبِيِّ ﷺ ثُمَّ أَخْبَرَهُ بِمَا كَانَ مِنْهَا. فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: لَعَلَّهُ أَنْ يُبَارِكَ اللَّهُ لَكُمَا فِي لَيْلَتِكُمَا». قَالَ سُفْيَانُ: فَقَالَ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ: فَرَأَيْتُ لَهُمَا تِسْعَةَ أَوْلَادٍ كُلُّهُمْ قَدْ قَرَأَ الْقُرْآنَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Әбу Талханың бір ұлы сырқаттанып, әкесі үйде жоқта дүние салды. Әйелі баланың дүние салғанын көргенде жерлеуге әзірлік жасап, мәйітті үйдің бір бұрышына қойды. Әбу Талха үйге оралғанда: “Бала қалай?” – деп сұрады. Әйелі: “Жаны тынышталды. Жай тапқан болар деп үміттенемін”, – деді. Әбу Талха оны бала сырқатынан тыныққан екен деп түсінді. Әйелі кешкі ас әкеліп, төсегін салды. Таңертең Әбу Талха ғұсыл алды. Үйден шығарында әйелі баланың дүниеден өткенін айтты. Әбу Талха Пайғамбармен (с.а.с.) бірге таң намазын оқып, болған жайды баяндады. Пайғамбар (с.а.с.): “Алла екеуіңе осы түннің берекесін берсін”, – деді». Суфиян ибн Уяйна ансарлық бір кісінің «Екеуінің Құран оқыған тоғыз ұрпағын көрдім» дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Бұл хадис жақыны дүниеден өткенде сабыр сақтап, Алланың жазуына мойынсұнудың өнегесін көрсетеді. Мұнда аталған әйел – Әнәстің (р.а.) анасы Үммі Сүләйм (р.а.). Қайтыс болған бала – Үммі Сүләйм мен Әбу Талхадан туған Әбу Ұмайыр.

2. Хадистегі هَيَّأَتْ شَيْئًا тіркесін «Күйеуіне ас әзірледі» немесе «Күйеуі үшін сәнденді» деп түсіндіргендер бар. Ибн Хажар кей риуаяттардағы сөздерге сүйеніп, оны баланы жуып, кебіндеу сияқты жерлеу әзірлігі деп түсінген.

3. Үммі Сүләймнің (р.а.) сабыры мен тағдырға мойынсұнуы риуаяттың басқа нұсқасында айқынырақ көрінеді. Сол нұсқада Үммі Сүләймнің күйеуі үшін сәнденгені және екеуінің жақындасқаны айтылады. Ертеңіне ол Әбу Талхаға: «Біреу екінші кісіге затын уақытша берсе, кейін иесі сұратқанда алған адам оны қайтармай қоя ала ма?» – деді. Әбу Талха кідірместен: «Жоқ», – деп жауап берді. Сонда ол: «Ендеше, ұлың үшін сауабын Алладан күт», – деп баласының өлімін естіртті. Әбу Талха ашуланып: «Ғұсыл алғаннан кейін ғана баламның дүние салғанын айтқаның қалай?» – деді. Тағы бір нұсқада Үммі Сүләйм: «Баланы берген Алла оны Өзі алды», – деген.

4. Хадистен алынған өнегелер

• Адам шамасы жеткенде, жеңілдікке жүгінбей, бастапқы талапты орындағаны абзал.

• Басына қайғы түскен адамды жұбату – мұстахаб.

• Әйел күйеуі үшін сәнденіп, оны жақындасуға шақыра алады.

• Оқиғаның жалғасы Алла Елшісінің (с.а.с.) дұғасы қабыл болғанын көрсетеді.

• Алла разылығы үшін бір нәрседен бас тартқан кісіге Алла оның орнына қайырлысын береді.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 42-тарау, №1301, «Ақиқа», 1-тарау. Ибн Хажардың түсіндірмесінде тоғыз ұрпақ Әбу Талханың ұлы Абдулланың балалары екені айтылады («Һәдюс-сари», «Жанаиз»).
3242
Кутуб ситтә, № 3242 · тараудағы реті: 11

وَعَنِ الْقَاسِمِ بْنِ مُحَمَّدٍ قَالَ: «هَلَكَتِ امْرَأَةٌ لِي، فَأَتَانِي مُحَمَّدُ بْنُ كَعْبٍ الْقُرَظِيُّ يُعَزِّينِي بِهَا، وَقَالَ: إِنَّهُ كَانَ فِي بَنِي إِسْرَائِيلَ رَجُلٌ فَقِيهٌ عَالِمٌ عَابِدٌ مُجْتَهِدٌ، وَكَانَتْ لَهُ امْرَأَةٌ وَكَانَ بِهَا مُعْجَبًا، وَلَهَا مُحِبًّا، فَمَاتَتْ، فَوَجَدَ عَلَيْهَا وَجْدًا شَدِيدًا حَتَّى خَلَا فِي بَيْتٍ وَأَغْلَقَ عَلَى نَفْسِهِ وَاحْتَجَبَ، فَلَمْ يَكُنْ يَدْخُلُ عَلَيْهِ أَحَدٌ. فَسَمِعَتْ بِهِ امْرَأَةٌ مِنْ بَنِي إِسْرَائِيلَ فَجَاءَتْهُ فَقَالَتْ: إِنَّ لِي إِلَيْهِ حَاجَةً أَسْتَفْتِيهِ فِيهَا، لَيْسَ يُجْزِينِي إِلَّا أَنْ أُشَافِهَهُ بِهَا. وَلَزِمَتْ بَابَهُ، فَأُخْبِرَ بِهَا فَأَذِنَ لَهَا. فَقَالَتْ: أَسْتَفْتِيكَ فِي أَمْرٍ. قَالَ: وَمَا هُوَ؟ قَالَتْ: إِنِّي اسْتَعَرْتُ مِنْ جَارَةٍ لِي حُلِيًّا فَكُنْتُ أَلْبَسُهُ زَمَانًا، ثُمَّ إِنَّهَا أَرْسَلَتْ تَطْلُبُهُ، أَفَأَرُدُّهُ إِلَيْهَا؟ قَالَ: نَعَمْ، وَاللَّهِ. قَالَتْ: إِنَّهُ قَدْ مَكَثَ عِنْدِي زَمَانًا. فَقَالَ: ذَاكَ أَحَقُّ لِرَدِّكِ إِيَّاهُ. فَقَالَتْ لَهُ: يَرْحَمُكَ اللَّهُ، أَفَتَأْسَفُ عَلَى مَا أَعَارَكَ اللَّهُ ثُمَّ أَخَذَهُ مِنْكَ وَهُوَ أَحَقُّ بِهِ مِنْكَ؟ فَأَبْصَرَ مَا كَانَ فِيهِ وَنَفَعَهُ اللَّهُ بِقَوْلِهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Жұбайым дүниеден өткенде, Мұхаммед ибн Кәғб әл-Құрази көңіл айтып келді. Ол мына оқиғаны баяндады: “Исраил ұрпағының арасында дінді терең меңгерген, құлшылықта ынталы бір ғалым өмір сүріпті. Ол сүйіп, қадір тұтқан жары қайтыс болғанда, қайғыдан үйіне қамалып, ешкімді қабылдамай қойыпты. Мұны естіген бір әйел келіп: ‘Одан бір мәселенің үкімін сұрауым керек. Өзінен ауызша естімейінше көңілім көншімейді’, – деп есігінің алдынан кетпей қояды. Кісіге мұны жеткізгенде, ол әйелді кіргізеді. Әйел: ‘Бір істің үкімін сұрайын’, – дейді. ‘Қандай іс?’ – дегенде, ол: ‘Көршімнен әшекейін уақытша сұрап алып, біраз уақыт тағып жүрдім. Енді ол әшекейін сұратыпты. Қайтарып бергенім жөн бе?’ – деп сұрайды. Ғалым: ‘Әрине, Алланың атымен ант етемін, қайтаруың керек’, – дейді. Әйел: ‘Біраздан бері менде жүр еді ғой’, – дегенде, ол: ‘Бұл оны қайтаруыңа одан әрі себеп’, – дейді. Сонда әйел: ‘Алла рақым етсін! Алланың уақытша беріп, кейін қайтарып алғанына қайғырасыз ба? Оған Алланың сізден де артық ақысы бар ғой’, – дейді. Сол кезде ғалым өзінің қандай күйге түскенін ұқты. Алла оған әйелдің сөзімен пайда берді”».1

Түсіндірме

1. Бұл хабар ғалым кісінің де білімі өзінен аз адамның насихатына құлақ аса алатынын көрсетеді. Беделді кісі де жаңылуы мүмкін, ал қарапайым адам орынды ой айтып, оған жол көрсете алады.

2. Түсіндірмеде әйелдің әшекей туралы оқиғаны ғалымға ой салу үшін мысал ретінде айтқаны көрсетіледі. Ол мұнымен ешкімге зиян тигізбей, қайғы басқан жанға жұбаныш берді. Бұрынғы риуаятта Үммі Сүләймнің (р.а.) де Әбу Талхаға осыған ұқсас мысал айтқаны баяндалды. Әбу Талха болған істі Алла Елшісіне (с.а.с.) айтқанда, ол Үммі Сүләймді жазғырмай, екеуіне сол түннің берекесін тілеген.

  1. 1Муатта, «Жанаиз», №43 (1/237).
3243
Кутуб ситтә, № 3243 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا أَحَدَ أَصْبَرُ عَلَى أَذًى يَسْمَعُهُ مِنَ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ، إِنَّهُ يُشْرَكُ بِهِ وَيُجْعَلُ لَهُ الْوَلَدُ، ثُمَّ هُوَ يُعَافِيهِمْ وَيَرْزُقُهُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұсаның (р.а.) жеткізуінше, Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Өзі жайында естіген жәбірлі сөзге Алладан асқан сабырлы ешкім жоқ. Оған серік қосып, баласы бар деседі. Соған қарамастан, Алла оларға саулық беріп, ризықтандырады».1

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 71-тарау, «Тәухид», 3-тарау; Мүслим, «Сифатул-мунафиқун», №2804.
3244
Кутуб ситтә, № 3244 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَأَنِّي أَنْظُرُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَحْكِي نَبِيًّا مِنَ الْأَنْبِيَاءِ عَلَيْهِمُ السَّلَامُ، ضَرَبَهُ قَوْمُهُ فَأَدْمَوْهُ وَهُوَ يَمْسَحُ الدَّمَ عَنْ وَجْهِهِ وَيَقُولُ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِقَوْمِي، فَإِنَّهُمْ لَا يَعْلَمُونَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) бір пайғамбар туралы әңгімелегені әлі көз алдымда. Оны өз қауымы ұрып, қанға бояған екен. Сонда ол жүзіндегі қанды сүртіп тұрып: “Уа, Алла, қауымымды кешіре гөр. Өйткені олар білмейді”, – деп жалбарынған».1

Түсіндірме

Бір нұсқада бұл пайғамбар Нұх (а.с.) екені айтылады. Бір хабарға қарағанда, қауымы Нұхты (а.с.) ұрып, есінен тандырады. Есін жиған ол: «Уа, Раббым, қауымымды тура жолға сала гөр. Олар білмейді», – деп дұға етеді. Бір нұсқада жараланғаны, екіншісінде есінен танғаны айтылады. Нұх (а.с.) қауымынан үмітін үзгенде ғана: «Раббым, жер бетінде кәпірлерден бірде-бірін қалдырма», – деп жалбарынған.2

Алла Елшісі (с.а.с.) де осындай жағдайды бастан өткерген. Ұхұд шайқасында тісі сынып, жүзі жараланғанда: «Өз пайғамбарының жүзін жаралаған қауым қалай оңсын?» – деген. Сол кезде мына аят түскен: «Бұл істе сенің үлесің жоқ. Алла қаласа, олардың тәубесін қабыл етеді, қаласа, оларды азаптайды. Өйткені олар – залымдар».3 Кей риуаяттарда Алла Елшісінің (с.а.с.) Ұхұдта немесе өзге оқиғаларда «Раббым, қауымымды кешіре гөр. Өйткені олар білмейді» деп дұға еткені айтылады.4

Құртуби осы риуаяттарға сүйеніп, хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) өз басынан өткен жайды айтқан деп есептеген. Нәуәуи әңгіменің бұрынғы бір пайғамбарға қатысты екенін айтқан. Ол Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) да осылай әрекет еткенін жоққа шығармаған. Ибн Хажар Ахмад ибн Ханбал келтірген хабарды мысал етеді. Онда Алла Елшісі (с.а.с.) Хұнайн шайқасынан соң Жиғранада олжа бөліп жатқанда жараланып, осы дұғаны айтқан. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Абдулланың сөзі Алла Елшісінің (с.а.с.) өзі туралы әңгімелегенін білдірмейді. Ол бұрынғы пайғамбардың әрекеті мен Алла Елшісінің (с.а.с.) әрекеті ұқсас болғанын жеткізген.

  1. 1Бұхари, «Иститаба», 4-тарау, «Әнбия», 50-тарау; Мүслим, «Жиһад», 105-тарау, №1792.
  2. 2«Нұх» сүресі, 26-аят.
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 128-аят.
  4. 4Жиғранада соғыс олжасы бөлініп жатқанда, жұрт қаумалап, Алла Елшісі (с.а.с.) жараланып қалады. Сонда ол: «Алла бір қауымға құлын жіберді. Қауымы оны теріске шығарып, жаралады. Ал ол маңдайынан қан ағып тұрғанда, “Раббым, қауымымды кешіре гөр. Өйткені олар білмейді”, – деп жалбарынды», – дейді. Абдулла: «Алла Елшісіне (с.а.с.) қарап тұрдым. Ол әлгі кісі туралы айтып тұрып, өз маңдайындағы қанды сүртті», – деген.
3245
Кутуб ситтә, № 3245 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ الْقَاسِمِ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لِتُعَزِّ الْمُسْلِمِينَ فِي مَصَائِبِهِمُ الْمُصِيبَةُ بِي». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. وَفِي رِوَايَةٍ: «مَنْ أُصِيبَ بِمُصِيبَةٍ فَلْيَذْكُرْ مُصِيبَتَهُ بِي، فَإِنَّهَا أَعْظَمُ الْمَصَائِبِ».

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн әл-Қасымнан жеткен хабарда Алла Елшісі (с.а.с.): «Менен айырылу қайғысы мұсылмандарға өзге қайғыларына жұбаныш болсын», – деген.1

Басқа риуаятта2 былай делінген: «Басына қайғы түскен кісі Менен айырылғандағы қайғысын еске алсын. Өйткені ең үлкен қайғы – сол».

Түсіндірме

Хадистегі «Менен айырылу қайғысы жұбаныш болсын» деген сөзді түсіндірген ғалымдар мұны сабырға шақыру деп ұққан. Мұсылман басына түскен қайғыға төтеп бере алмай бара жатса, Алла Елшісінен (с.а.с.) айырылу қаншалық ауыр болғанын еске алсын.

Зурқани Алла Елшісінен (с.а.с.) айырылудың ауырлығын былай түсіндірген: «Басқа қиындықтың орнын толтыруға болады. Алла Елшісінің (с.а.с.) орнын толтыру мүмкін емес. Ол дүние салғанда, уахи тоқтады. Мүміндерге рақым болып, діннің тура жолын көрсеткен кісіден айырылудан артық қандай қайғы бар?»

Басқа түскен ауыртпалық кейде адамды ғапылдықтан оятып, қателік пен адасудан қайтарады. Осы жағынан ол нығметке айналуы мүмкін. Құранда сабыр еткендер сүйіншіленеді. Олар бастарына қайғы түскенде: «Біз Аллаға тиесіліміз әрі Оған қайтамыз», – дейді («Бақара», 155–156-аяттар).

  1. 1Муатта, «Жанаиз», №41 (1/236).
  2. 2«Тәйсирде» бұл нұсқа Тирмизиге телінген, бірақ сол жинақтан табылмады. Ибн Мәжада сөздері сәл өзгеше нұсқа бар («Жанаиз», 55-тарау, №1599).
3246
Кутуб ситтә, № 3246 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ وَثَّابٍ عَنْ شَيْخٍ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْمُسْلِمُ الَّذِي يُخَالِطُ النَّاسَ وَيَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ خَيْرٌ مِنَ الَّذِي لَا يُخَالِطُهُمْ وَلَا يَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Уәссаб Пайғамбардың (с.а.с.) сахабаларының бір қариясынан мына хадисті жеткізеді: «Адамдармен араласып, олардан көрген жәбірге сабыр еткен мұсылман адамдармен араласпайтын әрі олардың жәбіріне сабыр етпейтін мұсылманнан қайырлы».1

Түсіндірме

Бұл хадис қоғаммен араласудың абзалдығын көрсетеді. Өзге риуаяттарда Алла Елшісі (с.а.с.) кей жағдайда оңашалануды ұсынған. Демек, адам мен қоғамның жағдайына қарай таңдау өзгереді. Мысалы, ел ішінде бүлік жайлаған кезде оңаша жүрген дұрыс екені айтылады.

Ғалымдардың бұл мәселе жөніндегі пікірлері №4762 хадистің түсіндірмесінде кеңірек қаралады.

Сыдық (шыншылдық)

Бұл бөлімде шыншылдық туралы екі хадис берілді. Құран мен сүннет шыншылдықты дәріптеп, жалғандықтан сақтандырады. Хадистерге көшпес бұрын осы екі ұғымға қысқаша тоқталайық.

«Сыдық» дегеніміз – айтылған сөздің шындыққа да, сөйлеушінің ішкі сеніміне де сай келуі. Осы шарттың бірі орындалмаса, сөз бір қырынан шын, екінші қырынан жалған болуы мүмкін. Мысалы, екіжүзді адамның «Мұхаммед – Алла Елшісі» дегені хабардың мазмұны жағынан шын, ал өз сенімін білдіру жағынан жалған.

Шыншылдығымен танылған адамды «сыддық» деп атайды.

Шыншылдық сөзден бөлек, ниеттен, ерік-жігерден және істен көрінеді.

Сыдықтың қарама-қарсы ұғымы – кизб, яғни жалғандық. Бірінің мәні екіншісімен қатар қарастырғанда айқындала түседі.

Ғазали өтіріктің жиіркеніштілігі оның келтіретін зиянына байланысты деп түсіндіреді. Оның пікірінше, игілікке жеткізетін айрықша жағдайда өтірікке рұқсат беріледі. Бұған «Онда зияны жоқ өтіріктің бәрі рұқсат болып шығар еді» деген сын айтылған. Оған берілген жауапта өтірікке негізінен тыйым салынғаны, рұқсаттың тек айқын игілік көзделген ерекше жағдайға қатысты екені айтылған.

Ислам шыншылдықты жоғары бағалайды және жалғандықтан сақтандырады.

Бірқатар риуаятта былай делінеді: «Мұсылманға пайда тигізіп, қарызды жоюға себеп болатын жағдайды қоспағанда, өтіріктің бәрі – күнә». «Өтірік сөз адамды жерге қаратады. Сөз тасу қабір азабына себеп болады». «Мүмінде әртүрлі мінез болуы мүмкін, бірақ өтірік пен қиянат оған жараспайды».

Мунауи өтіріктің жиіркеніштілігі оның соңынан басқа теріс істерді ертуінде екенін айтады. Өтіріктен тыйылған кісі сол теріс істерден де сақтанады. Өтіріктің жамандыққа қатысы шыншылдықтың ізгілікке қатысындай. Сондықтан ғалымдар зиянды тойтару не нақты игілікке қол жеткізу үшін рұқсат етілген жағдайлардан өзге жерде өтіріктің харам екеніне келіскен.

Ғазали өтірікті «үлкен күнәлардың анасы» деп атаған. Ол былай дейді: «Өтірігімен аты шыққан адамның сөзіне ешкім сенбейді, қадірі кетеді. Өтіріктің қандай жиіркенішті екенін білгің келсе, біреудің өтірігін естігенде одан өзіңнің қаншалық жерінетініңді байқа. Өтірік айтушының қадірі қалай кеткеніне, сөзінің қаншалық жиіркенішті болғанына қара».

Кей дана кісілер өтірікті тастаудың қиындығын былай жеткізген: «Талай ұры мен қарақшының түзелгенін көрдік, ал өтірікшінің түзелгенін көрмедік». Хадис ғалымдары Алла Елшісінің (с.а.с.) атынан бір рет өтірік айтқаны анықталған адамнан, кейін тәубе еткен күннің өзінде, хадис жазып алмаған. Олар бұл іске ерекше қатаң қараған.

Бәйһақи өтіріктің бес деңгейін атайды.

• Бірінші, ең ауыр деңгейі – Алла туралы өтірік айту.

• Екінші деңгейі – Алла Елшісі (с.а.с.) туралы өтірік айту.

• Үшінші деңгейі – көзіне, тіліне немесе өзге дене мүшесіне өтірік телу.

• Төртінші деңгейі – ата-анасы туралы өтірік айту.

• Бесінші деңгейі – жақындары туралы өтірік айту. Жақындарына айтқан өтірік бөтен адамға айтқан өтіріктен ауыр.

Рағиб ойдан оқиға құрауды, болған оқиғаға үстеме қосуды, оның бір бөлігін жасыруды немесе мазмұнын бұрмалауды өтірікке жатқызған. Болмаған нәрсені болғандай көрсету – жала. Болған оқиғаны кеміту не арттыру да шындықты бұзады.

Өтірік адамның көзінше де, сыртынан да айтылуы мүмкін. Кісінің бетіне айтылған өтірік, әсіресе жала жабу, ауыр саналады. Өтірікке көбіне дүниеқоңыздық пен билікке құмарлық итермелейді. Бір риуаятта ерекше үш жағдай аталады.

كُلُّ الْكَذِبِ يُكْتَبُ عَلَى ابْنِ آدَمَ إِلَّا ثَلَاثًا: الرَّجُلُ يَكْذِبُ فِي الْحَرْبِ فَإِنَّ الْحَرْبَ خُدْعَةٌ، وَالرَّجُلُ يَكْذِبُ الْمَرْأَةَ فَيُرْضِيهَا، وَالرَّجُلُ يَكْذِبُ بَيْنَ الرَّجُلَيْنِ لِيُصْلِحَ بَيْنَهُمَا.

«Үш жағдайдан өзге әр өтірік Адам баласының атына жазылады. Бірі – соғыста айтылған өтірік, өйткені соғыс – айла. Екіншісі – кісінің әйелінің көңілін алу үшін оған айтқан өтірігі. Үшіншісі – араздасқан екі кісіні татуластыру үшін айтылған өтірік».

Риуаятта рұқсат етілген үш жағдай

• Соғыс кезінде дұшпанға айтылған жалған сөз. Риуаятта «Соғыс – айла» делінген.

• Ер адамның отбасы татулығын сақтап, әйелінің көңілін алу үшін айтқан сөзі.

• Араздасқан екі адамды татуластыру үшін айтылған сөз.

  1. 1Тирмизи, «Қиямат», №2507; Ибн Мәжа, «Фитән», 23-тарау, №4032.