Хадис

Кутуб ситтә, № 3849

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
512. Етеккірге қатысты үкімдер
Нөмірі
№ 3849 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 28
3849
Кутуб ситтә, № 3849 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «لَا تَقْرَأِ الْحَائِضُ وَلَا الْجُنُبُ شَيْئًا مِنَ الْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Етеккірдегі әйел де, жүніп кісі де Құраннан ештеңе оқымасын», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят жүніп кісі мен етеккірдегі әйелдің Құраннан аз да, көп те оқымауын білдіреді. Бұл жөнінде әлсіз деп бағаланған бірнеше риуаят бар. Ғалымдар олардың бірін-бірі қуаттайтынын айтып, солардан шыққан үкіммен амал ету керек деген.

Тирмизи былай дейді: «Сахабалар, табиғиндер және кейінгі ғалымдардың көпшілігі осы пікірде. Суфиян әс-Сәури, Ибн әл-Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад пен Исхақ: “Етеккірдегі немесе жүніп кісі Құраннан оқымайды. Алайда бір аяттың бөлігін, бір әріпті немесе соған ұқсас қысқа сөзді айта алады. Жүніп пен етеккірдегі адамның тәсбих пен тәһлил айтуына рұқсат”, – деген».

2. Көпшілік ғалым жүніп кісі мен етеккірдегі әйелдің Құран оқуын харам санаған. Бұл жөнінде өзгеше пікір айтқан ғалымдар да бар:

• Ибраһим ән-Нахағи жүніп кісінің бір аят оқуынан айып көрмеген.

• Ибн Аббастың да жүніп кісінің Құран оқуынан айып көрмегені айтылады. Бұл пікірді ұстанғандар Алла елшісінің (с.а.с.) қандай жағдайда да Алланы зікір еткенін білдіретін риуаятқа сүйенген. Сондай-ақ ол қажылық кезінде етеккірі келген Айшаға «тауаптан өзге қажылар істейтін амалдың бәрін жасауды» бұйырған. Қажылардың амалдарына зікір, тәлбия, дұға және қырағат та кіретіндіктен, бұл істерге рұқсат деп түсінген. Ал тауапқа тыйым салуды оның намаз тәрізді арнайы құлшылық болуымен түсіндірген.

Бұхаридың да осы пікірді құптағаны аңғарылады.

3. Ханафи мәзһабында мына үкімдер негізге алынады:

• Жүніп кісі мен етеккірдегі әйел ғұсыл алғанша намаз оқымайды және Құран оқу ниетімен бір аят та оқымайды. Ал дұға мен Алланы мадақтауға арналған аяттарды дұға не мадақ ниетімен айтуға болады. Мысалы, жүніп немесе етеккірдегі әйел «Фатиханы» дұға ниетімен оқи алады.

Осындай жағдайда балаға Құранды сөзбе-сөз, әр сөзін бөліп үйретуге болады деген пікір де бар.

• Бір аятқа, тіпті жарты аятқа да қол тигізе алмайды. Мұсхафты жалаң қолмен ұстамайды. Мұсхафқа бекітілмеген тысқаппен немесе орамалмен ұстауға болады. Сөмкеде не сандықта тұрса, оны сол күйінде көтеруге болады.

• Қағбаны тауап етпейді және зәру жағдай болмаса, мешітке кірмейді.

• Аят жазылған қағазды не ақшаны қолмен ұстамайды.

4. Жүніп кісі мен етеккірдегі әйелге ғұсыл алғанға дейін мына істерді жасау мәкрүһ:

• Діни кітапты қолмен ұстап оқу.

• Қолын жумай, аузын шаймай ішіп-жеу.

• Қолға ұстамай, жерде жатқан қағазға Құран аятын жазу.

Жүніп кісі мен етеккірдегі әйелдің Құран мәтініне көз жүгіртуіне болады. Бұл мәкрүһ саналмайды.

Етеккір кезіндегі тазалыққа қатысты түсіндірме осы тақырыптың соңында, № 3865 хадистен кейін беріледі.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (131). Ибраһим Жананның «Күтүб-и ситтесінде» (11/61) сөз Ибн Омардан қысқартылып берілген. Бұл жерде Тирмизидегі жеткізу үлгісі қалпына келтірілді.