عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَضَافَ النَّبِيُّ ﷺ ضَيْفًا كَافِرًا، فَأَمَرَ لَهُ بِشَاةٍ فَحُلِبَتْ فَشَرِبَ حِلَابَهَا، ثُمَّ أُخْرَى فَشَرِبَ حِلَابَهَا، حَتَّى شَرِبَ حِلَابَ سَبْعِ شِيَاهٍ، ثُمَّ أَنَّهُ أَصْبَحَ فَأَسْلَمَ، فَأَمَرَ لَهُ بِشَاةٍ فَحُلِبَتْ فَشَرِبَ حِلَابَهَا، ثُمَّ أُخْرَى فَلَمْ يَسْتَتِمَّهَا، فَقَالَ ﷺ: إِنَّ الْمُؤْمِنَ لَيَشْرَبُ فِي مِعًى وَاحِدٍ وَالْكَافِرُ يَشْرَبُ فِي سَبْعَةِ أَمْعَاءٍ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالتِّرْمِذِيُّ. قَوْلُهُ «فِي سَبْعَةِ أَمْعَاءٍ»: تَمْثِيلُ لِرِضَا الْمُؤْمِنِ بِالْيَسِيرِ مِنَ الدُّنْيَا، وَحِرْصِ الْكَافِرِ عَلَى الْكَثِيرِ مِنْهَا.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) мұсылман емес бір кісіні қонақ етті. Оның құрметіне бір қой сауғызды. Қонақ сүтін ішіп алды. Тағы бір қой сауылды, оның да сүтін ішті. Осылайша жеті қойдың сүтін ішті. Таң атқанда әлгі кісі Исламды қабылдады. Алла елшісі оған бір қой сауғызды, қонақ оның сүтін ішті. Екінші қойдың сүтін тауыса алмады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Мүмін бір ішекпен ішеді, ал кәпір жеті ішекпен ішеді”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бұл хадис әртүрлі жеткізу жолдарымен, бірінде толығырақ, бірінде ықшам түрде жеткен. Ибн Хажар хадистегі кісінің Жаһжаһ әл-Ғифари екенін айтады. Нәуәуи мен Қади Ияд оның Надра ибн Надра болуы мүмкін екенін айтқан. Кейбіреулер Сумама ибн Усал болуы ықтимал деп санаған. Аталған кісілер жайында ұқсас оқиғалар жеткендіктен, мұндай жағдай бірнеше адамның басынан өтуі мүмкін.
2. Ибн Әбу Шәйба, Әбу Яғла, Баззар және Табарани Жаһжаһ әл-Ғифаридің оқиғасын жеткізген. Ибн Хажар оның өз сөзін былай келтіреді: «Бір топ туысыммен бірге мұсылман болу үшін Алла елшісіне (с.а.с.) келдім. Онымен ақшам намазын оқыдық. Алла елшісі сәлем берген соң: “Әркім қасындағы кісіні асқа ертіп апарсын”, – деді. Мен ұзын бойлы, ірі кісі едім, жалғыз қалдым. Мені ешкім ертпегенін көрген Алла елшісі өзі үйіне алып барды. Маған бір ешкі сауды, сүтін тауыстым. Екіншісін сауды, оны да іштім. Сөйтіп жеті ешкінің сүтін ішсем де, тоймадым. Содан кейін бір табақ ас келді, оны да жедім. Үммі Әйман: “Алла елшісін аш қалдырғанды Алла да аш қалдырсын”, – деді. Алла елшісі: “Тыныш, Үммі Әйман! Қонақ өз ризығын жеді. Біздің ризығымызды Алла береді”, – деді. Келесі кеште ақшам намазынан соң Алла елшісі бұрынғыдай істеді. Маған бір ешкі сауып берді. Бұл жолы соның сүтіне тойдым. Үммі Әйман: “Бұл кешегі қонағымыз ғой?” – деп таңырқады. Алла елшісі: “Бүгін ол – мүмін, бір асқазанға жеді. Кеше жеті асқазанға жеген еді. Кәпір жеті асқазанға жейді, ал мүмін бір асқазанға жейді”, – деді».
Ибн Хажар Әбу Ғазуан жайындағы риуаяттың Жаһжаһ жеткізген хабардан сенімдірек екенін айтады. Абдулла ибн Амр былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) жеті кісі келді. Сахабалар оларды бір-бірден үйлеріне алып кетті. Алла елшісі де бір кісіні ертіп, атын сұрады. Ол есімінің Әбу Ғазуан екенін айтты. Алла елшісі оған жеті ешкі сауып берді. Ол бәрінің сүтін ішті. Алла елшісі: “Уа, Әбу Ғазуан, Исламды қабылдайсың ба?” – деп сұрады. Ол келісіп, мұсылман болды. Алла елшісі оның кеудесін сипады. Таң атқанда бір қой ғана сауылды. Ол сүтін тауыса алмады. Алла елшісі: “Уа, Әбу Ғазуан, не болды? Неге тауыспадың?” – деді. Ол: “Сізді пайғамбар етіп жіберген Жаратушыға ант, тойып қалдым”, – деді. Алла елшісі: “Кеше жеті асқазаның бар еді, бүгін бір-ақ асқазаның бар”, – деді».
3. Ғалымдар хадистің мағынасы жайында түрлі пікір айтқан. Хадисті ұғыну әрі ғалымдардың осындай риуаяттарды талдағанда қандай нәзік жайттарға назар аударатынын көрсету үшін Ибн Хажардың баяндауына жүгінейік.
• Кейбір ғалымдар хадисті мүміннің дүние қызығына бой алдырмауы мен кәпірдің дүниеқұмарлығын көрсететін тәмсіл деп ұққан. Олардың түсіндіруінше, мүмін өткінші дүниеге қатты мән бермегендіктен бір асқазанға жейді, ал кәпір дүниеге тым әуес болып, дүние-мүлік жинай бергендіктен жеті асқазанға жейді. Тәмсілде дүниеқоңыздық – тамақ жеумен, дүние табудың жолдары асқазанмен бейнеленген. Бұл байланысты түсіну қиын емес. Біреуді «дүниені жалмап жатыр» деу оның дүниеқоңыздығын білдірсе, «мүмін бір асқазанға жейді» деген сөз оның дүниеге құнықпай, өзіне жетерлікпен шектелетінін білдіреді. Ал «кәпір жеті асқазанға жейді» дегеннен дүниеге құмартып, оның соңынан қалмайтыны аңғарылады.
• Бірқатар ғалым мұны: «Мүмін адалынан жейді, кәпір харам да жейді. Дүниеде адал нәрсе аз, харам көп», – деп түсіндірген.
• Кейбір ғалымдар хадис мүмінді аз жеуге үндейді дейді. Мүмін көп жеудің кәпірге тән сипат екенін білсе, өзін ондай сипаттан сақтап, аз жеуге дағдыланады. Олар осы пікірге «Мұхаммед» сүресінің 12-аятындағы мына үзіндіні дәлел етеді: ﴿وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ يَتَمَتَّعُونَ وَيَأْكُلُونَ كَمَا تَأْكُلُ ٱلْأَنْعَٰمُ وَٱلنَّارُ مَثْوًى لَّهُمْ﴾ «Ал күпірлік қылғандарға келсек, олар қу тіршіліктің қызығын көріп, рақатына батып, құдды мал сияқты ішіп-жейді. Олардың ақырғы тұрағы тозақ болмақ!».
• Енді бір ғалымдар хадистің тура мағынасын негізге алып, оны ауыспалы мағынада түсіндірудің қажеті жоқ деп санаған. Бұл пікірді ұстанғандардың өздері бірнеше көзқарас білдірген.
• Бірінші көзқарас бойынша хадис бір адамға қатысты айтылған. «Әл-мүмін» сөзінің басындағы «ләм» бүкіл мүміндерді қамтымай, белгілі бір адамды меңзейді. Ибн Абдулбәрр осы пікірді ұстанып: «Мұны барлық мүмінге телуге келмейді. Мұсылмандардан аз жейтін кәпірлер де, кәпірлерден көп жейтін мұсылмандар да бар. Исламды қабылдағанымен, жейтін асының мөлшері өзгермеген кісілер де кездеседі», – деген. Ол Әбу Һурайра хадисі бұл сөздің бір адамға қатысты айтылғанын көрсетеді деп санаған. Имам Мәлик пен Бұхари осы нұсқаны жалпы түрде айтылған хадистен кейін келтірген2. Бұхари мұнымен әлгі кісінің кәпір кезінде жеті асқазанға жегенін, мұсылман болған соң бұрынғы асының жетіден бірі өзіне жететін болғанын аңғартады.
Ибн Абдулбәррден бұрын Тахауи «Мушкилу әл-асарда» осы көзқарасты білдірген. Оның айтуынша, хадис нақты бір адам, жеті қойдың сүтін ішкен кәпір жайында айтылған және оны басқа мағынаға жоруға негіз жоқ. Тахауиден бұрын осы пікірді Әбу Убәйда да айтқан.
Бұл жорамалды сынағандар хадисті жеткізген Ибн Омардың оны жалпы мағынада түсінгенін айтады. Ол көп жеген кісіні көргенде, әлгі адамды өзіне жақындатпай, осы хадисті дәлел еткен. Ибн Хажар да осы пікірді қолдап: «Мұндай оқиға бірнеше адамның басынан өткенін және хадис сол оқиғалардың әрқайсысынан кейін айтылғанын ескерсек, оны қалай бір адаммен шектейміз?» – дейді.
• Екінші көзқарас бойынша, хадисте белгілі бір саннан гөрі көптік меңзелген. Жеті саны көптікті күшейте білдіру үшін қолданылған. «Лұқман» сүресінің 27-аятында да осындай қолданыс бар: ﴿وَلَوْ أَنَّمَا فِى ٱلْأَرْضِ مِن شَجَرَةٍ أَقْلَٰمٌ وَٱلْبَحْرُ يَمُدُّهُۥ مِنۢ بَعْدِهِۦ سَبْعَةُ أَبْحُرٍ مَّا نَفِدَتْ كَلِمَٰتُ ٱللَّهِ﴾ «Алланың хақ сөздерін жазу үшін жердегі ағаштың бәрі қаламға, теңіз һәм оған қоса, дәл сондай жеті бірдей теңіз сияға айналса да, Алланың сөздері түгесілмейді!». Осы түсінікке сай мүмінге аз жеу жарасады, өйткені ол құлшылықпен шұғылданады. Шариғат ас ішудегі мақсаттың аштықты басу, тіршілікті жалғастыру және құлшылыққа қуат жинау екенін үйретеді. Мүмін осы өлшемнен асса, есебінің ауырлайтынын біледі. Кәпір шариғат белгілеген шекті ұстанбай, нәпсісінің қалауына еріп, харамнан сақтанбайды. Осы тұрғыдан алғанда, мүміннің жейтіні кәпірден жеті есе аз деп бейнеленген. Бұл өлшемді әр адамға қолдануға болмайды. Мүміндердің арасында әдетіне немесе басқа себепке байланысты көп жейтіндер де болады. Ал кәпірлердің арасында дәрігер кеңесімен денсаулығын күткендіктен, дін қызметкерлерінің насихатымен нәпсісін тежегендіктен немесе асқазан ауруына байланысты аз жейтіндер кездеседі.
Тиби бұл көзқарастың түйінін былай жеткізеді: «Мүмінге тақуалыққа ұмтылып, бойын тіктеуге жетерлік аспен шектелу жарасады. Осы сипатқа сай келмеген мүмін де, кәпір де хадистегі сипаттауға кірмейді». Осы мағынадағы қолданыс «Нұр» сүресінің 3-аятында да кездеседі: ﴿ٱلزَّانِى لَا يَنكِحُ إِلَّا زَانِيَةً أَوْ مُشْرِكَةً﴾ «Зинақор еркек тек зинақор әйелге немесе мүшрік әйелге үйленеді». Өмірде зинақор ердің азат әйелге үйленгені де, зинақор әйелдің азат ерге тигені де кездеседі.
• Үшінші көзқарас бойынша, хадистегі «мүмін» – иманы кемел адам. Мұсылманшылығы берік адамның ойы өлім мен ақыретке ауады. Ақыреттен қауіптеніп, ол нәпсісін тежейді, о дүниедегі халіне алаңдайды. Әбу Умама жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Кім көп ойланса, аз жейді. Кім аз ойланса, көп жейді, жүрегі де қатаяды», – деген. Әбу Сағид жеткізген бір хадисте де: «Дүние тәтті әрі көз тартарлық. Кім оған нәпсіқұмарлықпен қол созса, жесе де тоймайтын адамдай болады», – делінген.
Осы риуаяттарға қарағанда, хадистегі «мүмін» жеп-ішуде орта жолды ұстанатын адамды меңзейді. «Кәпір» деп асты обырлана жейтін, ас ішудегі мақсатты денсаулықтан іздемейтін адам бейнеленген. Осы түсіндірмені ұстанған Хаттаби: «Алғашқы буынның қадірлі адамдары арасында көп жегендері де болған. Бұл олардың иманының кемдігін білдірмейді», – дейді.
• Төртінші көзқарас бойынша, мүмін ас ішерде «Бисмиллә» дейді. Шайтан оның асына ортақтаса алмай, аз ас та өзіне жетеді. Ал кәпір «Бисмиллә» демегендіктен, шайтан оның асына ортақтасады. Бұл мәселе №3868 және №3873 хадистерде сөз болған.
• Бесінші көзқарас бойынша, мүмін асқа көп құмартпайды. Асы бойына сіңіп, берекелі болғандықтан, аз тамаққа тояды. Кәпір асқа ашкөздікпен қарайды да, азға қанағаттанбайды. Бұл көзқарасты алдыңғы пікірмен ұштастырып түсінуге болады.
• Алтыншы көзқарасты Нәуәуи ұсынған: «Кейбір мүміндер бір асқазанға, ал кәпірлердің көпшілігі жеті асқазанға жейді. Бұдан кәпірдің жеті асқазанының әрқайсысы мүміннің бір асқазанымен бірдей деген ұғым шықпайды».
Асқазан мен ішек бөліктерін Қади Ияд анатомия мамандарының сөздеріне сүйеніп былай атаған:
«Адамның ас қорыту жүйесі жеті бөліктен тұрады:3
1) асқазан,
2), 3), 4) асқазанға жалғасқан үш жіңішке бөлік: баууаб, саим және рақиқ,
5) ағуар (соқыр ішек),
6) колон,
7) мустақим. Соңғы үшеуі – жуан ішектің бөліктері».
Бұл пайым бойынша, қомағай адам ас қорыту жолының барлық бөлігі толмайынша тоймайды, ал мүмінге бір бөлігінің толғаны жеткілікті. Кирмани дәрігерлерден осы жеті бөліктің атауын сұраған. Олар әуелі асқазанды, одан кейін бір-біріне жалғасқан үш жіңішке бөлікті – он екі елі ішек, саим (аш ішек) және колонды, сонан соң үш жуан бөлікті – фанифи, мустақим және ағуарды (соқыр ішекті) атаған.4
• Жетінші көзқарас та Нәуәуиге тиесілі. Оның пайымынша, «жеті» сөзі кәпірдің асқа құмарлығын, обырлығын, дүниеқоңыздығын, ашкөздігін, нашар мінезін, іштарлығын және майлы асқа үйірлігін білдіруі мүмкін. Мүмін болса, қажетін өтеуді ғана көздейді.
• Сегізінші көзқарасты Құртуби айтқан: «Адамды асқа табиғи бейімі, нәпсісі, көзі, аузы, құлағы, мұрны және аштығы тартады. Мұсылманның ас ішуіне осы соңғысы, яғни аштығы себеп болса, кәпірге осылардың бәрі ықпал етеді». Ибн Хажар бұл пікірдің негізін Қади Әбу Бәкір ибн әл-Арабидің қысқа тұжырымынан байқаған. Ол хадистегі жеті асқазан бес сезім мүшесін, құмарлықты және қажетін өтеуді білдіреді деп түсіндірген.
Ғалымдардың айтуынша, хадис дүние қызығына берілмей, азды қанағат етуге, тақуалық ұстануға және харамға бармай, адал тапқанын місе тұтуға үндейді. Жаһилия дәуірінде де, Ислам дәуірінде де парасатты адамдар аштықты артық санап, шамадан тыс жеуді құп көрмеген. Ибн әт-Тин ас ішуге қарай адамдарды үш топқа бөледі: «Бірі қажетіне қарамай жей береді. Бұл – надандық. Екіншісі ашыққанда ғана нәр алады. Үшіншісі нәпсісін тізгіндеп, мұратына жету үшін ашығады. Олар ас ішкенде де қажетін өтейтін мөлшермен шектеледі».
- 1Бұхари, Атғима 12; Мүслим, Ашриба 186 (2063); «Муатта», Сифатун-нәби 10 (2, 924); Тирмизи, Атғима 20 (1820).
- 2Ибн Абдулбәррдің айтуынша, Имам Мәлик сөз нақты бір адамға қатысты деп түсінген. Ол «Мүмін бір асқазанға, кәпір жеті асқазанға жейді» деген жалпы риуаяттан кейін белгілі бір адамның оқиғасын келтірген. Осы қағидаға сай, жалпы айтылған риуаят белгілі жағдайға қатысты нұсқа арқылы түсіндіріледі. Демек, мұны әр мүмін мен әр кәпірге бірдей телуге болмайды.
- 3Мұндағы «асқазан» сөзі ас қорыту жолының бөліктерін де қамтиды. Түсіндірмеде асқазан, он екі елі ішек, соқыр ішек, тоқ ішек және тоқ ішектің соңғы бөлігі аталады.
- 4Екінші тізімде колон жіңішке бөліктердің қатарында, алғашқы тізімде жуан бөліктердің қатарында аталған. Бөліктердің реті де екі тізімде бірдей емес.