وَعَنْ يَحْيَى بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ حَاطِبٍ: «أَنَّهُ اعْتَمَرَ مَعَ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي رَكْبٍ فِيهِمْ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ، وَإِنَّ عُمَرَ عَرَّسَ بِبَعْضِ الطَّرِيقِ قَرِيبًا مِنْ بَعْضِ الْمِيَاهِ، فَاحْتَلَمَ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ، وَقَدْ كَادَ أَنْ يُصْبِحَ، فَلَمْ يَجِدْ مَعَ الرَّكْبِ مَاءً، فَرَكِبَ حَتَّى جَاءَ الْمَاءَ، فَجَعَلَ يَغْسِلُ مَا رَأَى مِنْ ذَلِكَ الِاحْتِلَامِ حَتَّى أَسْفَرَ. فَقَالَ لَهُ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ: أَصْبَحْتَ وَمَعَنَا ثِيَابٌ، فَدَعْ ثَوْبَكَ يُغْسَلُ. فَقَالَ عُمَرُ: وَا عَجَبًا لَكَ يَا ابْنَ الْعَاصِ! لَئِنْ كُنْتَ تَجِدُ ثِيَابًا، أَفَكُلُّ النَّاسِ يَجِدُ ثِيَابًا؟ وَاللَّهِ لَوْ فَعَلْتُهَا لَكَانَتْ سُنَّةً، بَلْ أَغْسِلُ مَا رَأَيْتُ وَأَنْضَحُ مَا لَمْ أَرَهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Яхия ибн Абдуррахман ибн Хатиб Омар ибн әл-Хаттабпен (р.а.) бірге умраға барғанын айтады. Керуенде Амр ибн әл-Ас (р.а.) та бар еді. Омар жолай су көзіне жақын бір жерге аялдап, ұйықтап қалды. Таң атуға таяғанда ұйқыда одан мәни бөлінді. Керуеннен су табылмаған соң, көлігіне мініп, су көзіне жетті де, киіміндегі мәни тиген жерді жуа бастады. Осы кезде таң ағарып кетті. Амр ибн әл-Ас оған: «Таң атты, жанымызда таза киім бар. Мұны қоя тұр, кейін жуылады», – деді. Омар: «Уа, Ибн әл-Ас, сөзіңе таңмын! Сен киім таба алсаң, жұрттың бәрі таба ала ма? Аллаға ант етемін, олай істесем, ол жұртқа жол болып қалар еді. Мен көрінген дақты жуамын, көрінбеген жеріне су бүркемін», – деді1.
Түсіндірме
Риуаяттан Омардың (р.а.) киіміндегі көрініп тұрған мәниді жуып, қалған жерін жумай қалдырғаны аңғарылады. Амр ибн әл-Ас таң атқанын айтып, қасындағы таза киімнен біреуін киіп, кірлеген киімді кейін жууды ұсынған. Әбул-Уәлид әл-Бажи атап өткендей, Омар Алла елшісінің (с.а.с.) «Менің сүннетімді және менен кейінгі тура жолдағы халифалардың сүннетін берік ұстаныңдар» деген хадисін жұрттың қалай қабылдағанын жақсы білген. Сол жауапкершілікті сезініп, ұсынысты қабылдамаған әрі үмбетке мұндай жағдайда ұстануға болатын жеңіл жолды көрсеткен. Көзге көрінген дақты жуып, қалған жерге су бүрку киімнің тазалығы үшін жеткілікті.
Әбул-Уәлид әл-Бажи осы риуаятқа сүйеніп, мәлики мәзһабында су бүрку уәжіп екенін айтады. Оның түсіндіруінше, уақыт тарылып, жұртқа дереу намаз оқыту керек тұрғанда, оны намазға кедергі болатын бір міндетті іс үшін ғана кешіктіруге болады.
Әбу Ханифа мен Шафиғи (рахимаһумалла): «Күмәнға сүйеніп су бүрку қажет емес. Көзге көрінбеген дақ жоқ деп саналып, киімнің қалған жеріне таза деген үкім беріледі», – деген.
- 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 83 (1/50).