وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُكَيْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَتَبَ إِلَى جُهَيْنَةَ قَبْلَ مَوْتِهِ بِشَهْرٍ: لَا تَنْتَفِعُوا مِنَ الْمَيْتَةِ بِإِهَابٍ وَعَصَبٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلتِّرْمِذِيِّ: «قَبْلَ مَوْتِهِ بِشَهْرَيْنِ».
Абдулла ибн Укәйм (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) дүние саларынан бір ай бұрын Жуһәйна тайпасына: “Өлексенің шикі терісін де, сіңірін де пайдаланбаңдар”, – деп хат жазды»1.
Тирмизидегі бір нұсқада «Дүние саларынан екі ай бұрын» делінген.
Түсіндірме
Бұл хадистің сыртқы мағынасы алдыңғы риуаяттарға қайшы: өлексенің терісі тазармайды әрі пайдаланылмайды. Алайда ғалымдар оның жеткізілу жолдарындағы қайшылықтар үйлеспегендіктен, мұдтариб деп танып, үкімге негіз бола алмайтындай әлсіз санаған. Ахмад ибн Ханбал алғашында «Дүние саларынан екі ай бұрын» деген сөзге сүйеніп, мұны Пайғамбардың (с.а.с.) соңғы нұсқауы деп түсінген және үкімін негізге алған. Кейін өзі де риуаяттағы қайшылыққа байланысты бұл пікірінен қайтқан деседі.
Кей зерттеушілер риуаятты мұдтариб санауға негіз жоқ деген. Бұл пікір бойынша, оның үкіміне амал етілмеуінің себебі – одан сахих риуаяттарға қайшы келуі. Қайшылықты сөз мағынасына сүйеніп түсіндіруге де болады. Хадистегі «иһаб» сөзі иленбеген шикі теріге қатысты айтылады. Иленген теріден жасалған ыдыс «қырба» немесе «шәнн» деп аталады.
Ибн Хажар тыйымды ит пен доңыздың терісіне немесе терінің ішкі жағына ғана қатысты деп түсіндірген пікірлерді құптамаған. Сондай-ақ риуаятты жеткізген Абдулла ибн Укәйм Алла елшісі (с.а.с.) тірі кезінде бір жасар бала болған деген уәжбен қайшылықты шешуге тырысқандармен келіспеген.
- 1Әбу Дәуіт, «Либас» (4127–4128) • Тирмизи, «Либас» (1729) • Нәсәи, «Фәрәғ уәл-атира», 9 (7/175) • Ибн Мәжа, «Либас» (3613).