وَعَنْ سَعِيدٍ بْنِ الْمُسَيَّبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَى سَعْدُ بْنُ عُبَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَيُّ الصَّدَقَةِ أَعْجَبُ إِلَيْكَ؟ قَالَ: الْمَاءُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Сағид ибн әл-Мусайяб жеткізеді: «Сағд ибн Убада (р.а.) Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: “Сізге қай садақа көбірек ұнайды?” – деп сұрағанда, ол: “Су”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
Алла Елшісінің (с.а.с.) суды ең ұнамды садақа деп атауы екі себеппен түсіндіріледі.
• Сол тұста Мәдинада су тапшы еді.
• Су – тіршілікке ең қажет нәрселердің бірі.
Су беруге үндеген осы сөз мұсылман елдерінде адамдар мен жан-жануарларға тегін су беретін «сәбилдердің» көбеюіне ықпал етті. Жол бойына, қыр мен таудың басына, базарға, жалпы тіршілік иелері аялдайтын жерлерге су шүмектері орнатылып, құдықтар қазылды. Оларды салғандар сауабы үзілмейтін садақа беруді ниет етті.
Бір ауыз сөзі осынша қайырымдылық ошағының ашылып, сансыз тіршілік иесінің шөлі қануына себеп болған Пайғамбардың дәрежесі қандай биік! Уа, Раббымыз! Ақыретте шөлімізді басуды да Елшіңнің шапағатымен нәсіп ете гөр!
- 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 41-тарау (№1679–1680).