Хадис

Кутуб ситтә, № 3485

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
471. № 3482–3485 хадистер
Нөмірі
№ 3485 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
3485
Кутуб ситтә, № 3485 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ هَذِهِ الْآيَةَ: إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَنْ تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا، إِلَى قَوْلِهِ: إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا. فَرَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَضَعُ إِبْهَامَهُ عَلَى أُذُنِهِ، وَالَّتِي تَلِيهَا عَلَى عَيْنِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мына аятты оқығанын естідім. “Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ, Басир!” (“Ниса”, 58-аят). Осы кезде Алла елшісінің бас бармағын құлағына, сұқ саусағын көзіне қойғанын көрдім»1.

Түсіндірме

Әбу Дәуіт бұл хадисті «Жәһмия» тарауында, осы ағымның пікірін терістеу үшін берген. Мұнда хадис қысқартылып алынған. Оның жалғасында Ибн Юнус Муқридің: «Яғни Алла – Сәмиғ, Басир. Оның естуі де, көруі де бар», – дегенін жеткізеді.

Муқри де, Әбу Дәуіт те: «Бұл – Жәһмияның пікірін терістейтін дәлел», – деген. Жәһмия – әһл-сүннет уәл-жамағаттан бөлек, Алланың әзәли сипаттарын жоққа шығарған ағым. Өкілдері: «Аллаға есту мен көру сияқты жаратылысқа тән сипаттарды телу Оны құлға ұқсату болады. Сондықтан Оған Хай, Алим, Мүтәкәллим, яғни тірі, білуші және сөйлеуші сипаттары телінбейді, өйткені бұл сипаттар адамда да бар», – деген. Олардың пікірінше, Аллаға Қадир, Халиқ, Фағил, Мухйи, Мумит, яғни құдіретті, жаратушы, іс істеуші, тірілтуші және жан алушы сияқты сипаттарды телуге болады. Өйткені, олардың ойынша, бұл сипаттарды жаратылысқа телуге келмейді.

Жәһмия өкілдері адамның өз бетімен іс істеуге күші жетпейді, ол Алла белгілеп, жаратқан әрекеттерді ғана орындауға мәжбүр деп есептеген. Сондай-ақ «Құран жаратылған» деген пікірді ұстанған.

Алла елшісі (с.а.с.) аяттағы «Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ, Басир!» деген сөзді оқығанда құлағы мен көзін көрсеткен. Осылайша Алланың естіп, көретінін сөзімен де, ишарасымен де растаған. Бұл әрекет адамдарда кездесетін сипаттарды Аллаға телуге болмайды деген Жәһмияның пікірін терістейді.

Хаттаби былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Алла естуші әрі көруші” деген мағынадағы сөзді оқығанда, саусағын құлағы мен көзіне қойды. Бұл ишараның мәні Алланың көруі мен естуін растауда. Көз бен құлақ – дене мүшелері. Алла адамға тән сипаттардан пәк. Оның мүшелері жоқ, жүзі жоқ, бөліктерге бөлінбейді. Оның ұқсасы жоқ. Ол – Сәмиғ, Басир».

Әһл-сүннеттің кей ғалымы Хаттабидің осы пікіріне қарсы шығып, былай деген: «Хаттабидің “Алланың көзі мен құлағы жоқ” деуі зерттеуші ғалымға тән сөз емес. Алланы Өзі және Елшісі сипаттаған сипаттармен сипаттайтын ғалымдар Құран мен сүннетте айтылмаған сипаттарды ойдан қоспайды. Мысалы, Алла тағала Өзі туралы: “Уа, Мұса! Мен өз тарапымнан адамдардың жүрегіне саған деген сүйіспеншілік сезімін ұялаттым. Сен Менің бақылауым мен қорғауымда тәрбиеленген едің.” (“Таһа”, 39-аят) және “Біздің тікелей бақылауымыз һәм уахи арқылы кемені жасағын” (“Һуд”, 37-аят) деп сипаттаған.

Хаттабидің “Алланың дене мүшелері, жүзі жоқ, Ол бөлінбейді” дегені – кейіннен қосылған сөз. Сәләфтың ешбірі мұны бір сипатты терістеу немесе бекіту үшін айтпаған. Олар Алланы Өзі білдірген сипаттарымен сипаттап, білдірмегеніне келгенде үндемеген. Сипаттардың қалай болатынын айтпаған, тәмсіл келтірмеген, Алланы жаратылысқа ұқсатпаған. Оны жаратылысқа ұқсатқан адам күпірлікке түседі. Алланың Өзін сипаттауы мен Елшісінің Оны сипаттауы ұқсату болып саналмайды. Алланың есту және көру сипаттарын растау – хақ».

Мұнда келтірілген сәләф көзқарасына сәйкес, Құранда Аллаға телінген сипаттардың бәрі хақ. Олар төмендегі аяттарға сүйенген.

وَيَبْقَىٰ وَجْهُ رَبِّكَ «Тек сенің асқан айбат пен ұлылық әрі теңдессіз жомарттық иесі Раббыңның бір Өзі ғана мәңгі-бақи қалады!» («Рахман», 27-аят). Сәләф бұл аяттан Алланың уәжһі бар екенін түсінген. خَلَقْتُ بِيَدَيَّ «Өзім ардақтап жаратқаныма» («Сад», 75-аят). Олар бұл үзіндіде Оның екі қолы аталғанын айтқан. تَجْرِي بِأَعْيُنِنَا «Біздің тікелей бақылауымызбен жүзіп бара жатты» («Қамар», 14-аят). Олар мұнда Оның көзі туралы айтылғанын білдірген. وَجَاءَ رَبُّكَ وَالْمَلَكُ صَفًّا صَفًّا «Раббыңның жарлығы келіп, періштелер де қаз-қатар сап түзеген күйде келген кезде» («Фәжр», 22-аят). Олар осы аяттан Алланың қиямет күні келетінін, ал хадистен дүниенің аспанына түсетінін түсінген. Сәләф ғалымдары: «Аят пен хадисте келген осы сипаттарға иман етеміз. Бұлар Алланың сипаттары деп сенеміз. Астарындағы мәнін Алла ғана білетіндіктен, бұл мәселеде үндемейміз», – деген.

Мұнда кәлам ғалымдарының пікірталасына егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Дегенмен сәләфтың көзқарасын түсінуге көмектесетін, Алланы Аршқа истиуа етті2 деп сипаттауға қатысты бірнеше пікірді келтіреміз. Ибн Хажар «Фатх әл-Бариде» Үммі Сәләмадан мына сөзді жеткізген: «Истиуаның айтылғаны мәлім, ал қалай болғанын ақылмен ұғу мүмкін емес. Оны мойындау – иман, жоққа шығару – күпірлік».

Рабиға ибн Әбу Абдуррахманнан: «Алла тағала Аршқа қалай истиуа етті?» – деп сұрағанда, ол: «Истиуаның айтылғаны мәлім, ал қалай болғанын ақылмен білу мүмкін емес. Алла елші жібереді, елшінің міндеті – жеткізу, менің де, сенің де міндетіміз – мойынсұну», – деп жауап берген.

Әузағи былай дейді: «Табиғиндер көп болған кезде біз: “Алла Аршының үстінде. Сүннетте Алла туралы жеткен сипаттарға иман етеміз”, – дейтінбіз».

Әузағиден ثُمَّ اسْتَوَىٰ عَلَى الْعَرْشِ «Содан кейін Аршқа “истиуа” етті» («Рағыд», 2-аят) деген аят үзіндісінің мәнін сұрағанда, ол: «Рахман Өзін қалай сипаттаса, солай Аршқа истиуа етті», – деп жауап берген. Бәйһақи Абдулла ибн Уәһбтің мына сөзін келтіреді: «Біз Имам Мәлік ибн Әнәстің қасында едік. Бір кісі келіп: “Уа, Әбу Абдулла! الرَّحْمَٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَىٰ ‘Рахман Аршқа истиуа етті’. Ол қалай истиуа етті?” – деп сұрады. Имам Мәлік басын төмен түсіріп, үндемеді. Маңдайынан тер шықты. Содан соң: “Истиуаның айтылғаны мәлім. Қалай болғанын ақылмен білу мүмкін емес. Оған иман ету – уәжіп, қалай болғанын сұрау – бидғат. Мен сені бидғатшы деп білемін”, – деді де, оны шығарып жіберуді бұйырды».

Басқа риуаятта Имам Мәліктің: «Оны мойындау – уәжіп, қалай болғанын сұрау – бидғат», – деген жауабы берілген.

Жәһмия өкілдері әһл-сүннеттің осы ұстанымына қарсы шығып, мұны Алланы адамға ұқсату, яғни ташбиһ деп санаған.

Исхақ ибн Раһуя оларға: «Бұл – ташбиһ емес. Егер “Алланың қолы біздікіндей” десек, сонда ғана ұқсату болады», – деп жауап берген.

Сәури, Мәлік, Ибн Уяйна мен Ибн әл-Мүбәрак сияқты алғашқы мұсылман ғалымдары: «Біз бұл хадистерге өз тарапымыздан түсіндірме қоспай иман етеміз», – деген.

Ибн Абдулбәрр былай дейді: «Әһл-сүннет ғалымдары Құран мен сүннетте келген Алланың осы сипаттарын мойындауға бірауыздан келіскен. Олардың ешқайсысының қалай болатынын жорамалдамайды. Ал Жәһмия, Мұғтазила және Харижия: “Кімде-кім осы сипаттарды мойындаса, Алланы адамға ұқсатқан болады”, – деген».

Алғашқы мұсылмандар мұташабиһ аяттарға толық иман етуді негізге алған. Кейін грек философиясы білім иелерінің арасында кең тарап, әр мәселеге ақылға сүйенген түсіндірме іздеген кезде, сенімі әлсіреп, бойсұнуы босаған адамдар бұл ұстанымға қанағаттанбайтын болды. Осы жағдай ғалымдарды мұташабиһ аяттарды тәуил етуге итермеледі. Әһл-сүннет уәл-жамағаттың кейінгі ғалымдары сөзбе-сөз оқығанда Алланы жаратылысқа ұқсататындай көрінетін аяттарды әһл-сүннет сеніміне сай түсіндірді. Мәселен, Ғазалидің айтуынша, Аллаға қол-аяқ, саусақ, пішін немесе кейіп телінгендей көрінетін аят пен хадисті естіген адам бұл сөздердің екі мағынасы болуы мүмкін екенін білуі керек.

1) Сөз тура мағынада алынса, Аллаға пішін мен дене телініп, Ол жаратылысқа ұқсатылған болар еді. Құранда «Оның ешқандай ұқсасы жоқ» («Шура», 11-аят) делінгендіктен, бұл мағына меңзелуі мүмкін емес.

2) Сөз ауыспалы мағынада қолданылуы мүмкін. Мәселен, «Мемлекет басшының қолында» дегенде, «қол» билікті меңзейді. Басшының қолы кесілген болса да, сөздің мағынасы өзгермейді. Сол сияқты аят пен хадистегі Аллаға қатысты кейіп, пішін немесе дене туралы түсінік тудыратын сөздер тура мағынасында алынбайды. Оларды тілдегі ауыспалы мағынасына сай ұққан жөн.

Кейінгі ғалымдардың аят пен хадисте Алланың істеріне қатысты келген кейбір сөздерді ислам итиқатына үйлесетін, ақылға қонымды мағынада түсіндіруі тәуил деп аталады. Имам Матуриди, Имам Әшғари және Имам Ғазали ұстанған осы әдісті үмбет құптаған.

Қонақ күту

«Той» деп тілімізде үйлену, туған күн, бір жетістікке жету немесе бір істің ашылуы сияқты қуанышты оқиғаны атап өту үшін жайылған дастарханды айтады. Әдетте тойға көп адам жиналады. Бір кісіге ғана ас беру той саналмайды. Араб тіліндегі «дияфа» сөзі үйге келген адамды қонақ етіп күтуді білдіреді. Оның тілімізде кең қолданылатын баламасы – «қонақ күту». «Қонақ ету», «қонақ болу», «қонақжай», «қонақжайлық» сияқты сөздер де тілімізге сіңген. Халқымыз атадан балаға жалғасқан қонақжайлық дәстүрін осы күнге дейін ұстанып келеді.

Ал араб тіліндегі «мусафир» сөзі жолға шыққан адамды, яғни жолаушыны білдіреді.

Бұл сөздің «қонақ күтуге» қатысы жоқ. Араб тілінен енген сөздер қолданыста әртүрлі мағынаға ие болғандықтан, қонақты күту мен сапарға шыққан жолаушы ұғымдарын шатастырмау үшін осыны атап өттік. Кей кітаптарда бұл сөздер бастапқы мағынасында кездеседі. «Тәйсир әл-усулда» «Дастархан жаю» деп берілген бұл тақырып қонақ күтуге қатысты. Сондықтан бөлімді тіліміздегі қолданысқа сай «Қонақ күту» деп атадық.

Ислам адам өмірінен ажырамайтын осы дәстүрге мән беріп, оған қатысты бірқатар әдепті белгілеген. Мүмін үй иесі болса да, қонақ болса да, осы әдептерді біліп, ұстануы керек.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 19 (4728).
  2. 2«Таһа», 5-аят. الرَّحْمَٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَىٰ «Рахман Аршқа “истиуа” етті». Аллаға мекен телу мәселесімен байланысты бұл аят төңірегінде талас туған. Келтірілген риуаят сәләфтың ұстанымын көрсетеді. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 10/292–293.