Хадис

Кутуб ситтә, № 504

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 504 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 64
504
Кутуб ситтә, № 504 · тараудағы реті: 64Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «نَحْنُ أَحَقُّ بِالشَّكِّ مِنْ إِبْرَاهِيمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ إِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ: ﴿رَبِّ أَرِنِي كَيْفَ تُحْيِي الْمَوْتَىٰ قَالَ أَوَلَمْ تُؤْمِنْ قَالَ بَلَىٰ وَلَكِنْ لِيَطْمَئِنَّ قَلْبِي﴾، وَيَرْحَمُ اللَّهُ لُوطًا، لَقَدْ كَانَ يَأْوِي إِلَى رُكْنٍ شَدِيدٍ، وَلَوْ لَبِثْتُ فِي السِّجْنِ طُولَ لُبْثِ يُوسُفَ لَأَجَبْتُ الدَّاعِيَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Біз Ибраһимнен гөрі күмәндануға лайығырақпыз. Ибраһим: “Уа, Раббым! Маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсетші”, – деген еді. Алла оған: “Сен сенбейсің бе?” – деді. Сонда Ибраһим: “Әлбетте, сенемін. Бірақ жүрегім толық қанағаттансын деймін”, – деді.1 Алла Лутқа (а.с.) мейірім етсін! Расында, ол берік панаға сүйенді. Егер мен Юсуф (а.с.) зынданда жатқандай ұзақ жатсам, шақырушының ұсынысын қабыл алар едім»2.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте үш пайғамбардың өміріндегі маңызды оқиғаларға назар аударады.

Әзірет Ибраһимге қатысты бөлім

Аятта айтылғандай, әзірет Ибраһим (а.с.) Алла тағаладан өлілерді қалай тірілтетінін көрсетуін сұрайды. Пайғамбардың бұл өтінішті не үшін айтқаны жөнінде түрлі пікірлер бар. Хадисшілер, тәпсіршілер, кәләм ғалымдары, тіпті сопылар да осы аятты әртүрлі жорамалдаған. Солардың ішінен хадистің мағынасын ашатын бірнеше пікірді келтірейік.

Ибн Аббас пен Атадан жеткен риуаяттарға қарағанда, өзге адамдардың көкейіне келетін уәсуәсалар әзірет Ибраһимнің де көкейіне келген. Ол солардан арылу үшін Алла тағаладан өлілерді қалай тірілтетінін көрсетуін сұраған. Қатаданың риуаятында Ибраһим бұл өтінішті жыртқыш аңдар талап, бөлшектеп кеткен есектің өлексесін көрген соң айтқан делінеді. Кейбір ғалымдар мына жорамалды құптаған. Алла тағала әзірет Ибраһимді (а.с.) Өзіне дос (халил) етіп таңдағанда, ол: «Уа, Раббым! Маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсетші. Саған дос (халил) екенімді ұғынайын, осы достыққа көңілім орнықсын», – деп дұға еткен. Әзірет Ибраһим мұны қатты қорқыныштан арылу үшін сұраған дегендер де бар. Бір топ сопы: «Ол Алладан жүректерді қалай тірілтетінін көрсетуін сұраған», – деп жорамалдаған. «Бұл өтініштегі мақсат – иманға қатысты дәлел көбейген сайын жүректің орнығуы», – деген пікір де бар.

Алла елшісінің (с.а.с.) «Біз Ибраһимнен гөрі күмәндануға лайығырақпыз» деген сөзін бұрынғы ғалымдар әртүрлі түсінген. Кейбірі сөзді тура мағынасында қабылдап: «Бұл оқиға Ибраһимге пайғамбарлық берілмей тұрып болған», – деген. Осы бағытты ұстанған Табаридің айтуынша, күмән шайтанның уәсуәсасынан туғанымен, Алла елшісінің (с.а.с.) жүрегіне ешқашан орнықпаған.

Алла елшісінің (с.а.с.) бұл сөзбен меңзегені туралы пікірдің бірі мынадай: «Біз мұндай дәлелді көруге әзірет Ибраһимнен де ынтықпыз».

Тағы бір түсіндірме мынадай: «Біз күмәнданбасақ, Ибраһим күмәнданбауға бізден де лайық». Яғни: «Пайғамбардың басына күмән келуі мүмкін болса, әуелі менің басыма келер еді. Көріп тұрғандарыңдай, менде ешбір күмән жоқ. Ендеше, әзірет Ибраһимнің (а.с.) де күмәнданбағанын біліңдер».

Ғалымдардың пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді әзірет Ибраһимге құрмет көрсетіп, кішіпейілдікпен айтқан болуы мүмкін. Тағы бір пікір бойынша, бұл сөз Алла тағала оған өзінің Ибраһимнен абзал екенін білдірмей тұрғанда айтылған. Әзірет Әнәс жеткізген хадисте бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.): «Уа, жаратылғандардың ең қайырлысы!» – деп тіл қатқанда, ол: «Ол – Ибраһим», – деп жауап берген.

Хадистің айтылу себебіне қатысты мынадай түсіндірме бар. Жоғарыдағы аят түскенде, кейбір сахабалар: «Әзірет Ибраһим күмәнданыпты, ал біздің Пайғамбарымыз ондай күмәнға түскен жоқ», – дескен. Бұл сөз Алла елшісіне (с.а.с.) жеткенде, ол: «Біз Ибраһимнен гөрі күмәндануға лайығырақпыз», – деген. Ол ойын жұртқа таныс тәсілмен білдірген. Біреуді ауыр сөзден арашалағысы келген адам: «Оған айтқың келгенді маған айт», – дейді. Мұнымен «Оған ол сөзді айтпа» деген ойын жеткізеді.

Тағы бір жорамал бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді үмбетінің атынан айтқан. Үмбетінің көңіліне күмән келуі мүмкін, ал пайғамбарлардың күнәдан қорғалуы (исмәт) себепті Алла елшісінің өзіне күмән тән болмаған.

«Сендердің “күмән” деп бағалағандарыңа мен әлдеқайда лайықпын. Өйткені бұл – иманға қатысты жайттың бұрынғыдан да айқын болуын тілеу».

Соңғы жорамал бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзбен пайғамбарлығын теріске шығарған қауымынан тартқан азабын меңзеген: «Ибраһим өлілерді қалай тірілтетінін көрсетуін сұраған еді. Мен де өзімді пайғамбар деп танымаған қауымнан көп азап тарттым. Сондықтан Алланың маған өзгелерден артық етіп берген қасиеттерін көрсетуін сұрауға Ибраһимнен (а.с.) көбірек лайықпын. Бірақ мұны сұрамаймын».

Әзірет Лутқа қатысты бөлім

Алла елшісінің (с.а.с.) «Алла Лутқа (а.с.) мейірім етсін! Расында, ол берік панаға сүйенді» деген сөзі басқа бір аятты меңзейді. Алла тағала бұзғыншылығынан тыйылмаған Лут қауымын жазалауға ұйғарып, екі періштеге осы міндетті тапсырады. Олар адам кейпінде әзірет Лутқа (а.с.) келеді. Лут олардың періште екенін білмей, жат елден келген екі қонақ ретінде қарсы алады. Бөгде жас жігіттердің келгенін естіген қауымы Луттың үйіне бұзық пиғылмен ентелей жетеді. Сонда Лут оларға төтеп берер күш-қуатым немесе паналар берік қамалым болса екен деп тілейді.

Алла елшісі (с.а.с.) Құранда баяндалған осы оқиға мен әзірет Луттың тілегін меңзеп: «Расында, ол берік панаға сүйенді», – деген.

Құранда бұл оқиға былай баяндалады: «Содан елшілеріміз (жүзінен нұр тамған жас жігіттер кейпінде) Лутқа келгенде, Лут оларға қорған бола алмай қаламын ба деп көкірегі шерге толып, қатты қысылғаннан: “Бұл өзі бір өте ауыр күн болды-ау”, – деді. Қауымы (ауылдарына бөтен жас жігіттердің келгенін естіп) бұзық пиғылмен Луттың үйіне ентелеп жетіп келді. Олар мұндай арсыздықты, жамандық атаулыны бұрыннан істейтін (әдетке айналдырған) еді. Лут алдарынан шығып: “Уа, қауымым! Мінеки, қыздарым(ыз) сендер үшін (Алланың ақ некесімен) таза һәм адал болатын солар. Алладан қорқыңдар! Мені қонақтарымның алдында ұятқа қалдырып, масқара қылмаңдар! Араларыңда бірде-бір есті адамның болмағаны ма?” – деп оларды райынан қайтаруға тырысты.

Қауымы: “Қыздарыңда жұмысымыз жоқ, олардың бізді мүлдем қызықтырмайтынын өзің білесің ғой. Сен біздің не тілейтінімізді де өте жақсы білесің!” – деп айқайлады. Сонда Лут: “Әттең! Сендерге төтеп берер күш-қуатым болғанда ғой! Немесе бір берік қамалым болып, соны пана қылар ма едім?!” – деп, аһ ұрды. Сол сәтте елші періштелер: “Уа, Лут! Расында, біз Раббыңның елшілеріміз. Қорықпа, олар саған түк те істей алмайды. Түннің бір уақытында отбасыңмен жолға шық, араларыңнан ешкім артына қайырылып қараушы болмасын. Тек жұбайыңның жөні басқа. Өйткені қауымыңа жететін зауал оған да жетеді. Біліп қой, олардың зауал шағы – таң сәрі. Таң сәрі таяп қалды емес пе?” – деп Луттың қатты қобалжыған көңілін орнына түсірді»3.

Хадисшілердің түсіндіруінше, Лут (а.с.) та Ибраһим (а.с.) секілді Ирактан шыққан. Ол Ибраһиммен бірге Шам өлкесіне һижрет еткен. Сондықтан сол қауымның арасында Луттың бірде-бір ағайын-туысы болмаған. Оның тілеген күш-қуаты мен паналар қамалы – қолдау көрсетер ағайын-туыс. Алла елшісі (с.а.с.) «Ол берік панаға сүйенді» дегенде, Луттың Аллаға сыйынып, Оны пана тұтқанын білдірген.

Әзірет Юсуфқа қатысты бөлім

Хадистің соңында Алла елшісі (с.а.с.): «Егер мен Юсуф (а.с.) зынданда жатқандай ұзақ жатсам, шақырушының ұсынысын қабыл алар едім», – деген.

Алла елшісі (с.а.с.) мұнда да Құрандағы оқиғаны меңзеген. Әзірет Юсуф (а.с.) Мысыр патшасының түсін дұрыс жорыған соң, патша оны зынданнан шығаруға бұйрық береді. Бірақ Юсуф шығуға асықпай, өзіне тағылған жаланың анық-қанығын ашуды талап етеді. Өзін шақыра келген елшіге: «Жоқ, алдымен қожайыныңа қайта бар да, одан әлгі (мені көргенде) қолдарын кесіп алған әйелдер жайлы (ақиқатты біледі ме екен, соны) сұра», – дейді. Патша әйелдерді жинап: «Юсуф пен араларыңда не болған еді? Ашына болуды қалап, азғырғандарыңда, ол қайтіп еді?» – деп сұрайды. Әйелдер: «Алла сақтасын! Біз оның қылдай қиянатын, бірде-бір жамандығын білген де, көрген де емеспіз», – деп жауап береді. Сонда уәзірдің әйелі: «Міне, енді ақиқаттың беті ашылды. Мен онымен ашына болуды қалап, азғырған едім. Ол анық шыншыл да түзу адамдардың бірі (һәм бірегейі)», – деп, өз кінәсін мойындайды. Сарайда ақиқат ашылып, тағылған жаладан ақталған соң, Юсуф зынданнан шығады. Осы оқиғаға қатысты келесі аятта: «Бұлай істеуімнің бірден-бір себебі – қожайыныма өзі жоқта опасыздық жасамағанымды һәм Алланың опасыздардың қулық-сұмдықтарын, айла-шарғыларын әсте ілгері бастырмайтынын білсін дегенім еді», – делінеді4.

Алла елшісі (с.а.с.) Юсуф қиссасының осы тұсын меңзеген. Яғни: «Юсуфтай ұзақ уақыт зынданда жатсам, босатылатынымды естіген бойда тезірек шығуды ойлап, істің қайта қаралуын, өзімнің ақталуымды талап етпес едім», – дегені.

Хадисте әзірет Юсуфтың (а.с.) сабыры осылай сипатталған. Хадисшілердің пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді кішіпейілдікпен айтқан. Кішіпейілдік ұлық адамның мәртебесін арттырады.

  1. 1«Бақара» сүресі, 260-аят.
  2. 2Бұхари, «Әнбия», 11, 15, 19 (3372 және басқа риуаяттар), «Тәпсір», «Юсуф», 5, «Тағбир», 9. Мүслим, «Иман», 238, «Фадаил», 152 (151). Тирмизи, «Тәпсір», «Юсуф» (3116, кей басылымда 3115).
  3. 3«Һуд» сүресі, 77–81-аяттар.
  4. 4«Юсуф» сүресі, 50–52-аяттар.