Хадис

«Фатиха» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 53-тарау · 4 хадис · № 437–440

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

437
Кутуб ситтә, № 437 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي سَعِيدِ بْنِ الْمُعَلَّى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ أُصَلِّي فِي الْمَسْجِدِ، فَدَعَانِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَلَمْ أُجِبْهُ، ثُمَّ أَتَيْتُهُ فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي كُنْتُ أُصَلِّي. فَقَالَ: أَلَمْ يَقُلِ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اسْتَجِيبُوا لِلَّهِ وَلِلرَّسُولِ إِذَا دَعَاكُمْ﴾؟ ثُمَّ قَالَ: أَلَا أُعَلِّمُكَ سُورَةً هِيَ أَعْظَمُ السُّوَرِ فِي الْقُرْآنِ قَبْلَ أَنْ تَخْرُجَ مِنَ الْمَسْجِدِ؟ ثُمَّ أَخَذَ بِيَدِي، فَلَمَّا أَرَادَ أَنْ يَخْرُجَ قُلْتُ: أَلَمْ تَقُلْ لَأُعَلِّمَنَّكَ سُورَةً هِيَ أَعْظَمُ سُورَةٍ فِي الْقُرْآنِ؟ قَالَ: ﴿الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ﴾، هِيَ السَّبْعُ الْمَثَانِي وَالْقُرْآنُ الْعَظِيمُ الَّذِي أُوتِيتُهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ، وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид ибн әл-Муалла (р.а.) былай дейді: «Мен мешітте намаз оқып тұр едім. Алла елшісі (с.а.с.) мені шақырды, бірақ жауап бермедім. Кейін қасына барып: “Уа, Алланың елшісі, мен намаз оқып тұр едім”, – дедім. Сонда ол: “Алла Тағала ‘Уа, иман келтіргендер! Алла мен Елшісі сендерді шақырғанда, шақыруына жауап беріңдер’1 деп айтпады ма?” – деді. Артынша: “Мешіттен шықпай тұрып, саған Құрандағы ең ұлы сүрені үйретейін бе?” – деп, қолымнан ұстады. Мешіттен шыға бергенде: “Маған Құрандағы ең ұлы сүрені үйретемін деп едіңіз ғой?” – дедім. Ол: “‘Әлхамду лилләһи раббил-ғаләмин’ сүресі – қайталанып оқылатын жеті аят әрі маған берілген ұлы Құран”, – деді».2

Түсіндірме

Бұл хадисте «Фатиха» сүресінің артықшылығы айтылған. Ол артықшылық сүренің мағынасына және оны оқыған адамға берілетін мол сауапқа байланысты. Құранның барлық сүрелері мен аяттары Алладан уахи етілген. Осы тұрғыдан қарағанда, олардың дәрежесі бірдей. «Фатиха» жеті аяттан тұратындықтан, «әс-Сәбғул-Мәсәни» деп аталған. «Мәсәни» – «мәснә» сөзінің көпше түрі. Ол «жұпталған», «қайталанатын» деген мағыналарды білдіреді. «Фатиха» намаздың әр рәкатында қайталанып оқылатындықтан және одан кейін оқылатын сүреге жұп болатындықтан «мәсәни» аталған деседі. «Хижр» сүресінің 87-аятында «Расында, Біз саған қайталанып оқылатын жеті аятты және ұлы Құранды бердік»3 делінген.

Жоғарыдағы хадисте «әс-Сәбғул-Мәсәни» деп «Фатиха» сүресі аталған. Ал Ибн Аббастан жеткен бір риуаятта бұл атаумен жеті ұзын сүре меңзелген. Олар – «Бақара», «Әли Имран», «Ниса», «Мәида», «Әнғам», «Ағраф» және «Юнус» сүрелері.

  1. 1«Әнфал» сүресі, 24-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», № 4474. Нәсәи, «Ифтитах», № 913. Әбу Дәуіт, «Уитр», № 1458.
  3. 3«Хижр» сүресі, 87-аят.
438
Кутуб ситтә, № 438 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ خَرَجَ عَلَى أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَهُوَ يُصَلِّي، وَذَكَرَ نَحْوَهُ. وَفِيهِ: «وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ، مَا أُنْزِلَ فِي التَّوْرَاةِ، وَلَا فِي الْإِنْجِيلِ، وَلَا فِي الزَّبُورِ، وَلَا فِي الْفُرْقَانِ مِثْلُهَا، وَإِنَّهَا سَبْعٌ مِنَ الْمَثَانِي وَالْقُرْآنُ الْعَظِيمُ الَّذِي أُعْطِيتُهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. وَزَادَ فِي أُخْرَى لَهُ وَلِلنَّسَائِيِّ: «وَهِيَ مَقْسُومَةٌ بَيْنِي وَبَيْنَ عَبْدِي، وَلِعَبْدِي مَا سَأَلَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) Убай ибн Кәғбтың (р.а.) қасына келгенде, ол намаз оқып тұрған еді. Хадистің жалғасы жоғарыдағы риуаятқа ұқсас. Мұнда Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөздері де келтірілген: «Жаным қолында болғанға ант етемін! Тауратта да, Інжілде де, Зәбурда да, Фұрқанда да “Фатихаға” тең келер сүре түсірілген жоқ. Ол – қайталанып оқылатын жеті аят әрі маған берілген ұлы Құран».

Тирмизи бұл хадисті сахих деп бағалаған. Тирмизи мен Нәсәидің Әбу Һурайрадан жеткізген тағы бір риуаятында Алла Тағаланың мына сөзі келтірілген: «Ол – Менімен құлымның арасында бөлінген сүре. Құлыма сұрағаны беріледі».1

  1. 1Тирмизи, «Сауабул-Құран», № 2875. «Менімен құлымның арасында» деген мазмұн Тирмизидің «Тәпсір» бөліміндегі № 2953 және Нәсәидің «Ифтитах» бөліміндегі № 909 риуаяттарында келген.
439
Кутуб ситтә, № 439 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «بَيْنَمَا جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ قَاعِدٌ عِنْدَ النَّبِيِّ ﷺ إِذْ سَمِعَ نَقِيضًا مِنْ فَوْقِهِ، فَرَفَعَ رَأْسَهُ إِلَى السَّمَاءِ فَقَالَ: هَذَا بَابٌ مِنَ السَّمَاءِ فُتِحَ الْيَوْمَ، لَمْ يُفْتَحْ قَطُّ إِلَّا الْيَوْمَ. فَنَزَلَ مِنْهُ مَلَكٌ فَقَالَ: هَذَا مَلَكٌ نَزَلَ إِلَى الْأَرْضِ، لَمْ يَنْزِلْ قَطُّ إِلَّا الْيَوْمَ. فَسَلَّمَ وَقَالَ: أَبْشِرْ بِنُورَيْنِ أُوتِيتَهُمَا، لَمْ يُؤْتَهُمَا نَبِيٌّ قَبْلَكَ: فَاتِحَةُ الْكِتَابِ وَخَوَاتِيمُ سُورَةِ الْبَقَرَةِ، لَمْ تَقْرَأْ بِحَرْفٍ مِنْهُمَا إِلَّا أُعْطِيتَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Жәбірейіл (а.с.) Алла елшісінің (с.а.с.) жанында отырған еді. Төбесінен сықырлаған дыбыс естіліп, ол басын көкке көтерді. “Көкте бұрын-соңды ашылмаған бір есік бүгін ашылды”, – деді. Сол есіктен бір періште түсті. Жәбірейіл (а.с.): “Бұл періште осы күнге дейін жерге бірде-бір рет түспеген”, – деді. Періште сәлем беріп: “Саған берілген қос нұрды сүйіншілеймін. Олар сенен бұрын ешбір пайғамбарға берілмеген. Бірі – ‘Фатиха’ сүресі, екіншісі – ‘Бақара’ сүресінің соңғы аяттары. Екеуінен оқыған әрбір әрпің үшін саған сый беріледі”, – деді».1

وَالنَّقِيضُ: الصَّوْتُ.

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», № 806. Нәсәи, «Ифтитах», № 912.
440
Кутуб ситтә, № 440 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ади ибн Хатим (р.а.)

وَعَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «الْيَهُودُ مَغْضُوبٌ عَلَيْهِمْ، وَالنَّصَارَى ضُلَّالٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатимнен (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Яһудилер қаһарға ұшыраған, ал христиандар тура жолдан адасқан».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) «Фатиха» сүресінің соңғы аятындағы «мағдуби аләйһим» тіркесі Алланың қаһарына ұшыраған яһудилерді, ал «даллин» сөзі тура жолдан адасқан христиандарды меңзейтінін түсіндірген. Яһудилердің қаһарға ұшырағаны Құранның бірнеше аятында айтылады.2 Сол аяттардың бірінде былай делінген: «…Содан олар қорлық пен жоқшылық қамытын киіп, ақырында Алланың қаһарына ұшырады. Иә, солай болды, өйткені олар Алланың аяттарына сенбей, пайғамбарларды нақақтан-нақақ өлтіретін еді. Иә, солай болды, өйткені олар үнемі (Аллаға) қарсы келетін һәм күнә жасауда шектен шығатын»3. Ал келесі аятта олардың Алланың қаһарына ұшырағаны анық айтылады.

«Бұзауды тәңір тұтқандар, шүбәсіз, жақында Раббыларының қаһарына ұшырайды һәм бұл дүниеде қорлық көреді. Біз жалақорларды, міне, осылай жазалаймыз!»4

«Исрайыл ұрпақтарынан күпірлікке бой алдырғандар Дәуіт пен Мариямұлы Исаның тілімен лағынеттелді. Өйткені олар (Аллаға) қарсы келіп, азғындықта үнемі шектен шығатын еді».5

Аяттарда яһудилердің пайғамбарларды нақақтан-нақақ өлтіргені, Алланың әмірлеріне бағынбағаны, астамшылық пен азғындыққа бой алдырғаны айтылады. Олар осы істері үшін Алланың қаһарына ұшыраған. Ал христиандардың тура жолдан таюына қасиетті кітаптарды бұрмалау, әзірет Исаға құдайлық сипат телу және дінбасыларын өздеріне тәңір тұту секілді істер себеп болған.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», № 2954.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 112-аят. «Бақара» сүресі, 90-аят. «Ағраф» сүресі, 152-аят. «Мәида» сүресі, 60-аят. «Мужадилә» сүресі, 14-аят.
  3. 3«Бақара» сүресі, 61-аят.
  4. 4«Ағраф» сүресі, 152-аят.
  5. 5«Мәида» сүресі, 78-аят.