Хадис

Кутуб ситтә, № 3336

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
453. Өзара сүйіспеншілік
Нөмірі
№ 3336 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3336
Кутуб ситтә, № 3336 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир (р.а.)

وَعَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَثَلُ الْمُؤْمِنِينَ فِي تَوَادِّهِمْ وَتَرَاحُمِهِمْ وَتَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ، إِذَا اشْتَكَى مِنْهُ عُضْوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرُ الْجَسَدِ بِالسَّهَرِ وَالْحُمَّى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Мүміндер өзара сүйіспеншілігімен, мейірімімен және жанашырлығымен біртұтас денеге ұқсайды. Дененің бір мүшесі ауырса, қалған мүшелері де ұйқысыздық пен қызуға шалдығып, оның ауырғанын бірге сезінеді”»1.

Түсіндірме

1. Алла Елшісі (с.а.с.) мүміндер қауымын бір денеге теңеген. Әр мүмін сол дененің бір мүшесі іспетті. Мысалы, саусақ ауырса, бүкіл денені қызу алып, адамның ұйқысы қашады. Сол секілді мүмін де өзі мүше болған қауымдағы бауырларының басына іс түскенде бейжай қарай алмайды. Оларға жаны ашып, қамын ойлайды. Бұл сезім адамдыққа да, иманға да тән. Алла Елшісі (с.а.с.) өзге бір хадисте «Мейірімді болмайынша, иман келтірген болмайсыңдар» деген. «Уа, Алла Елшісі, бәріміз де мейірімдіміз», – дегенде, ол: «Мұнда тек отбасыңа деген мейірім емес, бүкіл жұртқа деген мейірім айтылып тұр», – деп түсіндірген.

2. Мұндағы сөз иманның кемелдігі туралы. Бір-бірін жақсы көрмеу адамды иманнан шығарады деген қорытындыны бұл хадистен ешбір ғалым шығармаған.

3. Ибн Әбу Жамра хадистегі «тарахум», «тауаддуд» және «тағатуф» сөздерінің өзара жақын болғанымен, әрқайсысының өзіндік реңкі барын айтады. «Тарахум» – иман бауырластығынан туған мейірім. «Тауаддуд» – зиярат ету, сыйлық беру секілді сүйіспеншілікті арттыратын істер. «Тағатуф» – бір-бірінің қажетіне жарау, мысалы, киім беру.

4. Қади Ияд мүміндердің бір денеге теңелуін орнықты теңеу деп бағалаған. Мұндай теңеу көзге көрінбейтін ақиқатты оқырманның алдына суреттей жайып, оны ұғынуды жеңілдетеді.

Хадис мұсылмандардың бір-біріндегі ақысының қаншалықты зор екенін көрсетіп, өзара жәрдемдесуге, бір-біріне сүйеу болуға үндейді. Ибн Әбу Жамра: «Пайғамбар (с.а.с.) иманды денеге, ал иман иелерін оның мүшелеріне теңеді. Иман – негіз, міндеттер – оның тармақтары. Бұл діңі мен бұтақтары бар ағаш тәрізді. Бір бұтағын қозғасаң, қалған бұтақтары да сілкінеді», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 27-тарау, №6011; Мүслим, «Бирр», №2586.