عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَا عَلِمْتُ النَّبِيَّ ﷺ أَكَلَ عَلَى سُكُرُّجَةٍ قَطُّ، وَخُبِزَ لَهُ مُرَقَّقٌ قَطُّ، وَأَكَلَ عَلَى خِوَانٍ قَطُّ، قِيلَ لِقِتَادَةَ: فَعَلَامَ كَانُوا يَأْكُلُونَ؟ قَالَ: عَلَى السُّفَرِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. «السُّكُرُّجَةُ»: بِضَمِّ أَوَّلِهِ وَثَانِيهِ وَثَالِثِهِ وَتَشْدِيدِهِ: إِنَاءٌ صَغِيرٌ يَجْعَلُ فِيهِ الْقَلِيلُ مِنَ الْأَدَمِ وَالْكَوَامِيخُ وَهِىَ فَارِسِيَّةٌ.
Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) сүкүррүжә деп аталатын шағын ыдыстан ас ішкенін, өзіне жұқа нан пісірілгенін немесе хиуан деп аталатын ас үстелінен ас ішкенін білмеймін».
Мұны Әнәстан жеткізген Қатададан: «Сонда асты ненің үстіне қойып ішетін?» – деп сұрады. Ол: «Төсеніш дастарқанға қойып ішетін», – деді.1
Түсіндірме
Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) асты қандай дастарқаннан ішкенін көрсетеді. Ол сүкүррүжә мен хиуанды қолданбаған.
«Хиуан» – араб тіліне өзге тілден енген сөз. Айнидің айтуынша, бұл – астында жез тұғыры бар, биіктігі бір шынтақтай, жезден жасалған үлкен табақ. Оған түрлі дәм салып, байлардың алдына кемінде екі кісі көтеріп әкелетін. Мұндай ыдыс сән-салтанат пен дәулеттің белгісі болғандықтан, пайғамбарға тән қарапайымдық пен құлдық ұстанымына үйлесе бермеген.
«Сүкүррүжә» – парсы сөзі. «Ән-Ниһаяда» ол аздап қатық немесе тәбет ашатын кепкен жеміс салатын кішкене ыдыс деп түсіндіріледі. Ирақи «Шарх ат-Тирмизиде» Алла елшісінің мұндай ыдыстан ас ішпеуінің бірнеше ықтимал себебін атаған. Ол ыдыс сол кезде Араб түбегінде жасалмауы мүмкін немесе бір дастарқан басына көп адам жиналатын Пайғамбар отбасы үшін тым кішкене болған. Сондай-ақ оған ас қорытуды жеңілдететін дәм салған болуы ықтимал. Пайғамбар отбасы тоя жемейтіндіктен, мұндай дәмге әдеттенбеген.
«Суфар» – «суфра» сөзінің көпше түрі. «Суфра» «сафар», яғни «сапар» сөзімен түбірлес, әуелде жолаушының жол азығын білдірген. Кейін арабтар азық салынатын, әдетте теріден дөңгелек етіп жасалған дорбаны осылай атаған. Уақыт өте келе ас салынатын нәрсенің теріден не өзге материалдан жасалғанына қарамастан, оны «суфра» деу қалыптасқан.
Алла елшісі (с.а.с.) көпшілікке тән қарапайым дастарқанды таңдаған. Сондықтан риуаятта оның хиуан мен сүкүррүжәнің орнына суфра қолданғаны айтылады. Хадис астың адал болуына қоса, оны қандай дастарқанға қоятынымызға да көңіл бөлу керегін аңғартады. Бұл – міндетті үкімге жатпайтын, дінінде кемелдікке ұмтылған мүмін ескеретін әдеп.
- 1Бұхари, Атғима 8, 26, Риқақ 17; Тирмизи, Атғима 1, (1789).