Хадис

Кутуб ситтә, № 3233

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
440. № 3232–3246 хадистер
Нөмірі
№ 3233 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3233
Кутуб ситтә, № 3233 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ تُصِيبُهُ مُصِيبَةٌ فَيَقُولُ مَا أَمَرَهُ اللَّهُ: إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ، اللَّهُمَّ أْجُرْنِي فِي مُصِيبَتِي، وَأَخْلِفْ لِي خَيْرًا مِنْهَا، إِلَّا أَخْلَفَ اللَّهُ لَهُ خَيْرًا مِنْهَا». قَالَتْ: فَلَمَّا مَاتَ أَبُو سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قُلْتُ: أَيُّ الْمُسْلِمِينَ خَيْرٌ مِنْ أَبِي سَلَمَةَ؟ أَوَّلُ بَيْتٍ هَاجَرَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. ثُمَّ إِنِّي قُلْتُهَا فَأَخْلَفَ اللَّهُ تَعَالَى لِي رَسُولَ اللَّهِ ﷺ. قَالَتْ: فَأَرْسَلَ إِلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حَاطِبَ بْنَ أَبِي بَلْتَعَةَ يَخْطُبُنِي لَهُ، فَقُلْتُ: إِنَّ لِي بِنْتًا وَأَنَا غَيُورٌ. فَقَالَ ﷺ: «أَمَّا ابْنَتُهَا فَنَدْعُو اللَّهَ أَنْ يُغْنِيَهَا عَنْهَا، وَأَدْعُو اللَّهَ تَعَالَى أَنْ يُذْهِبَ بِالْغَيْرَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Басына қайғы түскен мұсылман Алланың бұйырғанындай ‘Инна лиллаһи уә инна иләйһи ражиғун. Аллаһумма әжурни фи мусибати уә ахлиф ли хайран минһа’, яғни ‘Біз Аллаға тиесіліміз әрі Оған қайтамыз. Уа, Алла, осы қайғым үшін маған сауап бер, орнына бұдан қайырлысын нәсіп ет’ десе, Алла оған міндетті түрде одан қайырлысын нәсіп етеді”».

Үммі Сәләма сөзін былай жалғастырды: «Әбу Сәләма (р.а.) дүние салғанда, ішімнен “Әбу Сәләмадан қайырлы мұсылман бар ма? Алла Елшісіне (с.а.с.) алғаш қоныс аударған шаңырақ солардікі еді ғой”, – дедім. Содан соң әлгі дұғаны айттым. Алла маған оның орнына Алла Елшісін (с.а.с.) нәсіп етті. Ол маған үйлену ниетін жеткізу үшін Хатиб ибн Әбу Бәлтағаны жіберді. Мен: “Қызым бар әрі қызғаншақпын”, – дедім. Алла Елшісі (с.а.с.): “Қызына келсек, оның қамын Алла Өзі өтесін деп дұға етеміз. Қызғанышын сейілтуін де Алладан тілеймін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Үммі Сәләма (р.а.) – Алла Елшісінің (с.а.с.) пәк жұбайларының бірі. Өз аты – Һинд, әкесі – Әбу Умәйя ибн әл-Мұғира. Алла Елшісіне (с.а.с.) тұрмысқа шықпай тұрып Әбу Сәләма ибн Абдуләсадпен отасқан. Одан Сәләма, Омар, Дурра және Зейнеп атты балалары болған.

Үммі Сәләма (р.а.) әуелі Эфиопияға һижрет еткен алғашқы мұсылмандардың қатарында болды, кейін Мәдинаға қоныс аударды. Алла Елшісімен (с.а.с.) һижраның төртінші, кей деректе үшінші жылы некелескен. Ерлі-зайыптылар Исламды алғаш қабылдағандардың қатарында болып, сенімі үшін көп қиындық көрді. Мәдинаға көшерде туыстары Үммі Сәләманы күйеуімен бірге жібермеген. Сөйтіп, ол бір жылдай күйеуінен де, баласынан да жырақта қалып, көп жылады. Ақыры туыстары оған Мәдинаға баруға рұқсат етті. Алла Елшісі (с.а.с.) оған үйлену арқылы Ислам жолында көрген қиындығын өтеуді көздеген де болуы мүмкін. Үммі Сәләманың парасатын оның орынды кеңестерінен көруге болады. Мысалы, Хұдайбия келісімі бойынша мұсылмандар сол жылы ұмра жасамай кері қайтуға тиіс еді. Бұған көңілі толмаған кей сахабалар Пайғамбардың (с.а.с.) құрбандық шалып, шаштарын қысқартып, ихрамнан шығу туралы бұйрығын орындауға асықпады. Сонда Үммі Сәләма: «Уа, Алла Елшісі! Құрбандықты әуелі өзіңіз шалыңыз. Сонда олар да соны істейді», – деп кеңес берді. Алла Елшісі (с.а.с.) солай істегенде, сахабалар да оған ерді. Бұл оқиға Үммі Сәләманың байыпты әрі көреген кісі болғанын көрсетеді.

Кей деректе Үммі Сәләма анамыз һижраның елу тоғызыншы жылы қайтыс болғаны айтылады. Дүние салған жылы жөнінде өзге деректер де бар. Ол – Алла Елшісінің (с.а.с.) жұбайларының арасында ең соңғы қайтыс болғаны.

2. Бұл хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) басына қайғы түскен кісіге «Инна лиллаһи уә инна иләйһи ражиғун» деп, жоғарыдағы дұғаны айтуға кеңес берген.

3. Кейбір нұсқада Әбу Сәләманың дүние саларда осы дұғаны оқығаны айтылады. Үммі Сәләманың «Әбу Сәләмадан қайырлы мұсылман бар ма?» деген сөзі күйеуінің өзіне қаншалық қадірлі болғанын аңғартады. Әбу Сәләма Алла Елшісінің (с.а.с.) емшектес бауыры әрі әкесінің қарындасынан туған жиені еді.

Мүслімнің басқа нұсқасында Үммі Сәләма (р.а.): «Әбу Сәләма қайтыс болғанда Алла Елшісі (с.а.с.) үйреткен сөзді айттым. Алла кейін оның орнына одан қайырлысын – Алла Елшісін (с.а.с.) нәсіп етті», – деген.

4. Араб тіліндегі «мусибат» сөзі хадистерде мүмінге ауыр тиетін кез келген оқиғаны білдіреді. Басқа қайғы түскенде إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ «Біз Аллаға тиесіліміз әрі Оған қайтамыз» деу Құранда бұйырылған («Бақара», 156-аят). Мұны «истиржа» дейді. Бұл сөз тағдырға мойынсұнуды, жан да, мал-мүлік те Аллаға тиесілі екенін мойындауды білдіреді.

Алла Елшісінің (с.а.с.) үлкенді-кішілі қиындықта истиржа айтуды ұсынғаны жайлы хабарлар бар. Бір риуаятта ол кісі шам сөніп қалғанда да истиржа айтқан. Айша (р.а.) «Бұл небәрі шам ғой» дегенде, ол: «Мүмінге ауыр тигеннің бәрі – мусибат», – деп түсіндірген.

Нәуәуи былай деген: «Бұл хадис уәжіп емес, құпталатын амалдың да бұйрық түрінде айтылуы мүмкін екеніне дәлел. Таңдаулы пікір де осы. Өйткені мұнда истиржа айту бұйырылған».

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 3-тарау, №918; Муатта, «Жанаиз», №42 (1/236); Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 22-тарау, №3119; Тирмизи, «Дағауат», 88-тарау, №3506.