Хадис

Кутуб ситтә, № 3782

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
506. Жүніп күйден тазару үшін ғұсыл алу
Нөмірі
№ 3782 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 50
3782
Кутуб ситтә, № 3782 · тараудағы реті: 50Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ «لَقِيَهُ فِي بَعْضِ طُرُقِ الْمَدِينَةِ وَهُوَ جُنُبٌ، فَانْخَنَسَ مِنْهُ فَذَهَبَ فَاغْتَسَلَ، ثُمَّ جَاءَ، فَقَالَ لَهُ: أَيْنَ كُنْتَ يَا أَبَا هُرَيْرَةَ؟ فَقَالَ: كُنْتُ جُنُبًا، فَكَرِهْتُ أَنْ أُجَالِسَكَ وَأَنَا عَلَى غَيْرِ طَهَارَةٍ. قَالَ: سُبْحَانَ اللَّهِ، إِنَّ الْمُؤْمِنَ لَا يَنْجُسُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) онымен Мәдинаның бір көшесінде жолықты. Әбу Һурайра жүніп күйде болғандықтан, Пайғамбарға (с.а.с.) білдірмей кетіп, ғұсыл алып келді. Оралған соң Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Әбу Һурайра, қайда болдың?» – деп сұрады. Ол: «Жүніп күйде едім. Тазармай тұрып сізбен бірге отырғым келмеді», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Субханалла! Мүмін нәжіс болмайды», – деді1.

«انْخَنَسَ»: أَيْ اسْتَتَرَ وَاخْتَفَى.

Түсіндірме

1. Кей заһири ғалымы Алла елшісінің (с.а.с.) «Мүмін нәжіс болмайды» деген сөзінен кәпірдің өзі нәжіс (нәжәсат әл-айн) деген үкім шығарған. Бұл пікір бойынша, олардың денесінен шыққан тер мен сілекей де нәжіс саналады. Олар осы көзқарасына إِنَّمَا الْمُشْرِكُونَ نَجَسٌ «Мүшріктер – лас адамдар»2 деген аятты дәлел еткен.

Көпшілік ғалым бұл пікірді ұстанбаған. Олар хадисті «Мүмін ластықтан сақтануды әдет еткендіктен, дене мүшелері таза болады, ал мүшрік нәжістен сақтануға ұмтылмайды» деп түсіндірген. Аяттағы ластық олардың сеніміне және нәжістен сақтанбауына байланысты деп жорамалдаған. Мәселен, Алла кітап иелерінің әйелдеріне үйленуге рұқсат берген. Ерлі-зайыптылар бірге жатқанда әйелдің тері күйеуіне тимей қоймайды. Кітап иесі әйелмен жақындасқаны үшін мұсылман әйелмен жақындасқанда алынатын ғұсылдан бөлек ғұсыл қажет емес. Демек, жан иесі ретінде адамның өзі нәжіс (нәжс әл-айн) саналмайды. Бұл үкім ер мен әйелге ортақ.

2. № 3784 хадистен көрінгендей, Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларының бірін кездестіргенде, оған қолын тигізіп, дұға ететін. Әбу Һурайра жүніп адамды хадас күйі нәжіс етеді деп ойлаған. Алла елшісі (с.а.с.) әдетінше өзіне қолын тигізеді деп қысылып, ғұсыл алуға асыққан. Пайғамбар (с.а.с.) оның «Өзім ласпын» деген ұғымын түзетіп, «Субханалла!» деу арқылы айқын мәселені білмегеніне таңғалғанын білдірген.

3. Хадистен шығатын бірқатар тұжырым:

• Маңызды іске таза күйде бару – мұстахаб. Ізгі кісілерді құрметтеп, олардың қасында ең жақсы киімін кию де құпталады.

• Қарамағындағы адамның жауапты кісіден кетуге рұқсат сұрауы да мұстахаб. Алла елшісінің (с.а.с.) «Қайда болдың?» деп сұрауы Әбу Һурайраның кетерде қайда баратынын айтуы жөн болғанын аңғартады.

• Басшы қарамағындағы адам сұрамаса да, оған істің дұрысын айтып, ескерте алады.

• Ғұсылды кейінге қалдыруға болады.

• Жүніп адамның денесі таза, өйткені жүніптік денені нәжіс етпейді.

• Әйелдің емшек сүті де нәжіс емес.

• Ғұсыл алмай тұрып та бірқатар істі атқаруға болады.

  1. 1Бұхари, «Ғұсыл», 23–24; Мүслим, «Хайыз», 115 (371); Әбу Дәуіт, «Таһарат» (231); Тирмизи, «Таһарат» (121); Нәсәи, «Таһарат», 172 (1/145–146).
  2. 2«Тәубе» сүресі, 28-аят.