وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ قَالَتْ: «كُنَّا إِذَا أَصَابَتْ إِحْدَانَا جَنَابَةٌ، أَخَذَتْ بِيَدَيْهَا ثَلَاثًا فَوْقَ رَأْسِهَا، ثُمَّ تَأْخُذُ بِيَدِهَا عَلَى شِقِّهَا الْأَيْمَنِ، وَبِيَدِهَا الْأُخْرَى عَلَى شِقِّهَا الْأَيْسَرِ». «الْحِلَابُ»: الْمِحْلَبُ، وَهُوَ الْإِنَاءُ الَّذِي يُحْلَبُ فِيهِ.
Бұхаридің басқа риуаятында Айша (р.а.) былай дейді: «Біріміз жүніп болып қалсақ, қос алақанымызбен басымызға үш рет су құятынбыз. Содан кейін бір қолымызбен басымыздың оң жағына, екінші қолымызбен сол жағына су жеткізетінбіз»1.
Түсіндірме
1. Айша (р.а.) жеткізген бұл риуаяттардың арасында аздаған айырма бар. Олар Алла елшісі (с.а.с.) мен жұбайларының қалай ғұсыл алғанын егжей-тегжейлі баяндайды. Ғұсылдың тәртібін былай түйіндеуге болады:
a) Әуелі намазға алатындай дәрет алу.
• Қолдарына су құйып жуу.
• Жұққан ластықты (әзаны) жуып кетіру. Кей риуаятта жыныс мүшесін жуу керектігі ашық айтылған. Сонда ыдыстан су алғанда, қол суды ластамайды.
• Жуылған қолды ыдысқа салып, дәрет алу. Аяқ жуу ғұсылдың соңына қалдырылады. Бұл № 3751 хадисте айтылған.
ә) Қолды қайта сулап, саусақпен шаштың түбін салалап ылғалдау. Сонда жуынғанда құйылған су ысырап болмай, бастың барлық жеріне жетеді.
б) Басқа үш рет су құйып жуу. Әйелдер шашының өріміне байланысты бес реттен су құйған.
в) Содан кейін дененің әуелі оң, сосын сол жағына үш реттен су құйып, қолмен ысқылап жуу.
г) Ең соңында аяқтарды жуу. Сонда төменге шашыраған лас су да шайылып кетеді.
Денені осылайша бөліп жуудың екі мақсаты болса керек:
• Суды аз жұмсап, ысырапқа жол бермеу.
• Денеде құрғақ жер қалдырмау. Осы тәртіпті сақтамаса, дененің кей жері жуылмай қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, жуынған адамға күмән келіп, қажеттен артық су қолдануы ықтимал. Алла елшісі (с.а.с.) жуынғанда да суды ысырап етпеуге үндеген. Дененің қатпарларына дейін жуып, қайталап шайса, бүкіл дене мұқият тазаланады.
2. Хадистерде көрсетілген сүннет тәртібін баяндаған соң, негізгі шартты еске салайық. Ғұсыл алғанда бүкіл дене жуылуы керек. Ханафи мәзһабында ауыз бен мұрынның іші де осыған кіреді. Денені қай тәсілмен жуса да, осы шарт орындалса, ғұсыл толық болады. Мысалы, аузы мен мұрнын шайып, суға тұтас сүңгіп шыққан адам ғұсыл алған саналады. Ал жоғарыдағы риуаяттарда көрсетілген тәртіппен жуынған адам сүннетті орындағаны үшін де сауап алады.
- 1Бұхари, «Ғұсыл», 1, 15, 19 (248, 277); Мүслим, «Хайыз», 35 (316); Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 67, 80 (1/44–45); Әбу Дәуіт, «Таһарат», 98 (240–244), 100 (253); Нәсәи, «Таһарат», 152–153, 155–157 (1/132–135); Тирмизи, «Таһарат», 76 (104).