وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ أَعْرَابِيًّا دَخَلَ الْمَسْجِدَ وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ جَالِسٌ، فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ قَالَ: اللَّهُمَّ ارْحَمْنِي وَمُحَمَّدًا، وَلَا تَرْحَمْ مَعَنَا أَحَدًا. فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: لَقَدْ تَحَجَّرْتَ وَاسِعًا. ثُمَّ لَمْ يَلْبَثْ أَنْ بَالَ فِي الْمَسْجِدِ، فَأَسْرَعَ إِلَيْهِ النَّاسُ، فَنَهَاهُمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَقَالَ: إِنَّمَا بُعِثْتُمْ مُيَسِّرِينَ وَلَمْ تُبْعَثُوا مُعَسِّرِينَ، صُبُّوا عَلَيْهِ سَجْلًا مِنْ مَاءٍ، أَوْ قَالَ: ذَنُوبًا مِنْ مَاءٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا، وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ رَحِمَهُمَا اللَّهُ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мешітте отырғанда, бір бәдәуи кіріп, екі рәкат намаз оқыды. Сосын: “Уа, Алла, маған және Мұхаммедке рақым ете гөр! Бізден басқа ешкімге рақым етпе”, – деп дұға етті. Алла елшісі: “Кең нәрсені тарылттың ғой”, – деді. Көп ұзамай бәдәуи мешіт ішінде кіші дәрет сындырып қойды. Жұрт оған ұмтылғанда, Алла елшісі оларды тоқтатып: “Сендер жеңілдетуші болып жіберілдіңдер. Қиындық туғызушы болып жіберілген жоқсыңдар. Оның үстіне бір шелек су құйыңдар”, – деді»1.
Түсіндірме
Бұл – алдыңғы хадистегі оқиға. Тазалыққа қатысты үкімі де сол хадистің түсіндірмесінде берілді. Мұнда бәдәуидің мешітке кіріп екі рәкат намаз оқығаны, содан соң Алладан тек өзіне және Алла елшісіне рақым тілеуі қосымша айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) мұндай дұғаны құптамаған. Хаттабидің айтуынша, تَحَجَّرْتَ сөзі حَجْرٌ, яғни «хажр» сөзінен тарайды.
«Хажр» құқықтық қолданыста «тыйым салу», «кісінің өз мал-мүлкіне билік ету құқығын шектеу» дегенді білдіреді. Алла елшісі бәдәуиге: «Алланың бәрін қамтитын рақымын екеумізге ғана арнап, кең нәрсені тарылттың», – деген. Демек, намаздан кейін адам өзі мен жақындары үшін Алладан рақым мен кешірім сұрағанда, өзге мүміндерге де соны тілеуі керек. Мұны дұға әдебі талап етеді.
- 1Бұхари, «Дәрет», 58 (220). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 138 (380). Тирмизи, «Таһарат», 112 (147). Нәсәи, «Таһарат», 45 (1/48–49).