وَعَنْ أَبِي عُبَيْدَةَ بْنِ مُحَمَّدِ بْنِ عَمَّارِ بْنِ يَاسِرٍ قَالَ: «سَأَلْتُ جَابِرَ بْنَ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنِ الْمَسْحِ عَلَى الْخُفَّيْنِ، فَقَالَ: السُّنَّةُ يَا ابْنَ أَخِي. وَسَأَلْتُهُ عَنِ الْمَسْحِ عَلَى الْعِمَامَةِ، فَقَالَ: أَمِسَّ الشَّعَرَ الْمَاءَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Убәйда ибн Мұхаммед ибн Аммар ибн Ясир былай дейді: «Жәбир ибн Абдулладан (р.а.) мәсінің үстіне мәсіх тарту жайында сұрадым. Ол: “Бұл – сүннет, бауырымның баласы”, – деді. Сосын сәлденің үстіне мәсіх тарту жайын сұрадым. Ол: “Суды шашыңа тигіз”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
Бұл – Әбу Ханифа, Мәлік, Шафиғи және басқа да көптеген ғалымның сәлдеге ғана мәсіх тартуға рұқсат жоқ деген үкіміне дәлел болған риуаяттардың бірі. Өйткені сәлде туралы сұраққа берілген «Суды шашыңа тигіз» деген жауап сәлденің сыртын сипау жеткіліксіз екенін меңзейді. Хаттаби былай дейді: «Алла тағала басқа мәсіх тартуды парыз етті (“Мәида” сүресі, 6-аят). Ал басқа мәсіх тарту жөніндегі бұл хадис түсіндіруді қажет етеді. Дініне берік адам Алланың анық әмірі тұрғанда, жорамалға сүйеніп, құлшылығын қатерге тікпейді. Сәлдеге мәсіх тартуды мәсінің үстіне мәсіх тартуға ұқсатудың қисыны алыс. Өйткені сәлдені шешуге қарағанда мәсіні шешу қиын». Бұл мәселе № 3695 хадистен кейін кеңірек түсіндірілді.
- 1Тирмизи, «Таһарат», 75 (102).