وَعَنْ عُمَرَ بْنِ أَبِي سَلَمَةَ قَالَ: «كُنْتُ غُلَامًا فِي حِجْرِ النَّبِيِّ ﷺ، وَكَانَتْ يَدِي تَطِيشُ فِي الصَّحْفَةِ. فَقَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَا غُلَامُ سَمِّ اللَّهَ، وَكُلْ بِيَمِينِكَ وَكُلْ مِمَّا يَلِيكَ. فَمَا زَالَتْ تِلْكَ طُعْمَتِي بَعْدُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Омар ибн Әбу Сәләма (р.а.) былай деген: «Бала кезімде Алла елшісінің қамқорлығында болдым. Ас ішкенде қолымды табақтың әр жеріне созатынмын. Алла елшісі маған: “Балақай! Алланың атын ата, оң қолыңмен же және өз алдыңнан ал”, – деді. Содан бері солай тамақтанамын».1
Түсіндірме
Хадис баланы жастайынан Ислам әдебіне және көркем мінезге баулудың маңызын көрсетеді.
Баланың қатесін көңіліне кірбің түсірмей, байыппен түсіндірген жөн. Бұл оның санасы мен сезімінің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
Ас ішерде әуелі «Бисмиллаһ» деп, Алланың атын атау, оң қолмен жеу, табақтың өз алдындағы бөлігінен алып, өзгенің алдына қол созбау керек. Ғалымдар дастарқанға жеміс қойылса, ыдыстан қалағанын алудың ағаттығы жоқ екенін айтқан. Дастарқандасы ренжімейтіні анық болса, оның алдындағы астан да алуға болады.
Риуаят сахабалардың үлкені де, кішісі де Пайғамбардың бұйрығын мүлтіксіз орындағанын көрсетеді.
Тәрбиеші балаға насихат айтуға қолайлы сәтті таңдай білуі керек. Дер кезінде айтылған сөз балаға қонымдырақ болады.
1. Алла елшісі (с.а.с.) үш хадисте де ас ішу әдебіне, соның ішінде оң қолмен жеуге тоқталады. Мұсылмандық әдепте оң қолмен жеуге ерекше мән беріледі. Мұны хадистердегі бұйрықтың күшейтіліп айтылуынан көреміз.
• Бірінші риуаятта сол қолмен жеуге қатаң тыйым салынған. Арабша күшейтпелі тұлғаның мәнін «Байқа!» деген сөзбен жеткізуге болады.
• Екінші риуаятта «Оң қолыңмен же» деген бұйрыққа тәкаппарланып, «Жей алмаймын» деп жауап берген кісі «Жей алмай қал» деген сөзге ұшыраған. Бұл Алла елшісінің мәселені елеулі санағанын аңғартады.
• Үшінші риуаятта балаға үйретілген әдептердің бірі – оң қолмен жеу.
2. Омар ибн Әбу Сәләма – Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләманың бұрынғы күйеуі Әбу Сәләмадан, яғни Абдулладан туған ұлы. Ол Алла елшісінің өгей баласы әрі оның қамқорлығы мен тәрбиесінде өскен. Ибн Хажардың жорамалы бойынша, һижреттен екі жыл бұрын Хабашстанда туған.
3. Хадистерде оң қолмен жеу бұйырылады. Оның үкімі жөнінде пікірлер әртүрлі. Шафиғилердің көпшілігі, соның ішінде Ғазали мен Нәуәуи, оны мәндүп санаған. Имам Шәфиғи «әр-Рисала» мен «әл-Үммде» уәжіп екенін айтқан. Ибн Хажар №3875 хадисте Мүслимнің Сәләма ибн әл-Әкуағтан жеткізген риуаятына сүйеніп, оң қолмен жеуді уәжіп санаған және осыны қуаттайтын басқа да риуаяттар келтірген.
Ибн әл-Араби: «Шайтанға телінген амалдардың бәрі харам», – деген қағидаға сүйеніп, сол қолмен жеуге харам деп үкім берген.
Құртуби оң қолмен жеуді мәндүп санаған. Ол хадистегі бұйрықты оң қолды құрметтеу мағынасында түсіндіреді: «Оң қол әдетте күштірек, іске ептірек әрі әуелі іске кіріседі. Адам көбіне оң жағына бейім. Алла Тағала жәннат иелерін “асхаб әл-ямин”, яғни амал дәптері оң жағынан берілетіндер деп атап, оң жақты құрметтірек еткен».
• Шайтан мен кәпірлердің ісіне ұқсайтын амалдардан бой тарту керек.
• Шариғат үкіміне әдейі қарсы келген адамға қатысты қарғыс айтуға болады.
• Ас үстінде де жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю керек.
• Ас ішу әдебін үйрету – мұстахаб.
• Омар ибн Әбу Сәләма (р.а.) бұйрыққа бойсұнып, оны іс жүзінде орындаудың үлгісін көрсеткен.
- 1Бұхари, Атғима 2, 3, Мүслим, Ашриба 108, (2022); Муатта, Сифатун-нәби 32, (2, 934); Әбу Дәуіт, Атғима 20, (3777); Тирмизи, Атғима 47, (1858).