وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «بَيْنَا أَنَا مُضْطَجِعَةٌ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي الْخَمِيلَةِ إِذْ حِضْتُ فَانْسَلَلْتُ فَأَخَذْتُ ثِيَابَ حَيْضَتِي فَلَبِسْتُهَا. فَقَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَنَفِسْتِ؟ قُلْتُ: نَعَمْ. فَدَعَانِي فَاضْطَجَعْتُ مَعَهُ فِي الْخَمِيلَةِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ. «الْخَمِيلَةُ»: كِسَاءٌ لَهُ خَمَلٌ أَوْ إِزَارٌ.
Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) барқыт жамылғының астында бірге жатқан едім. Етеккірім келгенін сезгенде, жамылғының астынан сырғып шығып, етеккір кезінде киетін киімімді кидім. Алла елшісі: “Етеккірің келді ме?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. Ол мені қасына шақырды. Жамылғының астында қайта бірге жаттық».1
Түсіндірме
1. Риуаят мүміндердің аналарының әрқайсысында етеккір кезінде киетін бөлек киімі болғанын анық көрсетеді. Ол киімнің әдеттегі киімнен кеңірек болғаны № 3825 риуаятта айтылды.
2. Бұл риуаят етеккірдегі әйел күйеуімен бір жамылғының астында жата алатынын көрсететін тағы бір дәлел. Әбу Дәуіттегі өзге риуаятта Айша (р.а.) былай дейді: «Етеккірім келгенде төсектен түсіп, ши төсенішке жататынмын. Алла елшісі (с.а.с.) маған жақындамайтын. Мен де тазарғанша оған жақындамайтынмын». Кей ғалымдар керісінше мағынадағы риуаяттар көп болғандықтан, мұны мансух санаған. Кейбірі бұл амалды сақтыққа жатқызған. Ибн Аббас (р.а.) әйелінің етеккірі келгенде бөлек жататын. Алла елшісінің жұбайы әрі Ибн Аббастың нағашы әпкесі Мәймуна (р.а.) мұны естігенде: «Алла елшісінің сүннетінен бас тартасың ба? Аллаға ант етейін, ол етеккірі келген жұбайымен бірге жататын. Араларында тізесін жауып тұратын матадан өзге ештеңе болмайтын», – деп хабар жіберді. Келесі хадис те осыған мысал. Аяттағы فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ «Етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар» («Бақара», 222-аят) деген бұйрық жыныстық қатынасқа түспеу мағынасында түсіндірілген.
- 1Бұхари, «Хайыз», 4, 21–22, «Саум», 24. Мүслим, «Хайыз» (296). Нәсәи, «Таһарат», 179 (1/149–150).