Хадис

Кутуб ситтә, № 3834

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
512. Етеккірге қатысты үкімдер
Нөмірі
№ 3834 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 13
3834
Кутуб ситтә, № 3834 · тараудағы реті: 13

وَفِي رِوَايَةٍ قَالَ: «إِذَا أَصَابَهَا فِي أَوَّلِ الدَّمِ فَدِينَارٌ، وَإِذَا أَصَابَهَا فِي انْقِطَاعِ الدَّمِ فَنِصْفُ دِينَارٍ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Ер кісі әйелімен етеккір қанының басында жыныстық қатынасқа түссе, бір динар, ал қан тоқтаған кезде қатынасқа түссе, жарты динар садақа берсін», – делінеді.1

Түсіндірме

1. Соңғы төрт риуаят етеккірдегі әйелімен қателесіп жыныстық қатынасқа түскен адамның үкімі мен өтеміне қатысты. Бәрінің негізі бір, Ибн Аббастан жеткен. Дегенмен мәтіні мен жеткізу тізбегінде айырма бар. Риуаят бірде мәрфуғ, бірде мауқуф түрде келген.

2. Етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түскен адамның үкімі жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Хаттаби: «Ғалымдардың көпшілігі “Мұндай адамға өтем міндеттелмейді. Ол Алладан кешірім сұрайды” деп үкім берген», – дейді. Олар өтемді міндеттемеуіне риуаяттардағы мөлшердің әртүрлі келуін негіз еткен. Нұсқалары мынадай:

• Бір риуаятта мөлшер «бір динар немесе жарты динар» деп екіұшты берілген.

• Бір риуаятта «бір динар, оны таппаса, жарты динар садақа береді» делінген.

• Бір риуаятта қан келіп тұрғанына не тоқтағанына қарай бір немесе жарты динар деп ажыратылған.

• Бір риуаятта «қан қызыл болса, бір динар, сары болса, жарты динар» делінген.

• Бір риуаятта «қан жаңа келсе, бір динар, сарғайса, жарты динар садақа береді» делінген.

Кей ғалымдар айырмашылықтарға қарамастан, әр нұсқада белгілі бір мөлшердің аталғанын негізге алған. Олар мұны етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түскен ер адамға өтем беру міндетті екенінің дәлелі деп санаған. Хаттаби осы пікірді ұстанғандар қатарында Қатада, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуяны атайды. Имам Шафиғи әуелде осы пікірді қолдаған, кейін «Өтем міндет емес» деген.

Өтемді міндеттемеген ғалымдардың айтуынша, риуаят сахих тізбекпен мәрфуғ түрде жетпеген. Ол мурсал немесе Ибн Аббастың өз сөзі, яғни мауқуф болып келген. Олар: «Нақты дәлелсіз адамға міндет жүктелмейді», – деген.

Ибн Аббас: «Етеккір қанының басында әйелімен жыныстық қатынасқа түссе, бір динар, соңына таман түссе, жарты динар садақа береді», – деп үкім берген. Қатада: «Қан келіп тұрған кезде қатынасқа түссе, бір динар, қан тоқтап, әйелі әлі ғұсыл алмай тұрғанда қатынасқа түссе, жарты динар садақа береді», – деген. Ахмад ибн Ханбалдың «Бір динар не жарты динар беруді өзі таңдайды» деген сөзі де жеткен. Хасан Басри мұндай адамға Рамазан айында әйелімен қатынасқа түскен кісіге жүктелетін жаза қолданылады деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (265), Ибн Аббастың сөзі. Тирмизи, «Таһарат» (136–137). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (264–266). Нәсәи, «Таһарат», 182 (1/153). Ибн Мәжа, «Таһарат» (640).