وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَا عَابَ النَّبِيُّ ﷺ طَعَامًا قَطُّ، كَانَ إِذَا اشْتَهَاهُ أَكَلَهُ، وَإِنْ كَرِهَهُ تَرَكَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) ешбір асты жамандаған емес. Тәбеті тартса жейтін, ұнатпаса жемейтін».1
Түсіндірме
Алла елшісінің (с.а.с.) асты жамандамауы адал тағамға қатысты. Харам асты ол айыптап, одан жеуге тыйым салатын. Кей ғалымдар астың табиғи қасиетін кінәлауды мәкруһ санап, оны әзірлеудегі кемшілікті айтуға болады деген. Олардың түсіндіруінше, Алланың жаратқан нәрсесін айыптауға болмайды, ал адамның ісіндегі кемшілікті айтуға болады.
Басқа ғалымдар хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, ас әзірлеген адамның көңілін қалдырмас үшін тағамның дайындалуын да сынамаған жөн дейді. Нәуәуи: «Тамақ ішу әдебінің бірі – асты “тұзды”, “қышқыл”, “тұзы татымайды”, “қатты екен”, “шала піскен” деген сөздермен сынамау», – деген.
Ибн Баттал: «Алла елшісінің (с.а.с.) ұнатпаған асты жемей, ол жайында үндемеуі оның көркем мінезін танытады. Бір кісі ұнатпаған тағам екінші кісіге ұнауы мүмкін. Шариғат жеуге рұқсат еткен тағамның ешбірінде жұрттың бәрі бірдей мойындайтын кемшілік жоқ», – дейді.
- 1Бұхари, Атғима 21; Мәнақиб 23; Мүслим, Ашриба 187 (2064); Әбу Дәуіт, Атғима 14 (3763); Тирмизи, Бирр 84 (2032).