وَفِي لَفْظِ التِّرْمِذِيِّ: «الْمَرْءُ مَعَ مَنْ أَحَبَّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ عَنْ أَبِي ذَرٍّ، وَالتِّرْمِذِيُّ عَنْ صَفْوَانَ بْنِ عَسَّالٍ.
Тирмизи жеткізген бір нұсқада: «Адам жақсы көргенімен бірге болады», – делінген1.
Түсіндірме
1. Ибн Хажардың айтуынша, бұл хадисті жиырма шақты сахаба жеткізген2.
2. «Адам жақсы көргенімен бірге болады» деген сөзге орай мынадай сұрақ туады: «Дос жәннатта досымен бірге болса, Алланың разылығы үшін Пайғамбарды (с.а.с.) бір сәтте жақсы көріп қалған қарапайым бәдәуи де онымен бірге болмақ. Сонда шексіз рухани игілік берілген Алла Елшісі мен әлгі бәдәуидің несібесі қалай қатар келмек?»
Осы ақиқатты бір мысалмен ұғынуға болады. Бір мәрт кісі ғажап бақта мол дастарқан жайыпты делік. Онда көз сүйсінетін көрік те, тіл үйіретін дәм де, адамның сыртқы және ішкі сезімдерін сүйсіндіретін небір ғажап та бар. Екі дос сол дастарқанға қатар отырады. Бірінің көруі мен дәм сезуі әлсіз, иіс сезбейді, әсем бұйымдардың сырын аңғара алмайды. Ол бақтағы сансыз ләззаттың шамасы жеткенін ғана сезеді. Екіншісінің сезімі, ақылы мен жүрегі жетілген. Ол сол бақтың әрбір әсемдігін өзінше танып, әрқайсысынан бөлек ләззат алады. Сонда да екеуі бір дастарқан басында отыр. Осы тар әрі аласапыран дүниеде де дәрежесі жер мен көктей екі адам қатар бола алады. Ендеше, мәңгілік бақыт мекені жәннатта дос досымен бірге болып, әркім Рахманның дастарқанынан өз қабілетіне сай несібесін алады. Жәннаттағы дәрежелерінің бөлек болуы олардың бірге болуына кедергі емес. Жәннаттың сегіз қабаты бірінен бірі биік болғанымен, барлығының үстінде Аршы Ағзам бар. Тау етегінен шыңына дейін бірінің үстіне бірі орналасқан қамалды шеңберлерді елестетейік. Биіктігі бөлек болса да, оларға күн бірдей түседі, бірінен біріне өтуге, бір-бірін көруге болады. Түрлі хадистерде жәннаттың да осыған ұқсас екеніне ишара бар.