وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ رَجُلٌ لَأَتَصَدَّقَنَّ اللَّيْلَةَ بِصَدَقَةٍ. فَخَرَجَ بِصَدَقَتِهِ فَوَضَعَهَا فِي يَدِ سَارِقٍ. فَأَصْبَحُوا يَتَحَدَّثُونَ: تُصُدِّقَ اللَّيْلَةَ عَلَى سَارِقٍ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ، عَلَى سَارِقٍ. لَأَتَصَدَّقَنَّ بِصَدَقَةٍ. فَخَرَجَ بِصَدَقَتِهِ فَوَضَعَهَا فِي يَدِ زَانِيَةٍ. فَأَصْبَحُوا يَتَحَدَّثُونَ: تُصُدِّقَ اللَّيْلَةَ عَلَى زَانِيَةٍ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ عَلَى سَارِقٍ وَزَانِيَةٍ لَأَتَصَدَّقَنَّ بِصَدَقَةٍ. فَخَرَجَ بِصَدَقَتِهِ فَوَضَعَهَا فِي يَدِ غَنِيٍّ، فَأَصْبَحُوا يَتَحَدَّثُونَ: تُصُدِّقَ اللَّيْلَةَ عَلَى غَنِيٍّ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ عَلَى سَارِقٍ وَزَانِيَةٍ وَغَنِيٍّ، فَأُتِيَ فَقِيلَ لَهُ: أَمَّا صَدَقَتُكَ فَقَدْ قُبِلَتْ، أَمَّا السَّارِقُ فَلَعَلَّهُ أَنْ يَسْتَعِفَّ عَنْ سَرِقَتِهِ، وَأَمَّا الزَّانِيَةُ فَلَعَلَّهَا أَنْ تَسْتَعِفَّ عَنْ زِنَاهَا، وَأَمَّا الْغَنِيُّ فَلَعَلَّهُ أَنْ يَعْتَبِرَ فَيُنْفِقَ مِمَّا أَعْطَاهُ اللَّهُ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Бір кісі ‘Осы түні міндетті түрде садақа беремін’ деп, садақасын алып шықты. Оны бір ұрының қолына ұстатты. Таңертең жұрт ‘Түнде ұрыға садақа беріліпті’ десті. Әлгі кісі ‘Уа, Алла, ұрыға берген садақам үшін Саған мадақ. Тағы да садақа беремін’ деді. Садақасын алып шығып, зина жасаған бір әйелдің қолына ұстатты. Таңертең жұрт ‘Түнде зина жасаған әйелге садақа беріліпті’ десті. Әлгі кісі ‘Уа, Алла, ұры мен зина жасаған әйелге берген садақам үшін Саған мадақ. Тағы да садақа беремін’ деді. Садақасын алып шығып, бір байдың қолына ұстатты. Таңертең жұрт ‘Түнде байға садақа беріліпті’ десті. Әлгі кісі ‘Уа, Алла, ұрыға, зина жасаған әйелге және байға берген садақам үшін Саған мадақ’ деді. Сонда оған: ‘Садақаң қабыл болды. Бәлкім, ұры ұрлығын, зина жасаған әйел зинасын қояр. Ал бай ғибрат алып, Алланың өзіне берген дүниесінен жұмсар’, – делінді”»1.
Түсіндірме
1. Садақа берген адамның аты аталмайды. Ахмад ибн Ханбалдың жинағындағы әлсіз бір риуаятта оның Исраил ұрпағынан болғаны айтылады.
2. Бір нұсқада ол «Осы түні садақа беремін» деген ниетін үш рет білдіреді. Садақасын түнде жасырын бермек болғаны осыдан байқалады. Демек, ұрыға, зина жасаған әйелге және байға әдейі берген деуге негіз жоқ.
3. Бір түсіндіру бойынша әлгі кісінің Аллаға мадақ айтуында «Мадақ Саған лайық, уа, Алла! Садақам ойлаған адамыма бұйырмаса, оған Сенің қалауың себеп болды. Ал Сенің қалауыңның ақыры қайырлы» деген мағына бар. Тиби бұған басқа жорамал ұсынады. Әлгі кісі садақасын лайықты жанға бергісі келген. Ойда жоқта зина жасаған әйелге бергенде, бұдан да қолайсыз жағдайға ұшырауы мүмкін екенін ойлап, Аллаға мадақ айтқан болуы ықтимал. Яки оның мадағы таңданыстан туған. Арабтар таңырқағанда «Субханалла» дейді, кейде оның орнына Аллаға мадақ айтады. Жұрттың таңғалғанын естіген ол да таңырқап, «Зина жасаған әйелге садақа берсем де, Аллаға мадақ айтамын» деген болуы мүмкін.
Ибн Хажар екі түсіндіруді де құптамаған. Оның пікірінше, әлгі кісі садақасын ықыласпен бергеннен кейін оның нәтижесін Аллаға тапсырып, болған іске разы болып, шүкір айтқан. Өйткені ол біреуге бір нәрсе берген сайын Аллаға мадақ айтатын. Ұнамсыз жағдай үшін мадақ Аллаға ғана айтылады. Сахих хадистерде Алла Елшісінің (с.а.с.) өзіне ұнамаған жайды көргенде де: «Қандай жағдай болса да, Аллаға мадақ!» – дегені жеткен.
4. Садақасының қабыл болғанын кімнің және қалай хабарлағаны анық емес. Кей нұсқада түсінде айтылғаны баяндалады. Ғалымдар оны түсінде көрді, періштеден естіді, бір пайғамбар хабарлады немесе ғалымдар осылай пәтуа берді деген бірнеше жорамал ұсынған.
5. Хадистен мынадай үкімдер шығарылған.
• Ол кезде садақа көбіне ізгі ниетті мұқтаждарға берілген. Садақаның осы үш адамға берілгенін естіген жұрттың таңырқап, бір-біріне айтуы содан.
• Хадис ықыласпен берілген садақаны алуға лайық жанға тимеген күнде де Алла оны қабыл етуі мүмкін екенін көрсетеді. Зекетке келгенде фақиһтардың пікірі әртүрлі. Имам Ағзам, Имам Мұхаммед, Хасан Басри және Ибраһим Нахаи (Алла оларды рақым етсін) кедей деп ойлап зекет берген адам кейін оның бай екенін білсе де, зекет міндеті өтелген деп есептеген. Имам Шәфиғи, Суфиян Сәури, Әбу Юсуф, Хасан ибн Салих және бірқатар ғалым оны қайта беру керек деген. Олардың уәжі бойынша, зекет беруші өз пайымында қателесіп, оны тиісті адамға бермеген. Бұл қолында су барын ұмытып, таяммүммен намаз оқыған адамның есіне түскен соң намазын қайта оқуына ұқсайды.
• Тиісті адамға бұйырмаған садақаны қайта беру – мұстахаб.
• Ықыласпен әрі жасырын берілген садақаның артықшылығы мол.
• Кей ғалымдар ашық күнә жасайтын жанға садақа беруді мәкруһ деп санаған. Олардың пікірінше, садақа берерде ізгі адамдарды іздеген жөн. Ал жаман қылыққа салынған жанның намаз оқу, ораза ұстау немесе сол қылығын қою ниетін білдіруін жеткілікті көргендер де бар.
• Мұқтаж болса, ұрлық не зина жасаған адамға да зекет беруге болады. Зекет пен садақа алған жан өз мінезіне көңіл бөліп, жаман қылықтан арылғаны жөн. Дәулетті кісі өзіне арналмаған зекет пен садақаны алмауы керек.
• Адамның нақты жағдайы анықталғанға дейін үкім сырттай көрінген белгіге сүйеніп беріледі.
- 1Бұхари, «Зекет», 14-тарау (№1421). Мүслим, «Зекет», 78-тарау (№1022). Нәсәи, «Зекет», 47-тарау (5/55–56).