«صِمَامٍ وَاحِدٍ» أَيْ: مَسْلَكٌ وَاحِدٌ.
Ислам діні адам өмірінде маңызды орын алатын жыныстық өмір мәселесін жүйелі түрде қарастырған. Автордың пайымдауынша, христиандықты қоса алғанда, өзге сенім жүйелері бұл тақырыпты күнә не ұят санап, оны зерттеу, талдау және үйрету ісіне жете көңіл бөлмеген. Ал жыныстық құмарлық – адам мінез-құлқына ықпал ететін қуатты күштердің бірі. Қоғамдағы туыстық, мұрагерлік, ұрпақ жалғастыру сияқты көптеген мәселе сонымен сабақтас. Кейбір өрескел әрекеттер мен қылмыстардың да осы салаға қатысы бар. Сондықтан адамның жыныстық тәрбиесіне көңіл бөліп, осыған байланысты туындауы ықтимал мәселелердің шешімін алдын ала ойластыру қажет.
Ислам осы жолды ұстанған. Ұятты иманның бір тармағы деп қастерлеген дініміз жыныстық өмірге қатысты мәселелерде ұялу салдарынан бейхабар қалуды құптамаған. Бұл мәселелерді үйрету мен үйренуге мән берген. Жоғарыдағы аят пен оны түсіндіретін сахих хадистерге сүйеніп, исламдағы жыныстық өмір мәселелерін кеңірек талдадық.
Сүннеттегі жыныстық тәрбие Жыныстық тәрбие ұғымын кең мағынада алып, бірін-бірі толықтыратын үш тақырыпты қарастырамыз.
1. Жыныстық тәрбиені бастау жасы
2. Жыныстық өмір туралы білім беру
3. Ерлі-зайыптылардың жыныстық өмірі
1. Жыныстық тәрбиені бастау жасы
Жыныстық тәрбиені қай жастан бастау керегін кесіп айту қиын. Кейбір тұсын бала дүниеге келгеннен ескеруге болады, ал жүйелі тәрбие жыныстық сезімнің ояна бастауына қарай беріледі. Педагогтердің айтуынша, екі жарым-үш жастан бастап бала жыныс ерекшеліктеріне қызығып, өзінің ұл не қыз екенін ажырата бастайды. Баланың осы ерекшеліктерге қызығуы жыныстық құмарлығының оянғанын білдірмейді. Сондықтан осы сәтте екі жыныстың қарым-қатынасына қатысты барлық мәліметті бірден берудің қажеті жоқ. Бала ой-санасы жетілген сайын өзін айналасындағы заттардан, ал заттарды бір-бірінен ажыратып, әрқайсысының ерекшелігіне үңіле бастайды. Ақыл-ойы мен ішкі дүниесінің дамуы барысында өзінің сыртқы жыныстық ерекшеліктерін де осылай тани бастайды.
Жыныстық құмарлық көбіне дененің физиологиялық жетілуіне қарай кейінірек оянып, балиғат шағында дами түседі. Жыныстық тәрбиенің басталуы құмарлықтың оянуына тікелей тәуелді болмайды. Оның кейбір қыры бесіктен басталады.
Бала жыныс ерекшеліктеріне қызығып, кейін жыныстық сезімі ояна бастағанда, тәрбие де біртіндеп келесі сатыға өтеді. Сүннеттен де осыны аңғарамыз.
Жаңа туған сәбиге қатысты амалдар жайында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сәбидің жаялығын түсіне бола ауыстыртқаны айтылған еді. Бұл оқиғаға осы тұрғыдан қарасақ, жыныстық тәрбиенің киімге қатысты бір қыры бала туғаннан басталады. Бұл жайға «Қыз бала тәрбиесі» бөлімінде де тоқталамыз. Жыныстық сезім ояна бастағанда, балаға өз жынысына тән мінез-құлықты жүйелі үйрету, қарсы жыныспен қарым-қатынас әдебін қалыптастыру, орынсыз қылықтың алдын алу көзделеді. Осы кезеңде бала тәрбиесіне жауапты адамның жынысына да мән беріледі. Автор қыз тәрбиесінде анасының, ұл тәрбиесінде әкесінің рөлі басым болғанын жөн санайды. Өйткені оның пайымдауынша, балаға өз жынысына қатысты қажет білім мен дағдыны меңгеру маңызды. Бұл мәселені сол бөлімге қалдырып, осы кезеңнің сүннет бойынша қашан басталатынына тоқталайық. Балаларды бөлек жатқызу туралы нұсқауларға сүйенсек, ол жеті мен он жастың арасы. Кей риуаятта балаларды жеті жастан, кейбірінде он жастан бастап бөлек жатқызу бұйырылған. Осыған қатысты хадистер мен ғұламалардың түсіндірмелерінен бірнеше мысал келтірейік.
1. Әбу Рафиғтан жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін оның қылышының сабынан бір парақ табылғаны айтылады. Онда «бисмилладан» кейін: «Жеті жастағы ұл-қыздардың, аға-іні мен әпке-сіңлілердің төсегін бөлек салыңдар», – деп жазылған. «Мұстадракта» Мүслимнің шартына сай келтірілген риуаятта да, Дарақұтнидің бір риуаятында да балаларды жеті жастан бөлек жатқызу сөз болады.
2. Өзге бірқатар риуаятта балаларды он жастан бастап бөлек жатқызу бұйырылған. Бұл риуаяттарда он жас намаз оқудан бас тартқан балаға жаза қолдануға рұқсат берілген жас ретінде де аталады.
Әли әл-Қари балаға жасына қарай берілетін тәрбиені сөз етіп: «Жеті жасында оны бөлек жатқызады», – дейді. Ол мұны баланы анасының, әпке-қарындастарының және өзге адамдардың төсегінен бөлек жатқызу деп түсіндіреді. Өйткені осы жаста бала әйелдерді және басқа адамдарды ажырата бастайды.
Әли әл-Қари жеті жасты негізге алып, мұны баланың ажырата білу қабілетімен байланыстырады. Мұхаммед ибн Аллан да осы хадисті түсіндіріп: «Ажырата білетін бала бір төсекте басқа адаммен денесі жанасып жатпасын», – дейді. Дегенмен мұнда бір сәйкессіздік бар. Ибн Аллан түсіндіріп отырған Әбу Дәуіттің хадисі баланы он жасында бөлек жатқызуды бұйырады. Ал тиісті бөлімде айтылғандай, ажырата білу қабілеті орта есеппен жеті жаста қалыптасады.
3. Осы риуаяттарды өзара үйлестіре түсінуге Нәуәуидің сөзі көмектеседі. Ол: «Ұлдар мен қыздар он жасқа толғанда, олардың төсегін ата-анасының және бауырларының төсегінен бөлу – уәжіп», – дейді. Демек, жеті жастан бөлек жатқызу қажет деп саналса, он жаста бұл талап уәжіп болады.
4. Қабисидің жазуынша, Имам Мәліктен «Ұлдар мен қыздардың төсегін бөлу меңзелген бе?» деп сұрағанда, ол «Иә» деп жауап берген. Нәуәуи екі ер адамның немесе екі әйелдің, әрқайсысы төсектің бір шетінде жатса да, бір төсекке жатуын құптамаған. Шиит дереккөздерінде Әлиге телінетін, ананың жеті жасқа толған қызымен денесі жанасып жатуына қатысты бұдан да қатаң риуаят кездеседі. Қазіргі педагогтердің кейбірі балаларды ата-анасынан, бауырлары мен құрдастарынан бөлек төсекке, тіпті бөлек бөлмеге жатқызуды бір жастан бастауды ұсынады. Автор мұны сүннетте айтылған мерзімнен ерте санайды. Оның пікірінше, мұндай ұсыныс бақылау мен зерттеуге сүйенсе, зерделеуге тұрарлық. Ал бірқатар педагог сынға алған, жыныстық сезім туғаннан басталады дейтін Фрейд тұжырымына ғана негізделсе, оның мәні шамалы.
Жыныс ерекшеліктері туралы білім беруді нақты қай жаста бастау керегін айту қиын. Бала осы тақырыпқа қатысты сұрақ қоя бастағанда, оған атүсті жауап бермеген жөн. Жынысқа байланысты кейбір жайттар құлшылыққа тікелей қатысты болғандықтан, оларды намаз бен оразаның үкімдерін үйреткенде түсіндіруге болады. Ал ерлі-зайыптылардың өміріне қатысты мәліметті балиғат шағына жақындағанда берген орынды.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті де осыны қуаттайды. Ол әйелдердің өздеріне қатысты сауалдарына дұрыс жауап берген. Үйлену жасына жеткендерден некелі не бойдақ екенін сұрап, жар таңдағанда қандай қасиеттерге мән беру керегін және ерлі-зайыптыларға рұқсат етілген қарым-қатынастың кейбір қырларын түсіндірген. Бұл білімнің бір бөлігі тікелей, енді бір бөлігі өзге тақырыпқа қатысты әңгіме үстінде берілген. Мешіт, сұхбат алқасы, айт жиыны, жұма құтбасы мен үйлену тойы үлкенге де, кішіге де, ерге де, әйелге де ортақ. Жыныстық өмірге қатысты сөз қозғалғанда, балалар да оны өз түсінігіне қарай біртіндеп ұғынады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында да солай болған. Автор баланың даму барысын ескермей, мектепке дейін жыныстық өмір жайындағы мәліметті асығыс беруге, әсіресе оны фильм арқылы арнайы көрсетуге қарсы. Оның пайымдауынша, мұндай тәсіл орынсыз қызығушылық туғызуы мүмкін.
2. Жыныстық өмір туралы білім беру
Адам өмірінде маңызды орын алатын жыныстық өмірге қатысты білімді жүйелі түрде беру керегін бірқатар діни мәтіннен аңғаруға болады. Бұған «Бақара» сүресіндегі «Әйелдерің – сендердің (ұрпақ өрбітетін) егістіктерің. Ендеше, егістіктеріңе қалаған қалыпта барыңдар» деген аят пен жоғарыда келтірілген риуаяттар дәлел. Ертеден-ақ жұрт бұл тақырыптағы кейбір мәселелерді ұят санап, сұраудан да, түсіндіруден де тартынған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тұсындағы араб қоғамында да солай еді. Сондықтан оның бұл мәселедегі ұстанымына жеке тоқталамыз. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды діні мен күнделікті өміріне қажет мәселелерді сұрауға үндеп, сауал қоюшыны жасқайтатын қылықтан аулақ болған. Әнәстің (р.а.) риуаятынша, бір күні Үммі Сүләйім Алла елшісіне (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, әйел түсінде ер адам көретін нәрсені көрсе, ғұсыл алуы керек пе?» – деп сұрады. Сонда қасында отырған Айша (р.а.): «Әй, бар болғыр Үммі Сүләйім, әйелдерді ұятқа қалдырдың ғой!» – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Айшаға: «Әй, бар болғыр, әйелдерді ұятқа қалдырған өзіңсің», – деді де, Үммі Сүләйімге: «Иә, сондай жағдай болса, ғұсыл алуы керек», – деп жауап берді. Бәззар келтірген нұсқада Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Айша, оған бөгет болма, ансар әйелдері фиқһ мәселесін сұрап жатыр», – дейді. Үммі Сүләйімнің өзінен жеткен риуаятта оның «Бұл мәселені сұрауға ұялдым» деген сөзі бар. Кейде әйелдерге қатысты сауалға жауап бергенде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да қысылғаны байқалады. Ондайда сауал иесіне оның жұбайлары мән-жайды түсіндіріп беретін.
Бір әйел етеккірден кейін қалай тазару керегін сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) астарлап жауап берген. Әйел оның сөзін ұға алмағанда, Айша (р.а.) оны оңаша шығарып, мән-жайды ашық түсіндірді. Риуаятта Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл сұраққа қысылғаны айтылады. Дегенмен ол әйелдердің мұндай сауалдарын жауапсыз қалдырмайтын. Сұраған кісіні жазғырып, қабақ шытып, бетін қайтарған емес. Осындай мәселелерді түсіндірерде «Алла ақиқатты айтудан қымсынбайды» деген аятты оқитын («Ахзаб» сүресі, 53-аят). Хузәйма ибн Сәбиттің риуаятында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әйелдеріңе артқы өтіс арқылы жақындамаңдар» деуден бұрын осы сөзді үш рет айтқаны баяндалады. Кейбір риуаятта Үммі Сүләйімнің де өз сауалын осы сөзбен бастағаны айтылады. Алла елшісінің (с.а.с.) осындай ұстанымы ер мен әйел сахабаларды көкейіндегі сауалдарын еркін қоюға ынталандырса керек. Діннің айтуға қысылатын тұстарын сұрауда әсіресе мәдиналық әйелдер батылдық танытқан. Айша (р.а.): «Ансар әйелдері қандай жақсы! Ұят олардың дін үйренуіне бөгет болмады», – деп, мұны жоғары бағалаған. Әйелдердің жеке мәселелерін еркін айтуына және Алла елшісінің (с.а.с.) оларға қалай жауап бергеніне Айшаның (р.а.) Рифаға әл-Құразидің бұрынғы әйелі туралы риуаяты да мысал. Әйел Рифағамен ажырасқан соң Абдуррахман ибн әз-Зубәйрге тұрмысқа шығады. Кейін екінші күйеуінің төсек қатынасына шамасы келмейтінін ашық айтып, алғашқы күйеуіне қайтуға рұқсат сұрайды. Сол кезде Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) қасында, Халид ибн Сағид ибн әл-Ас есік алдында отырған еді. Халид ішке дауыстап: «Алла елшісінің (с.а.с.) алдында әйелді бұлай сөйлеуден неге тыймайсың?» – дейді. Риуаятшының айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) жымия түсіп, әйелге: «Рифағаға қайтқың келіп тұр ғой. Оның балынан сен татпайынша, сенің балыңнан ол татпайынша, қайта алмайсың», – деп, екінші некеде ерлі-зайыптылардың жақындасуы шарт екенін астарлап жеткізді. Ибн Хажар «Киім кітабында» Икримадан жеткен нұсқада Рифаға мен әйелінің Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдында дауласқаны да айтылатынын ескертеді. Мүслим келтірген тағы бір риуаятта Омар ибн Әбу Сәләма былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Ораза ұстаған адам әйелін сүйсе бола ма?” – деп сұрадым. Ол Үммі Сәләманы меңзеп: “Одан сұра”, – деді. Үммі Сәләма Пайғамбарымыздың (с.а.с.) оразада әйелін сүйгенін айтқанда: “Уа, Алланың елшісі, Алла Сіздің бұрынғы әрі кейінгі күнәларыңызды кешірген ғой”, – дедім. Ол: “Аллаға ант етемін, Алладан ең көп қорқатының да, Оған қатысты ең тақуаң да – менмін”, – деді». Ерлі-зайыптылар өміріне қатысты сауалдың Пайғамбарымызға (с.а.с.) еркін қойылғанын Омарға (р.а.) қатысты риуаят та көрсетеді. Бір күні ол: «Уа, Алланың елшісі, құрыдым!» – дейді. «Не болды?» – деген сұраққа: «Түнде ерімді теріс қаратып салдым», – деп астарлап жауап береді. Алла елшісі (с.а.с.) Омардың жұбайына әдеттегіден өзге қалыпта жақындағанын түсінеді. Осыған байланысты «Әйелдерің – сендердің (ұрпақ өрбітетін) егістіктерің. Ендеше, егістіктеріңе қалаған қалыпта барыңдар» деген аят түседі. Тәпсіршілер «егістік» сөзін ұрпақ өрбитін жыныс мүшесі деп түсіндіреді. Аятта ерлі-зайыптыларға осы жолмен өздеріне ыңғайлы қалыпта жақындауға рұқсат берілген. Артқы өтіс арқылы жақындауға тыйым салынған. Бұған «Етеккірі келген әйелмен жыныстық қатынасқа түскен немесе әйелге артқы өтісі арқылы жақындаған, не көріпкелге барған кісі Мұхаммедке (с.а.с.) түсірілгенге күпірлік еткен болады», «Әйеліне артқы өтісі арқылы жақындаған адамға Алла назар салмайды», «Әйеліне артқы өтісі арқылы жақындаған адамға лағынет айтылған» деген хадистер дәлел ретінде келтіріледі. Бұған «...Олар етеккірден тазарғанша жақындамаңдар. Тазарған соң Алла бұйырған жолмен жақындаңдар» деген аят та дәлел ретінде келтірілген («Бақара» сүресі, 222-аят). Тәпсіршілер «Алла бұйырған жол» әйелдің жыныс мүшесін білдіретінін айтқан. Бұл мәтінде «арт жағынан» деген тіркес жақындасу бағытын білдіреді.
Осы аяттың түсуіне қатысты толығырақ риуаят Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадында» келтірілген. Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін де мұсылмандар ерлі-зайыптылар өміріне қатысты сауалдарын мәселені білетін кісіден сұрайтын, ер болсын, әйел болсын, жауап беретін. Абдуррахман ибн Сәбит былай дейді: «Абдуррахманқызы Хафсаға кіріп: “Сізден бір нәрсе сұрағым келіп тұр, бірақ қысылып тұрмын”, – дедім. Ол: “Сұрай бер, қысылма, сен бауырымның баласысың ғой”, – деді. Мен: “Әйелге арт жағынан жақындау туралы сұрамақ едім”, – дедім. Сонда ол былай жауап берді: “Үммі Сәләманың айтуынша, ансарлар Мәдинадағы яһудилердің ықпалымен әйелдеріне арт жағынан жақындамайтын. Өйткені яһудилер: ‘Кім әйеліне арт жағынан жақындаса, баласының көзі қыли туады’, – дейтін. Мұһажирлер Мәдинаға келген соң, ансар әйелдеріне үйленіп, Меккедегі әдеттері бойынша жұбайларына арт жағынан да жақындайтын. Ансардан бір әйел бұған қарсылық білдіріп: ‘Алла елшісінен (с.а.с.) сұрап келгенімше, олай етпе’, – деді. Ол Алла елшісін (с.а.с.) іздеп барып, Үммі Сәләмаға жолығып, жайын айтты. Үммі Сәләма: ‘Отыра тұр, Алла елшісі келсін’, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) келгенде, әйел жайын өзі айтудан қысылып, сыртқа шығып кетті. Үммі Сәләма мән-жайды жеткізді. Алла елшісі (с.а.с.) әйелді шақыртып, оған ‘Әйелдерің – сендердің (ұрпақ өрбітетін) егістіктерің. Ендеше, егістіктеріңе қалаған қалыпта барыңдар’ деген аятты оқыды”».
Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде мына оқиғаны келтіреді: «Мәсруқ жол жүріп, Айшаға (р.а.) келді. Сәлем берген соң: “Сізден бір нәрсе сұрағым келеді, бірақ ұялып тұрмын”, – деді. Айша (р.а.): “Мен анаңмын, сен менің баламсың, сұрай бер”, – дегенде, ол: “Әйелдің етеккірі кезінде күйеуіне қандай жақындық адал?” – деп сұрады. Айша (р.а.): “Жыныстық қатынастан басқа жақындықтың бәрі”, – деп жауап берді». Бәйһақи келтірген нұсқада Мұғауия ибн Әбу Суфиян Алла елшісінің (с.а.с.) жары әрі өзінің қарындасы Үммі Хабибадан (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) жұбайымен жақындасқанда үстінде болған киімімен намаз оқыған ба?» – деп сұрайды. Ол: «Иә, киімінен мәнидің дағын байқамаса, оқыған», – дейді. Айшаға (р.а.) да осы сауал қойылған. Ол да солай жауап беріп, әйелге мәни киімге тимей тұрып сүртіп алуға шағын мата әзірлеп қоюды ұсынған. Мүміндер ерлі-зайыптылар өмірінің осындай қырларын да біліп жүруі үшін Құран мен сүннетте көптеген мысал келтірілген. Бәрін бұл жерде тізіп шығу қиын. Алла елшісінің (с.а.с.) ұстанымы осындай мәселеде сауал қойғанда да, жауап бергенде де қысылмауға жол ашты. Нәуәуи ғұламалардың осы ұстанымын былайша жеткізеді: «Ақиқатты үйренуден қысылу – дін талап ететін ұятқа жатпайды. Өйткені ұяттың бәрі – қайыр. Ұят қайырдан басқа ештеңе әкелмейді. Қысылтатын діни мәселені сұрамай қалу – зиян. Ендеше, зиянға апарған қымсынуды қалай ұят дейміз?» Автордың пайымдауынша, ислам ғұламаларының жыныстық өмір мәселелерін осылайша ашық талқылауы Батыстағы қалыптасқан дәстүрге ұқсамайды. Буске исламға сыни көзқараста болғанына қарамастан, Батыстың азаматтық заң түзушілері үнсіз өткен ерлі-зайыптылар өмірінің жыныстық қырын ислам фиқһшылары ашық қарастырғанын, осы ұстанымның іс жүзінде қолайлырақ екенін айтқан. Ол бұл ұстанымды христиандық пен марксизмнің көзқарасынан жоғары қойған. Сүннеттен келтірілген мысалдарға сүйеніп, жыныстық өмір туралы білім беруге қатысты мынадай тұжырым жасаймыз.
1. Жыныстық өмір адам өмірінде маңызды орын алады. Оған қатысты мәселелерге бейжай қарауға болмайды.
2. Осы салада туындайтын мәселелер кейде ерлі-зайыптының біріне, кейде екеуіне де қатысты болады.
3. Ұялып, көкейдегі мәселені айтпай қалу немесе қажет білімді үйренбеу дұрыс емес. Сауал қоярда әдептен аспай, мүмкіндігінше астарлап, теңеп не ишарамен айтқан жөн.
4. Әйел де, ер адам да көкейдегі сауалын қарсы жыныстағы кісіге, ата-анасына немесе өзге жақын туысына қоя алады. Әйелдің әйелге, ер адамның ер адамға жүгінгені әдепке сай әрі бірін-бірі түсінуді жеңілдетеді.
«Негізгі тәрбие» бөлімінде айтылғандай, ата-ана баласына дін талаптарын орындау үшін қажет білімді алдын ала беруге міндетті. Сондықтан ұлға да, қызға да жыныстық өмір жайындағы мәлімет жоғарыда айтылған әдепке сай берілуі керек. Автор мұндай білімді балиғат кезінде болатын биологиялық өзгерістерді түсіндірумен шектемейді. Оның ауқымына ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы құқықтары мен міндеттері, жақындасу әдебі, жыныстық саулық, бала күтімі, әке мен ананың отбасындағы рөлі, сондай-ақ сол міндеттерді атқаруға қажет білім мен дағды кіреді.
Автор өз заманындағы елінің орта мектептерінде талай қосалқы тақырып оқытылғанымен, өмірге қажет бұл мәліметтерге жеткілікті орын берілмегенін айтады. Ұлдар да, қыздар да балиғат шағындағы дене мен сезім өзгерістеріне дайындықсыз тап болады. Мәселен, етеккірінің алғаш келгенін түсінбей, «қатерлі ісікке шалдықтым» деп үрейленген қыздар болған.
Айтылғандарды ескере отырып, жастарға жыныстық өмір жайында белгілі бір жүйемен, әдеп сақтай отырып білім беру қажет деп санаймыз. Оның қалай берілетіні мен оқу бағдарламасының мазмұны бұл тақырыптың аясынан шығады. Дегенмен арнайы пән ашу міндетті болмауы мүмкін. Әр жаста берілуге тиісті мәлімет анықталса, оны тақырыбына қарай тиісті сабақтарға енгізуге болады. Бірқатар мәліметті дін, әдеп, биология, тіпті әдебиет сабақтарында, енді бірін әлеуметтану сабақтарында беруге болады.
Кейбір мәліметті балиғатқа жақындаған немесе балиғатқа жеткен балаларға жүйелірек беруді қарастыруға болады. Автор мектепке дейінгі кезеңнен бастап балаларға жыныстық өмір жайында мәлімет беріп, соған қатысты көріністерді көрсетуді ұсынатын пікірге қосылмайды. Оның ойынша, бұл баланың қызығушылығын ескеріп, білгісі келген нәрсесіне қарай оқытуды көздейтін жаңа тәрбие ұстанымына қайшы. Автор мұндай асығыстықтың себебін түсініксіз санап, оның зиянына батыстық педагогтердің де назар аударғанын айтады.
3. Ерлі-зайыптылардың жыныстық өмірі
Сүннетке және педагогтердің көзқарасына сүйенсек, ерлі-зайыптылардың жыныстық өмірі – жыныстық тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан оны осы тәрбиенің бір қыры ретінде қарастырамыз. Тақырыпқа кіріспес бұрын, адам болмысына тән жыныстық құмарлықтың сүннетте қалай сипатталғанына және осыған қатысты қандай тұжырым айтылғанына қысқаша тоқталайық.
Жыныстық құмарлық
Жыныстық құмарлық адам баласына ұрпақ жалғастыру секілді маңызды мақсат үшін берілген. Осындай ауыр да өмірлік міндеттің орындалуына тән ләззаты себепші болады. Бұл ләззаттың тартымдылығы соншалық, құмарлықтың адам бойын билеп алу қаупін елемеуге болмайды. Шаһуаттың ең күштісі саналатын «шаһуатул-фәрж», яғни жыныстық құмарлық, адамға қалай да ықпал етеді. Сүннеттегі ашық баянға сүйенген ислам ғалымдары адамның жыныстық өмірін бүкпесіз сипаттап, Батыста бұл тақырыпты бүркеп келген үнсіздік пен құпияның пердесін ашты.
Тәпсіршілер Құран Кәрімдегі «Өйткені адам баласы өте әлсіз жаралған» деген аятта сөз болған әлсіздік ер адамның әйелге деген құштарлығынан айқын көрінетінін айтады. Ибн Аббас: «Адам баласы әлсіз жаратылған, ол жыныстық қатынастан қол үзуге төзе алмайды», – деген. Уәкиғ та: «Әйелдердің қасында ер адамның ақылы тұманданады», – деген. Суюти «Әл-Уишах» еңбегінде Тауыс осы аятты: «Ер адам басқа істе әйел алдындағыдай әлсіздікке түспейді. Оның ең әлсіз тұсы – осы», – деп түсіндіргенін жеткізеді. Қатада «Уа, Раббымыз! Бізге күшіміз жетпейтін міндеттерді арта көрме!» деген аятта шаһуаттың билеп кетуі де меңзелгенін айтады. Ибн Нужәйх: «Шаһуат оянғанда ақылдың үштен бірі кетеді», – деген.
Сахабалар мен табиғиндердің осы тұжырымға келуіне Алла елшісінің (с.а.с.) бұл істің қиындығын көрсететін мына сөздері себеп болса керек: «Кім маған екі жағы мен екі аяғының арасындағыны сақтауға кепілдік берсе, мен оның жәннатқа кіруіне кепілдік беремін». Тағы бір хадисте: «Адамдарды тозаққа ең көп түсіретін нәрсе – ауыз бен жыныс мүшесі», – делінген.
Кейбір риуаяттарда көз бен құлақ секілді жыныс мүшесінің де аманат екені айтылады. «Аманатқа берік болмағанның иманы жоқ» деген сөз осы құмарлықты тізгіндеудің маңызын аңғартады. Некеге қатысты үкімдер аманатты сақтаудың жолдарын көрсетсе, зина мен лиуатқа қатысты қатаң жазалар аманатқа қиянат жасаудың қаншалықты ауыр күнә саналғанын білдіреді. Үкімдер жағын фиқһ кітаптарына қалдырып, мұндағы тәрбие негіздеріне қысқаша тоқталайық.
Үйлену
Жыныстық құмарлықты тәрбиелеудің басты қағидасы – оны шариғат рұқсат еткен жолмен қанағаттандыру. «Мүминун» сүресінің 5–7-аяттарында некелі жұбайлар және сол дәуірдегі «милк әл-йәмин», яғни қол астындағы күңдер аталады. Соңғысы әр дәуірде әркімге бірдей мүмкін болмағандықтан, ең сенімді жол ретінде шариғи неке қалады. Сүннет шариғаттан тыс жолдарға рұқсат етпеген әрі балиғатқа жеткен қыз бен ұлдың некесін себепсіз созбауға кеңес берген. Бір хадисте: «Уа, Әли, үш істі кешіктірме:
1. Уақыты кірген намазды.
2. Дайын болған жаназаны.
3. Теңі табылған некесіз әйелдің некесін», – делінген. Бөлек бір риуаятта: «Кімнің баласы болса, оған көркем есім қойсын, жақсы тәрбие берсін, балиғатқа жеткенде некесін кешіктірмесін. Әкесі баласын балиғатқа жеткенде үйлендірмей, баласы күнә істеп қойса, сол күнәнің жауапкершілігі әкесіне де тиеді», – делінген.
Кей риуаяттарда қыздың некесін себепсіз созудың қоғамға зардабы тиетіні айтылады: «Діні мен мінез-құлқына разы болған жігіт құда түсіп келсе, қызды соған ұзатыңдар. Олай етпесеңдер, жер бетінде бүлік пен кең жайылған бұзғындық туады». Сағид ибн Мансұр жеткізген хабар Алла елшісінің (с.а.с.) осы секілді өсиеттерін кейінгі мұсылмандардың қалай түсінгенін көрсетеді. Әбу Мүслим әл-Хаулани өз тайпасына: «Уа, хауландықтар, әйелдерің мен жесірлеріңді некелестіріңдер. Құмарлықтың қозуы – елеулі мәселе. Оған әрдайым дайын болыңдар. Біліп қойыңдар, шаһуаттың құлағы жоқ», – деп насихат айтқан.
Алла елшісі (с.а.с.) ата-аналармен бірге үйленбеген жастарға да сөз арнаған: «Уа, жастар! Араларыңда кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Өйткені неке көзді харамнан сақтауға және арды қорғауға көбірек сеп болады». Тағы бір риуаятта: «Ең жамандарың – бойдақтарың», – делінген. Тұрмыс таршылығы жұртты некеден қайтармасын деп, Алла тағаланың үйленгендерге жәрдем беретіні де айтылған. Риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.с.) әр сахабасының жайын сұрап, үйленген-үйленбегеніне көңіл бөліп, бойдақтарына үйленуге кеңес бергені көрінеді. Олардың арасында Зәйд ибн Сәбит, Жәбир ибн Абдулла, Ұққаф ибн Халид, Кағб ибн Мәлик және Рабиға ибн Кағб бар.
Сүннет некеге ынталандырып, оны жеңілдетудің де бірнеше жолын көрсетеді. Соның бірі – баласын үйлендіруді әке міндетінің қатарына қосу. Әке баласының үйленетін шағы келгенде, оны ынталандырып, қажетті қаражатты алдын ала қамдайды.
Тағы бір шара некенің қаржылық ауыртпалығын барынша азайтуға қатысты. Қыз жағына мәһірді шамаға лайықтап, жеңіл мөлшерде белгілеу ұсынылған.
Автордың баяндауынша, Алла елшісі (с.а.с.) өзінің де, қыздарының да некесінде мәһірге он екі уқия күміс белгілеп, одан артығын бермеген де, талап етпеген де. Бір жұп аяқкиім, Құран Кәрімнен бір сүре үйрету, бес дирһамға тең бір науат алтын немесе темір жүзік секілді мәһірлерге де рұқсат беріп, некенің жолын жеңілдеткен.
Некені жеңілдетудің тағы бір жолы – үйленгісі келген екі жақты табыстыру. «Араағайындықтың ең абзалы – екі адамның некелесуіне жәрдемдесу», «Бірін-бірі сүйгендер үшін некеден артық ештеңе жоқ» деген риуаяттар бар. Соңғы хадис бірін-бірі сүйген жандардың некесіне бөгет болмауды өсиет етеді.
Сүннетте некені, әсіресе ертерек үйленуді қолдаудың басты мақсаты – жыныстық құмарлықтың шариғатқа қайшы жолмен өтелуіне жол бермеу. Балиғат шағынан бой көрсете бастайтын бұл күш дер кезінде ескерілмесе, адамды өзіне де, қоғамға да зиян келтіретін әрекеттер мен жаман әдеттерге итермелеуі мүмкін. Әбу Мүслим әл-Хауланидің «Шаһуаттың құлағы жоқ» деген сөзі жалаң уағыз бен ақыреттегі жаза не сыйды еске салу ғана көздеген нәтижеге жеткізе бермейтінін білдіреді.
Бойдақтық
Алла елшісі (с.а.с.) жыныстық құмарлықты елемей, үйленуден біржола бас тартуды құп көрмеген. Өмір бойы бойдақ қалуға бел байлаған Осман ибн Мазғунды бұл райынан қайтарған. «Бойдақ күйіңде Аллаға қауышпа» деген секілді өсиеттерден кейін сахабалар бойдақ қалудан барынша сақтанған. Әзірет Омардың: «Үш күннен соң өлетінімді білсем де, бойдақ кеткенше үйленуді қалар едім», – деген сөзі жеткен. Имам Суюти «Мұсылман болған күйде ғана жан тапсырыңдар» деген аятқа қатысты: «Некелі күйде дүниеден өтіңдер, өйткені сол кезде ғана кәміл боласыңдар», – деген пайым айтады.
Жыныстық қалауды кешіктірмей өтеу
Осы ұстанымға сай, бойдақ қалуды құп көрмеумен және ертерек үйленуге ынталандырумен қатар, жыныстық қалау туған кезде оны мүмкіндігінше кешіктірмей, адал жолмен өтеу ұсынылады. Алла елшісі (с.а.с.): «Араларыңда кімнің жұбайына көңілі ауса, жұбайының шұғыл шаруасы болса да, соған барсын», – деген. Басқа бір риуаятта: «Бір әйелді көріп, көңілі ауған адам өз жұбайына барсын. Жұбайында да әлгі әйелде бар нәрсе бар», – делінген. Осындай жағдайда Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де солай істегені риуаяттарда айтылады.
Осыған қарағанда, некенің маңызды мақсаттарының бірі – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жыныстық қажетінің өтелуі.
Алла елшісі (с.а.с.) ер адамның құлшылық пен зуһдқа беріліп, жұбайының алдындағы міндеттерін елеусіз қалдыруын құптамаған. Ол Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас, Осман ибн Мазғун және Әбуд-Дәрда секілді сахабаларға бұл жөнінде ескерту жасаған. Әнәс жеткізген риуаятта құлшылыққа барынша беріліп, түні бойы намаз оқуға, күн сайын ораза ұстауға және әйелдерден бойын аулақ салуға бекінген үш кісі айтылады. Автор олардың Әли, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас және Осман ибн Мазғун екенін келтіреді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: «Аллаға ант етейін, араларыңда Алладан ең қатты қорқатын әрі ең тақуа адам – менмін. Сонда да ораза ұстайтын да, ауыз ашатын да кезім бар. Намаз оқимын әрі тынығамын. Үйленемін де. Кім менің сүннетімнен бет бұрса, ол менен емес», – деген.
Ғалымдар осы және осыған ұқсас хадистерге сүйеніп, ердің жұбайы алдындағы міндеттерінің бірі ерлі-зайыптылық қатынас екенін айтқан. Алайда оның жиілігі туралы пікірлері әртүрлі. Әрқайсысы өз пікірін аят пен хадиске сүйеніп негіздеген. Айни осы хадистің түсіндірмесінде бір ғалымдардың бір мәрте жақындасуды уәжіп десе, енді бірінің әр төрт түнде, басқаларының айына бір рет жақындасуды уәжіп санағанын келтіреді. Ибн Хазм: «Ердің жұбайымен жақындасуы – парыз. Шамасы жетсе, әр тазалық кезеңінде кемінде бір мәрте жақындасуы керек», – деген. Ахмад ибн Ханбал жеткізген риуаят бойынша, ер адам жұбайымен жақындасудан себепсіз бас тартса, оған бұл жағдайды түзету міндеттеледі немесе екеуінің некесі бұзылады. Өйткені бұл әйелге зиян келтіреді. Имам Ахмад та осы пікірді ұстанған. Әбу Ханифа: «Түнді бірге өткізулері бұйырылады», – десе, Сәури: «Әйел күйеуінің үстінен осы мәселеде шағымданса, үш күн күйеуіне, бір күн мен бір түн әйеліне беріледі», – деген. Имам Шафиғи бұл жайында: «Жақындасуға қатысты жеке міндет жүктелмейді. Жұбайымен бірге тұру, оның нәпақасы мен киімін қамтамасыз ету – ерге парыз», – деген.
Кей риуаяттарда әзірет Омардың (р.а.) ел ішіндегі ерлі-зайыптылық мәселелеріне көңіл бөліп, тиісті шаралар қолданғаны айтылады. Абдурраззақ жеткізген хабарда бір әйел Омарға келіп: «Уа, мүміндердің әміршісі, күйеуім күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқиды», – дейді. Омар: «Күйеуіңді жақсы мақтадың», – деп жауап береді. Сонда сол жерде отырған Кағб ибн Сәур: «Мұншалықты ауыр шағымның осынша сыпайы айтылғанын көрмеппін», – дейді. Омар оған: «Олай түсінсең, араларына өзің төрелік ет», – дейді. Кағб: «Уа, мүміндердің әміршісі, Алла төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат еткен. Демек, ер әр әйеліне төрт күнде бір күн бөліп, сол күні сонымен дәмдес болып, үйінде түнеуі керек. Ендеше, бұл әйелдің күйеуі де төрт күнде бір рет қасында болсын», – дейді. Ал Ибн әл-Қайим «Ахбарун-ниса» еңбегінде Омардың жұбайы өзімен сирек жақындасатынын айтып шағымданған ер адамға: «Жұбайың әр тазалық кезеңінде бір мәрте жақындасса, сенің ақыңды өтегені», – деп үкім бергенін жеткізеді.
Басқа бір риуаятта әзірет Омар түнде көшеде келе жатып, үйінде жалғыздықтан мұңайған бір әйелдің дауысын естиді. Ертеңіне сұрастырып, оның күйеуі жорыққа аттанғанын біледі. Сонда қызы Хафсадан: «Қызым, әйел күйеуінен қанша уақыт бөлек тұруға шыдай алады?» – деп сұрайды. Хафса (р.а.) ұялып: «Әкешім, Алла сізді кешірсін, өзіңіздей адам мұны менің жағдайымдағы кісіден сұрай ма?» – дейді. Омар: «Елге қатысты бір шара қолданайын деп отырмын. Сол үшін болмаса, сенен сұрамас едім», – дейді. Хафса: «Төрт, бес немесе алты ай», – деп жауап береді. Сонда Омар жорыққа шыққан әскердің баратын жеріне жетуіне бір ай, соғысуына төрт ай, елге қайтуына бір ай кететінін есептеп, әскердің сапар мерзімін алты аймен шектейді. Тағы бір риуаятта бір әйел: «Күйеуімді менен бір жыл бойы жырақ ұстау жөн бе? Мен де әйелмін, басқа әйелдер секілді күйеуіммен бірге болғым келеді», – деп шағымданғанда, Омар оның жорықтағы күйеуін дереу шақыртып алғаны айтылады.
Жыныстық қатынастың мақсаты
Ибн әл-Қайим жыныстық қатынастың үш негізгі мақсатын атайды.
1. Адамзаттың сақталуы және ұрпақтың жалғасуы.
2. Денеде қалып қойса, бүкіл ағзаға зиян келтіреді деп саналған сұйықтықтың сыртқа шығуы.
3. Қажеттіліктің өтелуі, ләззат алу және берілген нығметті пайдалану.
Ибн әл-Қайим байырғы дәрігерлер жыныстық қатынасты денсаулықтың бір шарты санағанын айтады. Солардың бірі ретінде Галенді атайды. Бұрынғы ғұламалардың бір тобы адам үш нәрсені тастамауға табанды болсын деген.
1. Жаяу жүруді тастамасын, өйткені бір күні жүруге мұқтаж болады.
2. Тамақ ішуді тастамасын, әйтпесе асқазаны кішірейеді.
3. Жыныстық қатынастан қол үзбесін. Өйткені суы алынбаған құдық та тартылып қалады деген.
Мұхаммед ибн Зәкәрия: «Жыныстық қатынастан ұзақ уақыт қол үзген адамның жүйке қуаты әлсірейді, өзектері бітеледі, жыныс мүшесі жиырылады. Ағзасын құрғату мақсатымен жыныстық қатынастан бас тартқан адамдарды көрдім. Денелері суып, қимылдары ауырлады, себепсіз зеріге бастады, ынта-ықыластары басылып, ішкен асын да қорыта алмайтын халге жетті», – деген.
Суюти де бірқатар ғалымдар секілді жыныстық қатынасты Аллаға ықыласпен құлшылық ету үшін жүректі дүние қалауынан арылтатын амал деп түсіндіреді. Мысалға зуһдымен, тақуалығымен танылған Ибн Омардың ауызашарда ас ішпестен бұрын жұбайына жақындағанын келтіреді. Кейбір фиқһ ғалымдары «Жұма күні жүніптіктен арылатындай ғұсыл алып, мешітке барса...» деген хадисті жұма күні жұбайына жақындасуға ынталандыру деп түсіндірген. Олардың айтуынша, «осылайша көз харамға таймайды, нәпсі тынышталады». Сонымен бірге автор некелі адамның бұл істе шектен аспауын жөн көріп, артықтық ақыл қуатын әлсіретеді деген пікірді келтіреді.
Жыныстық қатынасқа қатысты кейбір мәселелер
Сүннет ұсынған жыныстық қалауды адал жолмен өтеу бірқатар шартқа, ең алдымен, материалдық мүмкіндікке байланысты. Біреудің үйленер шағында қаражаты жетпеуі мүмкін. Енді бірі білім алу секілді үйленуді кейінге қалдыруға тура келетін іспен айналысады. Ал некелі кісі сауда, әскери қызмет немесе басқа себеппен отбасынан жырақ жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда сүннет не ұсынады?
Ораза және дәрі-дәрмек
Мұндай жағдайда сүннет нәпсінің жетегінде кетпей, оны тізгіндеуді бұйырады. Үйленбеген адам үшін ең сенімді амал – ораза. Оразаның құмарлықты бәсеңдететіні жайында: «Үйленуге шамасы жетпеген адам ораза ұстасын. Өйткені ораза оның нәпсісін тежейді», – делінген. Айни мен өзге түсіндірмешілер ораза құмарлықты оятады деген пікірге бұл әсер әуелде байқалғанымен, адам оразасын жалғастырған сайын бәсеңдейтінін айтқан. Айни жыныстық қалаудың тамаққа тәбетпен байланысты екенін, тәбет күшейгенде ол да күшейіп, тәбет басылғанда ол да бәсеңдейтінін келтіреді. Сондай-ақ Айнидің жеткізуінше, Хаттаби осы хадиске сүйеніп, құмарлықты тежеу үшін дәрі қолдануға болады деп түйген. Имам Нәуәуи: «Ораза нәпсіні тежемесе, оны дәрімен басуға рұқсат жоқ. Мұндай жағдайда үйлену керек», – деген. Ибн Хажар жыныстық қалауды біржола жоймайтын, оны бәсеңдететін дәрі қолдануға болады деген пікір ұстанған.
Ихтиса (піштірілу)
Христиандықтағы кейбір ұстанымдардан өзгеше, исламда құмарлықты басу үшін ихтисаға, яғни піштірілуге рұқсат етілмеген. Бұхаридегі риуаятта Әбу Һурайра Алла елшісіне (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Мен әлі жаспын, зинаға ұрынып қалудан қорқамын, ал үйленуге қаражатым жоқ», – дейді. Осы сөзімен піштірілуге рұқсат сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) үндемейді. Әбу Һурайра өтінішін төртінші рет айтқанда: «Уа, Әбу Һурайра! Сенің тағдырыңды жазған қаламның сиясы кепкен. Енді қаласаң піштіріл, қаласаң одан бас тарт», – дейді. Түсіндірмешілер мұны рұқсат деп ұқпаған, ихтисаға тыйым салынғанын айтқан. Осман ибн Мазғун да: «Уа, Алланың елшісі! Бойдақтығым мені күнәға ұрындырар деп қорқамын. Піштірілуге рұқсат беріңіз», – деп сұрағанда, оған: «Ораза ұста», – деген жауап берілген. Бұхаридегі риуаятта Османның үйленуден біржола бас тартуға рұқсат сұрап, ала алмағаны айтылады. Сағд ибн Әбу Уаққас: «Оған рұқсат етілгенде, біз тіпті піштірілер едік», – деген.
Жануармен жыныстық қатынас
Жануармен жыныстық қатынасқа да тыйым салынған. Дегенмен классикалық фиқһта ол зинамен бірдей қарастырылмаған. Бір риуаятта бұл істі қатаң тыю мағынасында: «Кім жануармен жақындасса, сол адамды да, жануарды да өлтіріңдер», – делінген. Автор Әбу Ханифа, Шафиғи, Мәлик және Ахмад бұл іс үшін шариғатта белгіленген арнайы хадд жазасы жоқ деген пікірде болғанын, ал риуаяттағы сөзді қатаң ескерту деп түсінгенін айтады. Хаттаби де осы іс үшін хадд жазасы белгіленбегенін айтып: «Бұл – айыпты іс, оны айыптаңдар», – деген.
Истимна (өзін-өзі қанағаттандыру, мастурбация)
Истимнаны айыптап: «Қолымен некелескен адам қарғысқа ұшырайды», – делінген риуаяттар бар. Тағы бірінде: «Қиямет күні Алла жеті түрлі адамның жүзіне қарамайды, оларды күнәдан тазартпайды және салиқалы жандардың қатарына қоспайды. Олар тозаққа алғаш кіретіндердің қатарында болады. Тәубе еткендердің жөні бөлек. […] Олардың арасында қолымен некелескен, Лұт қауымының ісін істеген және ішімдікке салынған адамдар бар», – делінген. Бұл риуаяттар әлсіз саналғандықтан, ғалымдар оларға ғана сүйеніп үкім шығармаған. Имам Шафиғи мен оның ізбасарлары истимнаның харам екеніне «Мүминун» сүресінің 5–7-аяттарын негіз еткен. Мәлики ғалымдарының бір тобы «Үйленуге шамасы жетпегендер ораза ұстасын» деген хадиске сүйеніп: «Истимнаға рұқсат болғанда, ораза ұстаудан жеңіл сол амал ұсынылар еді», – деген. Сағид ибн Жубәйр: «Алла истимна жасаған қауымға азап жіберді», – деген. Ибн Омар да мұны рұқсат етілген іс деп санамаған. Ибн Аббас, Мужаһид, Амр ибн Динар және Жәбир ибн Зәйдтен белгілі жағдайда рұқсат етілетінін білдіретін риуаяттар жеткен. Мұндай рұқсат екі жамандықтың жеңілін таңдауға тура келген жағдайға қатысты. Ибн Аббас бұл мәселені сұрағандарға: «Күңмен жақындасу истимнадан жеңіл, ал истимна зинадан жеңіл», – деген. Ханбали ғалымдары мен ханафи ғалымдарының бір тобы да белгілі шарттармен ғана рұқсат берген. Ханафи фиқһ ғалымы Шурунбулали: «Үйленбеген адам харамға түсіп қалудан қорықса, құмарлығын басу үшін истимна жасауына болады. Ол үшін сауап та алмайды, күнә да арқаламайды. Ал ләззат алу үшін жасаса, күнәға батады», – деген.
Көзді тыйып ұстау
Жыныстық құмарлықты адал жолмен өтеумен бірге көзді тыйып ұстаудың да маңызы зор. Ғалымдар орынсыз қараудың жүректі бұзатынын айтқан. Сүннетте адамның әр мүшесі зинаға ұрынуы мүмкін екені, көздің зинасы – орынсыз қарау екені айтылады. Құран Кәрім мүмін ерлерге де, әйелдерге де көздерін тыйып, арын сақтауды бұйырады: «Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын! Һәм абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! […] Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын!» Осы аяттарға сүйенген көптеген ғалымдар ерлерге де, әйелдерге де өздеріне бөгде адамға, тіпті құмарлықсыз болса да, қарауға тыйым салған. Сүннетте орынсыз көз салудың зинаға апаратын жол екені айтылып: «Көз салу – Ібілістің улы оқтарының бірі», – делінген. Әзірет Исаның: «Көзіңді тыйсаң, денең де зина жасамайды», – деген сөзі де осы мағынаны қуаттайды.
Сүннет еріксіз түскен алғашқы көзқарас үшін адам жауапқа тартылмайтынын айтып, әдейі қайталап немесе қадала қарауға тыйым салған. Әлиге қатысты риуаятта: «Уа, Әли, еріксіз түскен көзіңе екінші қарауды қоспа. Алғашқысы кешіріледі, кейінгісіне рұқсат жоқ», – делінген.
Ибн Аббас жеткізген риуаятта қоштасу қажылығы кезінде бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоюға келеді. Алла елшісінің (с.а.с.) мінгескен серігі Фадл ибн Аббас әлгі әйелге қарай бастайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) екеуінің көз түйістіруіне жол бермей, Фадлдың жүзін қолымен басқа жаққа бұрады.
Тыйым салынғаны – бүлікке себеп болатын құмарлықпен қарау. Бұл үкім әйелге де, сақалы шыққан жігітке де, сақалы шықпаған бозбалаға да, жануарға да қатысты. Ибн Тәймия ғалымдардың құмарлықпен қарауға, тіпті жақын туысқа солай қарауға да тыйым салынатынына келіскенін айтқан.