وَعَنْ سَلْمَانَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ عَلَى الْمِسْكِينِ صَدَقَةٌ، وَعَلَى ذِي الرَّحِمِ ثِنْتَانِ: صَدَقَةٌ وَصِلَةٌ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Салман ибн Амир (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Мұқтаж адамға бергенің – садақа. Туысыңа бергеніңде екі игілік бар: бірі – садақа, екіншісі – туыстық байланысты сақтау”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Соңғы екі хадис қайырымдылық жасағанда әуелі мұқтаж туысты ескеруге үндейді. Біріншісінде күңді азат етуден гөрі оны сол кезде қажеті бар туысқа берудің сауабы мол екені айтылған. Екіншісінде туысқа берілген көмектің екі сауабы көрсетілген.
1) Садақа беру.
2) Туыстық байланысты сақтау.
Осылайша Алла Елшісі (с.а.с.) қайырымдылық арқылы ағайын арасын жақындатуға шақырады.
2. Алғашқы хадисті Алла Елшісінің (с.а.с.) жұбайы Мәймуна бинт әл-Харис (р.а.) жеткізген.
3. Хадистен әйелдің өз дүниесінен күйеуінен рұқсат алмай-ақ садақа бере алатыны көрінеді. Мәймуна (р.а.) күңін азат етіп болған соң ғана Алла Елшісіне (с.а.с.) хабарлады. Ол Мәймунаны кінәламай, сол жағдайда сауабы молырақ амалдың қандай боларын айтты.
4. Ибн Хажар туысқа берген сыйдың сауабы оның жағдайына қарай өзгеретінін айтқан. Туыстардың мұқтажы да, ауқаттысы да болады. Құлды азат ету мен оны туысқа берудің қайсысы абзал екені нақты жағдайға байланысты.
Сұхбат бөлімі
Араб тіліндегі түпкі мағынасына жақын «сұхбат» сөзі бірге болуды, жолдастық пен өзара қарым-қатынасты білдіреді. Қазақшада көбіне жылы жүздесіп, әңгіме құруды сұхбат дейміз. Бұл мағынада телефондағы сөз, құрғақ әңгіме немесе ресми жиын сұхбаттың орнын баспайды. Бұл бөлімде сөздің аясы кең. Ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүруі мен өзара құқықтары, көршілік, сапардағы жолдастық, қонаққа бару және оның әдебі, сәлемдесу, реніш пен татуласу, әйелге қарау, ғайбат, аңду және өзгенің кемшілігін іздеу тәрізді мәселелер қамтылады.
Мұндағы сұхбат адам өміріндегі қоғамдық қатынастардың көбін қамтиды. Ислам адамның адамдармен араласуында Алланың разылығын көздеуін және қарым-қатынас әдебін сақтауын үйретеді. Бөлімдегі хадистер сол әдепті күнделікті өмірдің әртүрлі жағдайында көрсетеді. Осы әдепті сақтаған адам иманында шынайылыққа жетіп, Алланың мүміндерге уәде еткен нығметін үміт етеді.
- 1Нәсәи, «Зекет», 82-тарау (5/92). Тирмизи, «Зекет», 26-тарау (№658). Ибн Мәжа, «Зекет», 28-тарау (№1844).