وَفِي أُخْرَىٰ: «مَا كُنْتُ أُرَىٰ بَاطِنَ الْقَدَمَيْنِ إِلَّا أَحَقَّ بِالْغَسْلِ، حَتَّىٰ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَمْسَحُ عَلَىٰ ظَهْرِ خُفَّيْهِ».
Тағы бір нұсқада Әли: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі мәсісінің үстіне мәсіх тартқанын көргенге дейін аяғымның табанын жуған орынды деп ойлайтынмын», – деген.1
Түсіндірме
1. Әлиден жеткен осы үш нұсқа мәсіхтің қалай тартылатыны жеке пайыммен айқындалмайтынын көрсетеді. Мәсіх тек тазарту үшін жасалса, дымқыл қолмен мәсінің табанын сипау ақылға қонымдырақ болар еді. Өйткені мәсінің үстінен гөрі табаны кірлейді. Дегенмен мәсіх мәсінің астына емес, үстіне тартылады. Бұл – дініміз мүміндерге берген жеңілдік. Оны орындағанда шариғат бекіткен үлгі негізге алынады.
2. Риуаяттың арабша мәтінінде «мәсіх тарту» орнына «жуу» сөзі де келген. Ғалымдар осы қолданыста мәсіх меңзелгенін түсіндірген. Егер сөз тура мағынадағы жуу туралы болса, табан мен аяқтың үсті бөлек аталмас еді. Өйткені мәсіге мәсіх тартылмайтын жағдайда аяқтың асты мен үсті тобыққа дейін, құрғақ жер қалмайтындай жуылады.
Мұндағы «аяққа мәсіх тарту» тіркесі де аяққа киілген мәсінің үстінен мәсіх тартуды білдіреді.
3. Дәһләуи хадисті былай түсіндіреді: «Шафиғи: “Мәсінің үстіне мәсіх тарту – парыз, табанына мәсіх тарту – сүннет”, – деген. Әбу Ханифа: “Мәсінің үстіне ғана мәсіх тартылады”, – деген».
4. Бұл хадис шариғат мәселесінде кісінің жеке пайымына сүйенбей, сүннетте көрсетілген үлгіні басшылыққа алу керегін көрсетеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 63 (163–164).