Хадис

Кутуб ситтә, № 497

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 497 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 57
497
Кутуб ситтә, № 497 · тараудағы реті: 57

وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ رَحِمَهُ اللَّهُ عَنْ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي الظُّهْرَ بِالْهَاجِرَةِ، وَلَمْ يَكُنْ يُصَلِّي صَلَاةً أَشَدَّ عَلَى أَصْحَابِهِ مِنْهَا، فَنَزَلَتْ: ﴿حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى﴾». قَالَ: «إِنَّ قَبْلَهَا صَلَاتَيْنِ وَبَعْدَهَا صَلَاتَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт Зәйдтің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бесін намазын күннің аптап ыстығында оқитын. Ол оқыған намаздардың ішінде сахабаларына ең ауыр тигені осы намаз еді. Сонда “Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте берік болыңдар” деген аят түсті». Зәйд (р.а.): «Одан бұрын екі намаз, одан кейін де екі намаз бар», – деді. Бесіннің алдындағысы – құптан мен таң намазы, кейінгісі – екінті мен ақшам намазы1.

Түсіндірме

«Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте берік болыңдар» деген аятта қай намаз меңзелген? Бұл жөнінде ғалымдардың пікірі әр алуан. Құран кәрім осы аят арқылы ортаңғы намаздың Алланың дәргейіндегі маңызына назар аударады. Ал оның бес уақыт намаздың қайсысы екеніне қатысты риуаяттар түрліше. №491 хадистен бергі риуаяттарға үңілсек, Расулалладан (с.а.с.) жеткен сөздер мен соларға сүйенген сахабалардың түсіндірмелерінде ортаңғы намаз әрқалай айқындалады. №491–494 хадистерден оның екінті намазы екені ұғынылады. №495 хадис бойынша, ол – таң намазы, ал №496 және №497 хадистер бойынша, бесін намазы.

Мұнда келтірілмеген риуаяттарда ортаңғы намаздың ақшам, тіпті құптан намазы екені де айтылады.

Қади Ияз секілді кейбір ғалымдар «ортаңғы намаз» бес уақыт намаздың бәрін қамтиды деген. Хадиске түсіндірме жазған ғалымдардың айтуынша, дәлелі ең салмақты риуаяттар оны таң немесе екінті намазы деп көрсетеді. Солардың ішіндегі ең сахихы – ортаңғы намаздың екінті намазы екенін айтқан риуаяттар. Ғалымдардың басым бөлігі осы пікірді ұстанады.

Құран кәрімде ортаңғы намаздың нақты аталмауында терең хикмет бар. Алланың разылығын іздеуге ықыласты мүміндер бес уақыт намаздың қай-қайсысы да ортаңғы намаз болуы мүмкін деп, бәріне бірдей ыждағат танытып, әрқайсын өз уақытында оқиды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 5, (411).