وَفِي حَدِيثِ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَلَمْ تَسْمَعْ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: إِذَا جَاءَ أَحَدُكُمُ الْجُمُعَةَ فَلْيَغْتَسِلْ؟».
Әбу Һурайраның хадисінде Омардың Османға: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Бірің жұма намазына келерде ғұсыл алсын” дегенін естімедің бе?» – дегені айтылады.1
Түсіндірме
1. Жұма – мұсылманның апта сайынғы мерекесі әрі тынығу күні. Жоғарыда айтылғандай, оның артықшылықтары көп.2 Соның бірі – жамағатпен оқылатын жұма намазы. Бұл намаз құтбамен бірге өтеді. Оны жеке оқымайтындықтан, мұсылмандар үлкен жамағат болып жиналады. Сол жиында бір-біріне қолайсыздық туғызбауы керек. Алла елшісі осы мақсатпен ең жаңа, ең таза киімін киіп, хош иіс жағуды ұсынған әрі жұма күні ғұсыл алуды бұйырған. Осы нұсқаулар орындалса, тазалыққа байланысты қолайсыздық азаяды. Ибн Хажар былай дейді: «Жұма күні ғұсыл мен тазалықтың бұйырылуындағы мақсат – жамағатқа жағымсыз иіспен қолайсыздық туғызбау. Сондықтан намазға дейін жұмыс істеп, терлеп, үсті-басы кірлейтін адамның ғұсылды мешітке барар кезге қалдырғаны жөн. Имам Мәлік ғұсыл алу мен мешітке барудың арасын ұзартпауды осы себепті шарт еткен болуы керек. Сонда кісі ғұсылдан кейін тазалығын сақтап, бірден мешітке барады». Ибн Абдулбәрр намаздан кейін алынған ғұсыл жұма ғұсылы болып саналмайтынына және онымен хадистегі бұйрық орындалмайтынына ғалымдардың келіскенін айтады. Осы жерде және алда келетін хадистерде Алла елшісінің (с.а.с.) жұма күні жуынуға айрықша мән бергені көрінеді. Адам аптасына кемінде бір рет жуынып, оны жұмаға туралағаны жөн (№ 3806). Кей хадисте бұл ғұсылдың жүніптік ғұсылы секілді болуы айтылған. Соған сүйенген кей ғалымдар жұма күні ерлі-зайыптылардың жақындасуын мұстахаб санаған. Пайғамбардың бұл нұсқауын жұма ғұсылының орындалуына ықпал ететін шара деп те қарауға болады.
2. Алла елшісінің жұма ғұсылының маңызын көрсетіп, орындалуына көңіл бөлгені оның үкіміне қатысты хадистерден де көрінеді. Жоғарыдағы алғашқы екі риуаят секілді көптеген хадисте ол «уәжіп» сөзімен келген. Діни қолданыста бұл сөз орындалмаса күнә саналатын, парыз тәрізді анық бұйрықты білдіреді. Мысалы, № 3798 хадисте Омардың сахабалардың алдыңғы қатарындағы Османға осы жөнінде қалай ескерту жасағаны айтылды. № 3800 хадисте сахабалар арасында жұма ғұсылының парыз екені жөнінде сөз болғанын көреміз. Кей фақиһтардың оны парыз мағынасында уәжіп санауы да жұма ғұсылының мәнін аңғартады. Ғалымдардың көпшілігі жұма күні ғұсыл алуды мұстахаб деген. Олар хадистегі бұйрықты мәндуб, «уәжіп» сөзін нұсқауды қуаттау мағынасында түсінген. Бұл жөнінде Пайғамбардың нұсқаулары көп болғанымен, насстардың сыртқы мағынасына сүйенетін заһирилер мен Ахмад ибн Ханбал секілді кей ғалым оны парыз санаса, өзге имамдар бекітілген сүннет деп таныған.
3. Ғалымдар жұма ғұсылы жұма намазына қатысатын адамға қатысты екенін айтып, әйелдер мен балаларға қажет болу-болмауын талқылаған. Ибн Хажардың айтуынша, әйел мен балаға жұма намазы парыз болмаса да, оның артықшылығына жету үшін намазға арнайы барған адам жұма әдебін сақтап, ғұсыл алуы керек. Кездейсоқ қатысқан кісіге бұл қажет емес. Бірқатар ғалым жұма ғұсылын намаздың өзіне емес, сол күнге қатысты санаған. Олардың пікірінше, жұмаға жеткен адам намазға қатысса да, қатыспаса да, намаз оған парыз болса да, болмаса да, ғұсыл алады. Ибн Хажар бұл пікірді әлсіз санаған.
4. № 3798 риуаятта Омардың жұма құтбасы үстінде мешітке кірген Османға қойған «Неге кешіктің?» деген сұрағы оның кешіккенін құптамағанын білдіреді. Халифаның бұл әрекеті жұма намазының шариғаттағы орнын аңғартады. Осман – сахабалардың ішіндегі беделі биік, алдыңғы қатарлы тұлғалардың бірі. Өзге риуаяттардағы қосымша сөздер бұл тұсты ашып көрсетеді. Бірінде халифа: «Намазға неге уақытында келмейсіңдер?» – десе, екіншісінде: «Мына адамдарға не болған, намазға азаннан кейін келіп жатыр?» – деген.
Омар бұл сөздердің бәрін де айтқан болуы мүмкін. Рауилер жадында қалғанын жеткізген. Бір нұсқада Осман: «Базардан қайтқаным сол еді, азанды естідім», – деп жауап береді. Оның «Дәретке ғана кідірдім» деуі үйінде бөгелмей, дәрет алған бойда мешітке келгенін және құтба басталғанда ішке кіргенін көрсетеді. Соған қарамастан Омар оған ескерту жасаған.
Омар Османның жауабынан екінші бір кемшілік көрді. Ол жұмаға келе жатып дәретпен шектеліп, ғұсыл алмаған еді. Омардың «Дәретпен ғана шектелдің бе?» деуі «Кешігуіңнің себебі бар екен. Ғұсыл алмағаның қалай? Ерте келудің сауабына қоса, жұма ғұсылының сауабынан да қағылдың» дегенге саяды. Риуаяттарда Османның бұған бөлек жауап бергені айтылмайды. Уақытты байқамай қалғанын айтып, екінші сұрақтың да жауабын сол сөзбен берген болуы мүмкін. Өйткені ғұсыл алуға үлгермеуі де уақытты байқамай қалудан туған. Алдыңғы жауабынан азанды естігенде ғұсыл алу мен құтбаға үлгерудің бірін таңдап, құтбаға асыққаны аңғарылады. Хадистер екі амалға да ынталандырады. Осман құтбаға үлгеруді таңдаған.3
5. Ибн Омардың № 3798 хадисінен шығарылған тұжырымдардың бірқатары мынадай:
• Құтба оқығанда мінберде түрегеп тұрады.
• Имам жамағаттың жағдайын назарда ұстайды. Оларға пайдалы істі еске салып, соған үндейді, ізгі амалға немқұрайды қарағандарға көңіл бөледі.
• Құтба үстінде жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю құтба әдебіне қайшы келмейді әрі құтбаны бұзбайды.
• Құтба кезінде хатиб біреуге сұрақ қойса, ол жауап бере алады.
• Басшыға істің себебін түсіндіруге болады.
• Жұма азанына дейін жұмыс істеуге рұқсат, тіпті сол себепті ерте бару немесе жұма ғұсылы секілді артықшылықтарға жете алмаса да. Омар (р.а.) осы оқиғадан кейін жұма күні базарды жапқызбаған. Имам Мәлік те осы риуаятқа сүйеніп, жұма азанына дейін базар жабылмайды деген. Өйткені Омар тұсында базар ашық болған, Осман секілді кісі де базарға барған.
• Беделді кісілердің де базарға барып, сауда жасауына болады.
• Жұмаға ерте келудің артықшылығы азан айтылмай тұрып барған адамға тиесілі.
- 1Бұхари, «Жұма» (878), мағыналас нұсқа. Мүслим, «Жұма» (845). Мәлік, «Муатта», «Жұма», 3 (1/101–102). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (340). Тирмизи, «Салат» (493).
- 2Жұманың артықшылықтары туралы № 3042–3052 хадистерді қараңыз.
- 3Жұма ғұсылын уәжіп санамайтындар осы хадиске сүйенеді. Оны уәжіп санайтындар Осман (р.а.) сол күні таңертең ғұсыл алып қойған болуы мүмкін дейді. Олар күн сайын жуынғаны туралы мына риуаятты алға тартады. إِنَّ عُثْمَانَ لَمْ يَكُنْ يَمْضِي عَلَيْهِ يَوْمٌ حَتَّىٰ يُفِيضَ عَلَيْهِ الْمَاءَ.