Хадис

Кутуб ситтә, № 3904

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
520. Жеуге рұқсат етілген және мәкруһ тағамдар
Нөмірі
№ 3904 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3904
Кутуб ситтә, № 3904 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ أَعْرَابِيًّا أَتَى رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: إِنَّي فِي غَائِطٍ مَضَبَّةٍ، وَإِنَّهُ عَامَّةُ طَعَامِ أَهْلِي، فَلَمْ يُجِبْهُ، فَقُلْنَا: عَاوِدْهُ فَعَاوَدَهُ فَلَمْ يُجِبْهُ ثَلَاثًا، ثُمَّ نَادَاهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الثَّالِثَةِ، فَقَالَ: يَا أَعْرَابِيُّ، إِنَّ اللَّهَ لَعَنَ، أَوْ غَضِبَ عَلَى سِبْطٍ مِنْ بَنِي إِسْرَائِيلَ، فَمَسَخَهُمْ دَوَابَّ يَدِبُّونَ فِي الْأَرْضِ فَلَا أَدْرِي، لَعَلَّ هَذَا مِنْهَا، فَلَسْتُ آكُلُهَا وَلَا أَنْهَى عَنْهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. «الْغَائِطُ»: الْمَكَانُ الْمُطْمَئِنُّ مِنَ الْأَرْضِ. وَ«الْمَضَبَّةُ»: الْكَثِيرَةُ الضِّبَابِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) айтады: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Мен келес көп кездесетін ойпаң жерде тұрамын. Отбасымның негізгі асы – сол келес”, – деді. Алла елшісі жауап қатпады. Біз: “Қайта сұра”, – дедік. Бәдәуи қайта сұрады, бірақ ол тағы да жауап қатпады. Үшінші рет сұрағанда, Алла елшісі бәдәуиді шақырып: “Уа, бәдәуи! Алла Исраил ұрпағының бір руын қарғады немесе оларға қаһарланды да, оларды жер бауырлап жүретін жануарларға айналдырды. Мына жануар солардың бірі ме, білмеймін. Сондықтан оны өзім жемеймін әрі оны жеуге тыйым салмаймын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бірінші хадистегі Халид ибн әл-Уәлидтің анасы – Лүбәба әс-Суғра. Ибн Аббастың анасы – Лүбәба әл-Кубра. Оны ұлы Фадл ибн Аббастың атымен Үммүл-Фадл деп атаған. Екеуі де мүміндердің анасы Мәймунаның (р.а.) сіңлілері еді.

2. Алдыңғы хадис Алла елшісінің (с.а.с.) алдына қойылған астың атын, неден жасалғанын сұрайтынын көрсетеді. Бұхари бұл хадисті «Алла елшісі не екенін сұрап білмейінше ас жемеген» деген тарауда келтіреді. Түсіндірмешілердің айтуынша, арабтар ас тапшы болғандықтан, тапқанын жеген. Ибн Хажар мұны былай таратады: «Алла елшісі қаладан бадияға2 сирек шыққандықтан, ондағы кей жануарларды танымауы мүмкін. Шариғат кей жануарды адал, кейбірін харам еткен. Жаһилия арабтары ондай шек қоймай, бәрін жей берген. Бір-біріне ұқсас еттің қандай жануардікі екенін пісіп тұрған күйінде сұрамай ажырату қиын еді».

Бұхаридің «Әл-Әдаб әл-муфрад» еңбегінде бұл мәселені айқындай түсетін риуаят бар: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) қоян сыйлады. Алла елшісі сыйлаған адам өзі татпайынша, әкелген астан жемейтін. Мұны Хайбарда сыйға келген улы қой етінен кейін әдет еткен еді...»

3. Бұл риуаятта дастархандағы еттің не екенін айтқан әйелдің есімі аталмаған. Өзге нұсқаларда оның Мәймуна (р.а.) екені айтылады. Сондай-ақ Алла елшісінің сол дастарханда сыйға келген ірімшік пен сүт секілді басқа тағамдардан дәм татқаны да жеткізілген.

4. «Келес менің қауымым мекендеген жерде кездеспейді» деген сөзді кей түсіндірмешілер Хижазда келес көп кездесетінімен салыстырып, қайшылық көрген. Алла елшісі (с.а.с.) бүкіл Хижазды емес, Мекке мен оның маңын меңзеген болуы ықтимал.

5. Ибн Хажар түрлі нұсқаны талдап, Алла елшісінің (с.а.с.) келес етінен тіксінгенін немесе жағымсыз иісіне бола жемегенін айтады.

6. Хадистен алынатын тағылымдар:

• Келес етін жеуге осы хадистерде рұқсат берілгендей көрінгенімен, ғалымдар бұл жайында әртүрлі пікір айтқан. Тахауи «Шарху мағани әл-асарда» Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің үшеуі де келес етін мәкруһ санағанын жазады. Имам Мұхаммед Айшадан (р.а.) жеткен мына риуаятқа сүйенген: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір келес сыйға келді. Ол оны жемеді. Мұқтаж біреу келгенде Айша оған келесті бермек болды. Алла елшісі: “Өзің жемеген асты бермекшісің бе?” – деді». Әбу Дәуіт осы оқиғаны тәптіштемей, «Алла елшісі келес жеуге тыйым салды» деп жеткізген. Имам Мұхаммед секілді кейбір ханафи ғалымдары мұны тахрими мәкруһ санаған. Басым көпшілігі Алла елшісінің өз дастарханында келес жегендерге тыйым салмауын рұқсаттың дәлелі көріп, оны тәнзиһи мәкруһқа жатқызған.

Келес еті жайында ғалымдар арасында пікір айырмасы бар. Ханафи ғалымдарының көбі оны еш шартсыз «адал» деп атаудан тартынған.

• Күмән туған тұсты түсіндірген жөн. Алла елшісі (с.а.с.) келес етін жемей, себебін де ашып айтқан.

• Асты ұнатпау оның харам екенін білдірмейді.

• Тағам талғамы әр адамда әртүрлі. Біреу ұнатқан асқа екінші кісі тіксінуі мүмкін.

• Еттің өзіне тән иісін ұнатпау оны харам етпейді. Сол иіске қарамай жейтіндер де бар.

• Күйеуі келіссе, әйелдің туыстары үйіне келе алады.

• Туыс пен достың үйінен ас ішуге болады.

• Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен бірге ас ішіп, реті келгенде ет те жеген.

• Алла білдірмейінше, Алла елшісі (с.а.с.) ғайыпты білмеген. Ол білмегенін сұрайтын.

• Мәймуна (р.а.) зерек әрі сезімтал, Алла елшісіне (с.а.с.) жанашыр жан еді. Оның келесті ұнатпайтынын алдын ала сезіп, жеп қойған соң жайсызданбасын деп, еттің қандай екенін ескерткен. Ойлағаны расқа шықты.

• Кісі бір астан тіксінетін болса, кейін жайсыз күйге түспес үшін оның не екенін алдын ала айтқан жөн. Сүннет мұндай жайтты жасыруды құптамайды.

7. Екінші хадис Исраил ұрпағының мәсхке ұшырауын сөз етеді. Мәсх – тіршілік иесінің табиғаты өзгеріп, басқа кейіпке енуі. Бұл сөз көбіне жақсы кейіптен жаман кейіпке ауысуды білдіреді. Мәсх – Алланың жазаларының бірі. Құранда яһудилердің бір тобы осындай жазаға ұшырап, маймылға айналғаны айтылады. «Бақара» сүресінің 65–66-аяттарында: ﴿وَلَقَدْ عَلِمْتُمُ ٱلَّذِينَ ٱعْتَدَوْا۟ مِنكُمْ فِى ٱلسَّبْتِ فَقُلْنَا لَهُمْ كُونُوا۟ قِرَدَةً خَٰسِـِٔينَ﴾ «Араларыңнан қасиетті сенбі күні шектен шыққандарды әлбетте білесіңдер. Сонда Біз оларға: “Жексұрын маймылдарға айналыңдар”, – дедік». ﴿فَجَعَلْنَٰهَا نَكَٰلًا لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهَا وَمَا خَلْفَهَا وَمَوْعِظَةً لِّلْمُتَّقِينَ﴾ «Біз бұл жазаны сол кездегілер мен кейінгілерге сабақ һәм тақуаларға насихат болсын деп берген едік», – делінген. «Мәида» сүресінің 60-аятында: ﴿وَجَعَلَ مِنْهُمُ ٱلْقِرَدَةَ وَٱلْخَنَازِيرَ﴾ «Алла олардың бір бөлігін маймылға, енді бір бөлігін доңызға айналдырып» деп, кей адамдардың маймыл мен доңызға айналғаны айтылады. Осы аяттарда Алланың бұрынғы замандарда кей адамдарды мәсх жазасына ұшыратып, маймыл мен доңызға айналдырғаны баяндалған.

Жоғарыдағы риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) алдына қойылған келес мәсхке ұшырағандардың бірі болуы мүмкін деп сақтанып, одан жемеген. Көпшілік ғалым мәсхке ұшырағандардың ұрпағы жалғаспағанын айтатын хадистерді негізге алған. Табари: «Алла елшісі ол жануарлардың мәсхке ұшырағандар екеніне кесімді үкім айтқан жоқ. Солар болуы мүмкін деп сақтанды. Мұны Алла оған мәсхке ұшырағандардың ұрпағы жалғаспайтынын білдірмей тұрып айтқан болса керек», – дейді. Тахауи да осыған ұқсас жауап беріп, Ибн Мәсғудтың риуаятын келтіреді: «Алла елшісінен “Маймыл мен доңыздар мәсхке ұшыраған яһудилерден тараған ба?” – деп сұрағанда, ол: “Алла бір қауымды жойса немесе мәсхке ұшыратса, олардың ұрпағын жалғастырмайды”, – деді».

Аяттар мен хадистерде айтылған адамның маймыл, доңыз, келес кесірткесі секілді өзге тіршілік иесіне айналуы мен адамның маймылдан шыққандығына сенетін дарвинистер айтатыні бір емес екендігін ескерте кетейік. Бірі адамзаттың түпкі бастауын кездейсоқтықпен кемелденетін маймылға апарып тіресе, екіншісі тым азғындап кеткен адамдардың құдайдың қаһарына, ашуына, қарғысына ұшырап, жаза ретінде маймылға, доңызға және кесірткеге айналғанын алға тартады. Әуелгісінде кездейсоқ даму болса, екіншісінде құдайдың жазасы тілге тиек етіледі.

Мәсхті реинкарнацияны жақтаушылардың түсінігімен де шатастырмаған жөн. Олар ешқандай байыпты дәлелге сүйенбестен, адам жанының өзге жануарлардың денесіне қонып, өмірге қайта келетіндігін алға тартады. Ислам діні өлген адамның бұл өмірге қайта келе алмайтындығын нақты білдірген.

  1. 1Мүслим, Сайд 51 (1951).
  2. 2«Бадия» сөзі контексіне қарай шөлді, қырды, даладағы қонысты немесе көшпелілер мекендеген өңірді білдіреді.