وَعَنِ الْمُغِيرَةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «تَوَضَّأَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَمَسَحَ عَلَى الْجَوْرَبَيْنِ وَالنَّعْلَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. وَقَالَ أَبُو دَاوُدَ: وَرُوِيَ هَذَا عَنْ أَبِي مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ ﷺ أَنَّهُ مَسَحَ عَلَى الْجَوْرَبَيْنِ، وَلَيْسَ بِالْمُتَّصِلِ وَلَا بِالْقَوِيِّ.
Мұғира (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) дәрет алып, екі шұлығы мен аяқкиіміне мәсіх тартты».1
وَقَالَ أَبُو دَاوُدَ: وَكَانَ ابْنُ مَهْدِيٍّ لَا يُحَدِّثُ بِهَذَا الْحَدِيثِ، لِأَنَّ الْمَعْرُوفَ عَنِ الْمُغِيرَةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ مَسَحَ عَلَى الْخُفَّيْنِ.
Әбу Дәуіт былай дейді: «Ибн Мәһди бұл хадисті жеткізбеген. Өйткені Мұғирадан жеткен белгілі нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) мәсілеріне мәсіх тартқаны айтылады».
Әбу Дәуіт: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі шұлығына мәсіх тартқаны Әбу Мұса әл-Ашғариден (р.а.) де жеткен. Алайда бұл риуаяттың тізбегі үзік әрі әлсіз», – дейді.
قَالَ أَبُو دَاوُدَ: وَمَسَحَ عَلَى الْجَوْرَبَيْنِ عَلِيُّ بْنُ أَبِي طَالِبٍ، وَابْنُ مَسْعُودٍ، وَالْبَرَاءُ بْنُ عَازِبٍ، وَأَنَسُ بْنُ مَالِكٍ، وَأَبُو أُمَامَةَ، وَسَهْلُ بْنُ سَعْدٍ، وَعَمْرُو بْنُ حُرَيْثٍ. وَرُوِيَ ذَلِكَ عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ وَابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا.
Әбу Дәуіттің айтуынша, Әли ибн Әбу Талиб, Ибн Мәсғуд, Бәра ибн Азиб, Әнәс ибн Мәлік, Әбу Умама, Сәһл ибн Сағд және Амр ибн Хурайс (Алла оларға разы болсын) та шұлыққа мәсіх тартқан. Бұл амал Омар ибн әл-Хаттаб пен Ибн Аббастан (р.а.) да жеткен.
Түсіндірме
Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) шұлығына мәсіх тартқанын көрсетеді. Тахауи аяқкиім де аталғанымен, негізгі мәселе шұлыққа қатысты екенін айтады. Оның пікірінше, шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады. Бірақ ол жүруге төзімді болып, үш миль жолға шыдауы керек. Әли ибн Әбу Талиб, Аммар, Әбу Мәсғуд әл-Ансари, Әнәс, Ибн Омар, Бәра, Біләл, Абдулла ибн Әбу Әуфа, Сәһл ибн Сағд, Әбу Умама, Амр ибн Хурайс және Амр ибн Аббас (Алла оларға разы болсын) осындай шұлыққа мәсіх тартқан сахабалар қатарында аталады.
Тирмизидің айтуынша, Суфиян әс-Сәури, Ибн әл-Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Раһуя және өзге фақиһтер шұлық қалың болса, мәсіх тартуға болады деген. Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед те осы пікірде. Имам Ағзам шұлықтың теріден жасалуын, қалың әрі мәсідей көлемді болуын шарт еткен.
Хадистегі «шұлық» сөзін ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Біреулері теріден, енді біреулері қой жүнінен, ешкі түбітінен, матадан немесе қалың иірілген жіптен жасалған шұлықты меңзеген. Алла елшісі (с.а.с.) мәсіх тартқан шұлық теріден жасалған деген ғалымдар да аз емес. Хадис ғалымдары шұлықтың неден тігілгенін өз өлкесінің ғұрпына сай түсіндірген. Шұлыққа қатысты рұқсат хадисте жалпы айтылғандықтан, сыртқы мағынасы шұлықтың әр түрін қамтиды. Алайда Құранның сыртқы мағынасы бойынша дәретте аяқты жуу керек. Оның үстіне шұлыққа қатысты хадистің сенімділігі мәсіге қатысты хадистікіндей бірауыздан қабылданбаған. Сондықтан ғалымдар шұлыққа еш шартсыз мәсіх тартуды құп көрмеген. Мүслим осыған ишарат етіп: «Құранның аяқты жуу туралы анық әмірі Әбу Қайс пен Хузәйл сияқты әлсіз рауилердің риуаятымен ысырыла салмайды», – дейді. Демек, шұлықтың мәсідей тобықты жауып, үш миль жүруге шыдайтындай қалың әрі берік болуы шарт. Теріден жасалуын міндеттегендер де болған.
Ғалымдар түрлі пікірді таразылай келіп, шұлыққа мәсіх тартқанда фиқһ кітаптарындағы шарттарды басшылыққа алуды жөн көрген. Бұл мәселеде сақ болған абзал. Сонда күмән туған істе дұрыс шешімге келу оңайырақ. Шұлық тез кірлеп, жағымсыз иіс шығаратындықтан, ғалымдар қойған шарттарды елемей, оның үстінен мәсіх тарту мәселені шешпей, қиындықты көбейтеді.
Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) мұндай кезде күмәнді істен сақтануға кеңес берген: دَعْ مَا يَرِيبُكَ إِلَىٰ مَا لَا يَرِيبُكَ «Күмән тудыратын істі қойып, күмән тудырмайтын іске бет бұр»2. Қазір киілетін жұқа шұлық аяқты тұтас қымтайтын, теріден тігілгендей қалың бұйымға жатпайды. Сондықтан оған мәсіх тартуға болмайды.