Хадис

Кутуб ситтә, № 3321

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
451. Мәжіліс әдебі
Нөмірі
№ 3321 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
3321
Кутуб ситтә, № 3321 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يُقِيمَنَّ أَحَدُكُمْ رَجُلًا مِنْ مَجْلِسِهِ ثُمَّ يَجْلِسُ فِيهِ وَلَكِنْ تَوَسَّعُوا وَتَفَسَّحُوا يَفْسَحِ اللَّهُ لَكُمْ. وَكَانَ ابْنُ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا قَامَ رَجُلٌ مِنْ مَجْلِسِهِ لَمْ يَجْلِسْ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Ешқайсың біреуді орнынан тұрғызып, оның орнына отырмаңдар. Орын ашып, алқаны кеңейтіңдер, Алла сендерге де кеңдік берсін”, – деді.

Абдулла ибн Омар (р.а.) біреу орнынан тұрып кетсе, сол жерге отырмайтын»1.

Түсіндірме

Осы риуаяттар біреудің алдына тұру мен мәжілісте орын ұсынуға қатысты әдептерді қозғайды. Құрметпен түрегелуге рұқсат беретін хабарлар да бар. Нәуәуи бастаған ғалымдар белгілі жағдайда оны құптаған. Ибн әл-Хажж әл-Мәлики және бірқатар ғалымдар біреуді ұлықтау үшін түрегелуді құптамаған.

Нәуәуи «әл-Әзкар» еңбегінде былай дейді: «Көпке белгілі білімді, абыройлы немесе беделді кісі мәжіліске кірсе, құрмет көрсетіп орнымыздан тұру – мұстахаб. Бұл – рия мен орынсыз ұлықтау емес, сый-құрмет. Бұрынғы және кейінгі ғалымдардың әдебі де солай болған. Бұл жөнінде арнайы еңбек жазып, рұқсатты білдіретін хадистерді, бұрынғы ғалымдардың сөздері мен амалдарын жинадым. Өзге риуаяттарды да келтіріп, оларға жауап бердім. Күмәнданған кісі еңбекті оқыса, күмәні сейілер деп ойлаймын».

Ибн әл-Хажж әл-Мәлики «әл-Мадхал» еңбегінде Нәуәуидің осы жазбасын келтіріп, дәлелдерін жеке талдаған. Нәуәуидің негізгі дәлелдерінің бірі Бұхари мен Мүслімдегі мына оқиға: «Бәни Құрайза Сағдтың төрелігіне разы болғанда, Алла Елшісі (с.а.с.) оны шақырды. Сағд келіп жеткенде: “Басшыларыңа қарай тұрыңдар”, – деді».

Ибн әл-Хажждың айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) жаралы Сағдты мініс көлігінен түсіріп алуға көмектесуді бұйырған. Сағдтың жаралы болғаны өзге риуаяттарда да айтылады.

Ибн Хажар Ахмад ибн Ханбалдың «Муснадында» Айшадан (р.а.) жеткен риуаят Бәни Құрайза оқиғасында Сағд ибн Мұғаздың (р.а.) келуін кеңірек баяндайтынын айтқан. Әбу Сағидтың жеткізуінше, Сағд көрінгенде Алла Елшісі (с.а.с.): «Басшыларыңа қарай тұрыңдар», – деген. Сахабалар Сағдты мінісінен түсіріп алған. Ибн Хажар бұл риуаяттың тізбегін хасан деп бағалаған. Оның пікірінше, сахабалардың Сағдты көліктен түсіргені бұл оқиғаны құрмет үшін орнынан тұруға дәлел етуді қиындатады.

Нәуәуи Қағб ибн Мәликтің тәубесі туралы №654 хадистегі мына сөзге де сүйенген: «Талха ибн Убайдулла орнынан тұрып, маған жүгіріп келді. Қолымды алып, құттықтады».

Ибн әл-Хажж Талханың Қағбты құттықтап, қолын алу үшін орнынан тұрғанын айтқан. Егер бұл жұрттың бәрі ұстанатын рәсім болса, Талха жалғыз тұрмас еді. Риуаятта Алла Елшісінің (с.а.с.) өзі тұрғаны, тұруды бұйырғаны немесе өзгелердің тұрғаны айтылмайды. Талха жақын көргендіктен, Қағбқа бірінші болып жүгірген. Құттықтау мен сүйіншілеу арадағы сыйластыққа қарай көрініс табады. Ал сәлем танысқа да, бейтанысқа да беріледі.

Нәуәуи Айшаның (р.а.) мына риуаятын да дәлел еткен: «Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы және турашылдығы жағынан Алла Елшісіне (с.а.с.) Фатимадай ұқсаған ешкімді көрмедім. Фатима келгенде, әкесі орнынан тұрып, қолынан ұстап, сүйіп, өз орнына отырғызатын. Алла Елшісі (с.а.с.) Фатимаға барғанда, ол да әкесін солай қарсы алатын».

Ибн әл-Хажж Әбу Дәуіт, Тирмизи және Нәсәи келтірген осы риуаятты Пайғамбардың (с.а.с.) қызына өз орнын ұсыну үшін түрегелгені деп түсіндірген. Үйі тар, төсеніші аз болғандықтан, өз орнына отырғызу үшін тұру қажет еді.

Нәуәуи сүйенген келесі хабарды Әбу Дәуіт Омар ибн әс-Сайыбтан жеткізген. Бірде Алла Елшісі (с.а.с.) отырғанда, Пайғамбардың сүт әкесі келді. Пайғамбар киімінің бір шетін төсеп, оны соған отырғызды. Сүт анасы келгенде, киімінің екінші шетін төседі. Кейін сүт бауыры келгенде, орнынан тұрып, оны алдына отырғызды.

Ибн әл-Хажж мұны былай түсіндірген: «Егер бұл талқыланып отырған мағынадағы құрмет болса, Пайғамбар (с.а.с.) сүт бауырынан бұрын сүт әкесі мен анасына орнынан тұрар еді. Ол төсенішті жаю немесе орын кеңейту үшін тұрған болуы мүмкін».

Нәуәуи мен Ибн әл-Хажждың пікірлері ұзақ талқыланған. Кей ғалымдар риуаяттардың арасын жарастырып түсіндіруге тырысқан. Әнәс хадисі келген адам үшін түрегелу мәселесін қозғайды. Айша жеткізген хабардың сыртқы мәні оған рұқсат барын аңғартады. Кейбір ғалымдар Ибн әл-Хажждың осы хадиске берген жауабын жеткіліксіз санаған.

Бір ғалымдар Әнәс хадисін танзиһи мәкруһқа, яғни істемегені абзал амалға ишара деп ұққан. Өзгелері оны адамды ұлықтау үшін түрегелуге қатысты деп түсінген.

Айша риуаяты жақсылық пен сый-құрмет үшін түрегелуге дәлел ретінде қаралған. Науқасты мінісінен түсіру, сапардан келгенді қарсы алу, қуанышты адамды құттықтау немесе орын ашу үшін тұруға рұқсат барын ғалымдар бірауыздан айтқан.

Айни Әбул-Уәлид ибн Рушдтен орнынан тұрудың төрт түрін жеткізген:

1. Тыйым салынған түрегелу. Өзін ұлықтауды қалап, өзгелерді төмен санайтын кісі үшін орнынан тұру.

2. Мәкруһ түрегелу. Адам өзін өзгеден жоғары санамаса да, жұрттың оған тұруы бойына тәкаппарлық ұялатуы мүмкін. Мұнда озбырларға ұқсау қаупі де ескеріледі.

3. Рұқсат етілген түрегелу. Өзі мұны күтпеген адамға ілтипатпен орыннан тұру. Мұндай ілтипат озбырлардың рәсіміне ұқсамауы керек.

4. Мандуб түрегелу. Сапардан қайтқан адамды қуана қарсы алып, амандасу үшін орнынан тұру.

Жақсылыққа жеткен кісіні құттықтауға немесе қайғыға ұшыраған адамға көңіл айтуға тұру да осы түрге жатады.

Имам Ғазали біреуді ұлықтау үшін орнынан тұруды мәкруһ, ал жақсылық пен құрмет үшін тұруды рұқсат деп бағалаған.

Ибн Хажар түрегелудің үкімін мақсат пен жағдайға қарай анықтауды жөн санаған. Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Мәжілістерде сендерге “Орын ашыңдар” делінсе, орын ашыңдар. Алла сендерге кеңдік береді», – делінген («Мүжәдала» сүресі, 11-аят).

  1. 1Бұхари, «Истиазан», 31, «Жұма», 20. Мүслим, «Сәлем», 27 (2177). Тирмизи, «Әдеп», 9 (2750, 2751). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 18 (4828).