Хадис

Кутуб ситтә, № 3491

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
472. № 3486–3491 хадистер
Нөмірі
№ 3491 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
3491
Кутуб ситтә, № 3491 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ أَبِي شُرَيْحٍ الْعَدَوِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ جَائِزَتَهُ. قَالُوا: وَمَا جَائِزَتُهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: يَوْمُهُ وَلَيْلَتُهُ، وَالضِّيَافَةُ ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ، وَمَا وَرَاءَ ذَلِكَ فَهُوَ صَدَقَةٌ، وَلَا يَحِلُّ لَهُ أَنْ يُقِيمَ عِنْدَهُ حَتَّى يُؤْثِمَهُ. قَالُوا: كَيْفَ يُؤْثِمُهُ؟ قَالَ: يُقِيمُ عِنْدَهُ وَلَيْسَ لَهُ شَيْءٌ يُقْرِيهِ بِهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «الْجَائِزَةُ»: الْعَطِيَّةُ. قَالَ الْإِمَامُ مَالِكٌ: يُكْرِمُهُ وَيُتْحِفُهُ وَيَحْفَظُهُ يَوْمًا وَلَيْلَةً، وَيُضَيِّفُهُ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Шурәйх әл-Адауи (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қонағын құрметтеп, тиісті сыйын берсін”, – деді. Сахабалар: “Уа, Алланың елшісі, оның сыйы не?” – деп сұрады. Ол: “Бір күн мен бір түн. Қонақ күту – үш күн. Одан артығы – садақа. Қонақтың үй иесін күнәға қалдыратындай ұзақ отыруына рұқсат жоқ”, – деді. Сахабалар: “Қонақ оны қалай күнәға қалдырады?” – деп сұрады. Ол: “Үй иесінің қонаққа берер ештеңесі болмаса да, оның үйінде қала беру арқылы”, – деп жауап берді»1.

وَمَعْنَى «يُؤْثِمُهُ»: يُوقِعُهُ فِي الْإِثْمِ.

Түсіндірме

1. Мұндағы «иман» кемел иманды білдіреді. Яғни Аллаға және ақырет күніне кәміл сенген адам қонағын құрметтейді. Қонағын шын ықыласымен күтіп, сый көрсеткені – адамның иманы кемел екенінің бір белгісі.

2. Ғалымдар хадистегі қонақ күтуді жылы жүзбен қарсы алу, жылы сөз айту және үш күн ас беру деп түсіндірген. Үй иесі мейманды алғашқы күні барын салып күтеді. Қалған екі күнде өзіне артық ауыртпалық артпай, қолында бар асын ұсынады.

3. «Жаиза» сый, тарту дегенді білдіреді. Алғашқы күн мен түнде көрсетілетін құрмет өзге күндердегіден айрықша болғандықтан, осылай аталған. Қалған екі күнде үй иесі қонаққа өзі ішіп-жейтін әдеттегі асын береді. Имам Мәліктің түсіндіруінше, үй иесі қонағына бір күн мен бір түн сый-құрмет көрсетіп, тарту беріп, оны қорғауына алады. Қонақ күтудің жалпы мерзімі – үш күн.

Нәуауи: «Қонақ күту ислам құптаған істердің бірі екеніне мұсылмандар бірауыздан келіскен», – дейді.

Шафиғи, Мәлік, Әбу Ханифа және ғалымдардың көпшілігі қонақ күтуді сүннет санаған. Ахмад ибн Ханбал мен Ләйс дала мен ауыл тұрғындарына қонақты бір күн, бір түн күту уәжіп, ал қала тұрғындарына уәжіп емес деген.

Көпшілік ғалымдар мұндай хадистерді құпталатын іс пен көркем мінезге шақыру деп түсіндірген. Хаттаби мен кей ғалымдардың оны зәру күйде қалған адамға қатысты деп түсіндіргені жоғарыда айтылды.

4. Қонақтың үй иесін күнәға қалдыруы әртүрлі болуы мүмкін. Қонақ үш күннен артық отырса, үй иесі «Неге кетпейді?» деп оның сыртынан ғайбат айтуы ықтимал. Қонақтың ұзақ қалуы үй иесін алаңдатып, оны жаман ойға да салуы мүмкін. Хадисте үй иесінің қонаққа берер ас-суы болмағандықтан қиналатыны да айтылады.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 31, 85, «Риқақ», 23. Мүслим, «Иман» (48), «Луқата» (1726а). Мәлік, «Муатта», «Сифат ән-нәби», 22 (2/929). Әбу Дәуіт, «Атғима», 5 (3748). Тирмизи, «Бирр», 43 (1968–1969).