Хадис

Кутуб ситтә, № 3760

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
506. Жүніп күйден тазару үшін ғұсыл алу
Нөмірі
№ 3760 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 28
3760
Кутуб ситтә, № 3760 · тараудағы реті: 28

وَفِي أُخْرَى عَنْ أَبِي سَلَمَةَ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَا وَأَخُوهَا مِنَ الرَّضَاعَةِ، فَسَأَلَهَا عَنْ غُسْلِ النَّبِيِّ ﷺ مِنَ الْجَنَابَةِ، فَدَعَتْ بِإِنَاءٍ قَدْرِ الصَّاعِ، فَاغْتَسَلَتْ وَبَيْنَنَا وَبَيْنَهَا سِتْرٌ، وَأَفْرَغَتْ عَلَى رَأْسِهَا ثَلَاثًا». قَالَ: «وَكَانَ أَزْوَاجُ النَّبِيِّ ﷺ يَأْخُذْنَ مِنْ رُؤُوسِهِنَّ حَتَّى تَكُونَ كَالْوَفْرَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. «الْوَفْرَةُ»: أَنْ يَبْلُغَ شَعْرُ الرَّأْسِ إِلَى شَحْمَةِ الْأُذُنِ، وَالْجُمَّةُ أَطْوَلُ مِنْ ذَلِكَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сәләма басқа риуаятта былай дейді: «Айшаға (р.а.) емшектес бауыры екеуміз бардық. Ол Айшадан Пайғамбардың (с.а.с.) жүніптіктен қалай ғұсыл алғанын сұрады. Айша бір сағ су сыятын ыдыс алдырып, ғұсыл алды. Біз бен оның арамызда перде бар еді. Ол басына үш рет су құйды». Әбу Сәләма: «Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайлары шаштарын құлақ сырғалығына дейін қысқартатын», – деген1.

Түсіндірме

1. № 3759 хадисте Айша (р.а.) мен Алла елшісінің (с.а.с.) бірге ғұсыл алғаны айтылады. Ибн Хажардың айтуынша, кей ғалым осы риуаятқа сүйеніп, ерлі-зайыптылар бір-бірінің әурет мүшелерін көре алады деген үкім шығарған.

2. Ғалымдар бұл хадистерден ерлі-зайыптылар бір-бірінен артылған суды ғұсылға да, дәретке де қолдана алады деген үкім шығарған. Хадис олардың бірге ғұсыл алуына да болатынын көрсетеді. Ахмад ибн Ханбал мен Дәуіт әз-Заһири әйел бұрын жуынып алса, одан артылған сумен ер кісі ғұсыл ала алмайды деген. Ахмад ибн Ханбалдан бұған қарсы пікір де жеткен.

3. «Фарақ» – көлем өлшемі. Сыйымдылығы жөнінде пікірлер әртүрлі. Жоғарыдағы риуаятта Суфиян ибн Уяйна оны үш сағ десе, кей ғалым екі сағ деген. Кең тараған өлшемі – үш сағ. Ритлмен өлшегенде, фарақ он алты ритл болады. Бұл өлшемдер туралы жоғарыда кеңінен айттық. Бір сағ төрт мүддке тең. Бір мүдд шамамен 530 грамм болса, бір сағ шамамен 2 120 грамм, яғни екі литрден сәл асатын су. Демек, Айша (р.а.) жуынуға екі жарым литрден аз су жұмсаған. Фарақтың сыйымдылығы басқа есеппен үш сағ, яғни шамамен тоғыз литр деп те алынған.

Ірі қалаларда су тапшылығы сезіле бастаған заманда Пайғамбардың (с.а.с.) осы өлшемін ескерудің маңызы арта түседі.

4. Екінші риуаятта Айшаның (р.а.) емшектес бауырының аты аталмайды. Оның Кәсир және Абдулла ибн Зәйд есімді екі емшектес бауыры болған. Ал сол бауырмен бірге келген Әбу Сәләманы Айшаның сіңлісі Үммі Гүлсім емізген, сондықтан Айша оған нағашы әпкесі саналады. Қади Ияд былай дейді: «Бұл екі кісі Айшаның жуынғанын көргенде, махрамдарына қарауға рұқсат етілген бас жағын ғана көрген. Әйтпесе оларға қимылмен көрсетудің мәні болмас еді. Көрмесе, “Айша бізге осылай түсіндірді” дер еді». Араларындағы перде олардың қарауына тыйым салынған дене мүшелерін көлегейлеп тұрған.

Сахабалардың алдыңғы қатарлы фақиһтарының бірі Айша (р.а.) ғұсылға жұмсаған су мөлшері есте жақсы қалсын деп, жуынуды іс жүзінде көрсеткен. Оның бұл амалы суды ысырап етпеудің шариғаттағы маңызын аңғартады.

5. Екінші риуаяттың соңындағы Пайғамбар (с.а.с.) жұбайларының шашын құлақ сырғалығынан асырмай қиғызғаны туралы сөзді Мүслимнің нұсқасында Айша емес, рауи Әбу Сәләма айтқан. Қади Иядтың айтуынша, бұл Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейінгі жағдай. Жұбайлары ол дүниеден өткен соң сәнденуден бас тартқандықтан, шаш өсіріп, өруді де қаламаған. Ол кезде араб әйелдерінің әдеті шаштарын өсіріп, өріп жүру еді. № 3753 хадисте Үммі Сәламаның (р.а.) шашын өріп жүретінін айтып, ғұсылда өрімін тарқату туралы сұрағанын көрдік. Бұдан бөлек, жұбайлары Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде шашын қидырғаны туралы риуаят жетпеген.

6. Тіл ғалымдары «уафра» деп құлақтың сырғалығына дейін жететін шашты, «лимма» деп иыққа дейін түсетін шашты атаған. Бұл атауларды керісінше түсіндіргендер де бар.

  1. 1Бұхари, «Ғұсыл», 2 (250–251); Мүслим, «Хайыз», 41–42 (319–320); Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 68 (1/44–45); Әбу Дәуіт, «Таһарат», 97 (238); Нәсәи, «Таһарат», 144 (1/127).