وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا أَحَبَّ اللَّهُ تَعَالَى الْعَبْدَ نَادَى جِبْرِيلَ: إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ فُلَانًا فَأَحِبَّهُ. فَيُحِبُّهُ جِبْرِيلُ. ثُمَّ يُنَادِي فِي أَهْلِ السَّمَاءِ: إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ فُلَانًا فَأَحِبُّوهُ، فَيُحِبُّهُ أَهْلُ السَّمَاءِ. ثُمَّ يُوضَعُ لَهُ الْقَبُولُ فِي الْأَرْضِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ مُسْلِمٌ: «وَإِذَا أَبْغَضَ عَبْدًا نَادَى جِبْرِيلَ: إِنِّي أُبْغِضُ فُلَانًا فَأَبْغِضْهُ. فَيُبْغِضُهُ جِبْرِيلُ، ثُمَّ يُنَادِي فِي أَهْلِ السَّمَاءِ: إِنَّ اللَّهَ يُبْغِضُ فُلَانًا فَأَبْغِضُوهُ، فَيُبْغِضُونَهُ، ثُمَّ تُوضَعُ لَهُ الْبَغْضَاءُ فِي الْأَرْضِ».
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Алла Тағала бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейілге: ‘Алла пәленшені жақсы көреді, сен де оны жақсы көр’, – дейді. Жәбірейіл оны жақсы көреді. Содан соң көк тұрғындарына: ‘Алла пәленшені жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер’, – деп жар салады. Көк тұрғындары да оны жақсы көреді. Сөйтіп, ол жер бетіндегілердің де ықыласына бөленеді”». Мүслім жеткізген нұсқада мына қосымша бар: «Алла бір құлын жек көрсе, Жәбірейілге: “Мен пәленшені жек көремін, сен де оны жек көр”, – дейді. Жәбірейіл оны жек көреді. Содан соң көк тұрғындарына: “Алла пәленшені жек көреді, сендер де оны жек көріңдер”, – деп жар салады. Олар да оны жек көреді. Сөйтіп, ол жер бетіндегілерге де жеккөрінішті болады».1
Түсіндірме
Көк пен жердегі жаратылыстың ықыласына бөленуді қалаған адам әуелі Алланың разылығы мен сүйіспеншілігін мұрат еткені жөн.
Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленудің басты жолы – Пайғамбарға қалтқысыз еру, бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйылу. Адам Пайғамбарға ерген сайын Аллаға жақындай түседі. Құранда Алла Тағала: «Оларға: “Егер Алланы жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді”, – де. Алла – аса Кешірімді, ерекше Мейірімді», – деп баяндайды2.
Ғалымдар бұл аятты «сынақ аяты» деп атаған. Алланы жақсы көретінін айтқан адамның сөзі оның Пайғамбарға қаншалықты ергенінен білінеді. Сүннетін ұстанып, бұйырғанын орындаған, тыйғанынан тыйылған адам сүйіспеншілігін ісімен дәлелдейді. Амалмен бекімеген сөз құр мәлімдеме күйінде қалады.
Алла Тағала жақсы көрген құлы екі дүниенің де бақытына кенеледі. Алла Тағала баршамызға осы нығметті нәсіп етсін!
1. Хадис адамның ізгі де, теріс те ісіне көк тұрғындары – періштелердің де назар аударатынын көрсетеді. Алла Тағала қай құлына разы екенін, кімнің ісін ұнатпайтынын көк тұрғындарына білдіреді. Олар соған сай пендеге рақым тілейді не лағынет айтады. Бұл риуаят адамды жақсылыққа үндеп, оның жер бетіндегі халифа ретіндегі жауапкершілігін де аңғартады.
2. Құлды Алланың сүйіспеншілігіне жеткізетін – ықыласты ниеті мен ізгі амалы. Алланың пендесін жақсы көруі оған разы болуын, жақсылық қалау мен рақым етуін білдіреді. Ал құлдың қарсы келуі мен күпірлігі оны Алланың рақымынан алыстатып, жазаға душар етеді.
3. Жер бетіндегі сүйіспеншілік пен жеккөрушілік адамның амалына қарай жұрттың оны жақын тартуынан не одан теріс айналуынан көрінеді. Алланың достарының шынайы ықыласына бөленуді қалаған кісі алдымен Алланы разы ететін істерді атқаруы керек.