وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ الْبَاهِلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ عَمْرَو بْنَ عَبَسَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: قُلْتُ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ كَيْفَ الْوُضُوءُ؟ قَالَ: أَمَّا الْوُضُوءُ، فَإِنَّكَ إِذَا تَوَضَّأْتَ فَغَسَلْتَ كَفَّيْكَ فَأَنْقَيْتَهُمَا، وَغَسَلْتَ وَجْهَكَ وَيَدَيْكَ إِلَى الْمِرْفَقَيْنِ، وَمَسَحْتَ رَأْسَكَ، وَغَسَلْتَ رِجْلَيْكَ إِلَى الْكَعْبَيْنِ اِغْتَسَلْتَ مِنْ عَامَّةِ خَطَايَاكَ، فَإِنْ أَنْتَ وَضَعْتَ وَجْهَكَ لِلَّهِ عَزَّ وَجَلَّ خَرَجْتَ مِنْ خَطَايَاكَ كَيَوْمَ وَلَدَتْكَ أُمُّكَ. قَالَ أَبُو أُمَامَةَ: فَقُلْتُ يَا عَمْرُو بْنَ عَبَسَةَ: انْظُرْ مَا تَقُولُ: أَكُلُّ هَذَا يُعْطَى فِي مَجْلِسٍ وَاحِدٍ؟ فَقَالَ: أَمَا وَاللَّهِ لَقَدْ كَبُرَتْ سِنِّي، وَدَنَا أَجَلِي، وَمَا بِي مِنْ فَقْرٍ فَأَكْذَبَ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَلَقَدْ سَمِعَتْهُ أُذُنَايَ وَوَعَاهُ قَلْبِي مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ. وَهَذَا لَفْظُ النَّسَائِيِّ، وَهُوَ طَرَفُ حَدِيثٍ طَوِيلٍ يَتَضَمَّنُ اسْمَ عَمْرِو بْنِ عَبَسَةَ، وَسَيَجِيءُ إِنْ شَاءَ اللَّهِ تَعَالَى فِي كِتَابِ الْفَضَائِلِ مِنْ حَرْفِ الْفَاءِ.
Әбу Умама әл-Бәһили (р.а.) былай дейді: «Амр ибн Абасадан (р.а.) мына сөзді естідім: “Алла елшісінен (с.а.с.): ‘Дәрет қалай алынады?’ – деп сұрадым. Ол: ‘Дәрет алғанда, екі алақаныңды жуып, жақсылап тазалайсың. Жүзіңді, қолыңды шынтағыңа дейін жуасың. Басыңа мәсіх тартып, аяғыңды тобығыңа дейін жуасың. Сонда күнәларыңның көбінен тазарасың. Ал ұлы Аллаға сәжде етсең, анаңнан туған күндегідей күнәларыңнан пәк боласың’, – деді”».
Әбу Умама сөзін жалғап: «Уа, Амр ибн Абаса, не айтып тұрғаныңа мән бер! Осының бәрі бір отырыста-ақ беріле ме?» – деп сұрағанын айтады. Амр: «Аллаға ант етемін, жасым ұлғайды, ажалым жақындады. Алла елшісіне (с.а.с.) жала жауып, өтірік айтуға мәжбүр ететін мұқтаждығым да жоқ. Бұл сөздерді Алла елшісінен өз құлағыммен естідім, жүрегіме түйдім»1, – деген.
Бұл – Нәсәидегі мәтін. Ол Амр ибн Абасаның (р.а.) исламды қалай қабылдағанын баяндайтын ұзақ хадистің бір бөлігі. Толық нұсқасы «Ізгі қасиеттер» бөлімінде келтірілмек.
Түсіндірме
1. Автор Амр ибн Абасаның (р.а.) исламды қабылдау оқиғасын «Ізгі қасиеттер» бөлімінде келтіретінін айтқан. Алайда ол бөлімде Амрға жеке тарау арналмаған. Байқаусызда қалып қойса керек. Сондықтан осы хадистің Мүслимдегі нұсқасының жоғарыда берілмеген бөлігін осында келтіреміз.
Әбу Умама Амр ибн Абаса әс-Сүләмидің мына әңгімесін жеткізеді: «Жаһилият дәуірінде адамдардың адасып, тура жолдан ауытқығанын білетінмін. Өйткені олар пұттарға табынатын. Бір күні Меккеде бір адамның шығып, хабар таратып жүргенін естідім. Дереу түйеме мініп, соған бардым. Алла елшісі (с.а.с.) әлі ашық уағыз айтпай, жасырын жүрген екен. Қауымы да оған өктемдік көрсетіпті. Сөйтіп, Меккеде оның алдына жол тауып кірдім.
– Сен кімсің? – дедім.
– Мен пайғамбармын, – деді. Мен:
– Пайғамбар деген кім? – деп сұрадым. Ол:
– Мені Алла жіберді, – деді.
– Алла сені қандай міндетпен жіберді? – дедім.
– Мені туыстық байланысты сақтауға, пұттарды сындыруға және Алланы жалғыз деп танып, Оған ешнәрсені серік қоспауға шақыру үшін жіберді, – деді. Мен:
– Бұл істе қасыңда кімдер бар? – деп сұрадым.
– Бір азат кісі және бір құл, – деді. Сол күні иман келтіргендерден Алла елшісінің қасында Әбу Бәкір мен Біләл (р.а.) бар еді.
– Мен де саған еремін! – дедім. Алла елшісі:
– Қазір мұны істей алмайсың. Менің және жұрттың жағдайын көрмейсің бе? Әзірге отбасыңа қайт. Дінді ашық уағыздай бастағанымды естігенде келерсің, – деді. Мен үйіме қайттым.
Алла елшісі Мәдинаға қоныс аударғанда, мен әлі де отбасымның жанында едім. Ол туралы хабар сұрастырып, Мәдинаға келген соң жұрттан жағдайын біліп жүрдім. Бір күні Ясрибтен бір топ кісі келді.
– Мәдинаға келген әлгі кісінің жағдайы қалай? – деп сұрадым. Олар:
– Адамдар оған жаппай еріп жатыр. Қауымы оны өлтіргісі келген еді, бірақ мақсатына жете алмады, – деді. Мен Мәдинаға барып, оның алдына кірдім.
– Уа, Алланың елшісі, мені таныдыңыз ба? – дедім.
– Иә, сен маған Меккеде келген кісісің ғой, – деді.
– Иә, – дедім. – Уа, Алланың елшісі, Алла Сізге үйреткен, мен білмейтін істерді маған да үйретіңіз. Намаз туралы айтып беріңізші. Ол былай деді:
– Таң намазын оқы. Содан кейін күн шығып, көтерілгенше намаз оқыма. Өйткені күн шайтанның екі мүйізінің арасынан шығады, сол кезде кәпірлер оған сәжде етеді. Содан кейін найзаның көлеңкесі өз түбіне түскенше, яғни күн тас төбеге келгенше намаз оқы. Өйткені ол намазға періштелер қатысып, куә болады. Сосын намаз оқуды тоқтат. Бұл кезде жаһаннам қыздырылады. Көлеңке қайта ұзара бастағаннан екінті намазын оқығанға дейін намаз оқи бер. Бұл намазға да періштелер қатысып, куә болады. Екінтіден соң күн батқанша намаз оқыма. Өйткені күн шайтанның екі мүйізінің арасынан батады, сол кезде кәпірлер оған сәжде етеді.
Мен тағы сұрадым:
– Уа, Алланың елшісі, дәрет туралы да айтып беріңізші. Алла елшісі:
– Бірің дәрет суын әзірлеп... – деді».
Одан кейінгі бөлігі жоғарыдағы № 3583 хадистегідей.
2. Күннің шайтанның екі мүйізінің арасынан шығуы жайлы түсіндірме № 2418 хадисте берілген.
3. «Мәшһуд» және «махзур» сөздері № 2419 хадисте түсіндірілген.
- 1Мүслим, «Мүсафирин» (832) • Нәсәи, «Таһарат», 108 (1/91–92).