Хадис

Кутуб ситтә, № 465

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 465 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 25
465
Кутуб ситтә, № 465 · тараудағы реті: 25

وَزَادَ رَزِينٌ: «فَقَالَ أَصْحَابُهُ: أَقَرِيبٌ رَبُّنَا فَنُنَاجِيهِ أَمْ بَعِيدٌ فَنُنَادِيهِ؟ فَنَزَلَتْ: “وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ” الْآيَةَ».

Қазақша аудармасы

Рәзин келтірген риуаятта былай делінеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары “Раббымыз жақын ба, Оған іштей жалбарынайық, әлде алыста ма, Оған дауыстап жалбарынайық?” деп сұрады. Сонда мына аят түсті: “Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын”1».

Түсіндірме

Дұға әдебінің бірі – іштей жалбарыну. Бұл сауал исламның алғашқы кезеңінде қойылған. Одан Алланың бірлігіне деген сенімнің сол кезде санаға әлі толық орныға қоймағаны байқалады. Алла – Сәмиғ, яғни ашық айтылғанды да, жасырынды да естуші. Алланың естуі адамның құлақпен естуіне ұқсамайды. Ол жүрек түкпіріндегі тілмен айтылмаған тілекті де естиді. Сондықтан дұғаны өзгелерге естіртіп, олардың тыныштығын бұзатындай дауыстаудың қажеті жоқ. Осы маңызды мәселеге орай аят түскен.

Уәдесінде тұратын Раббымыздың «Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын» деген сөзі – пенде үшін зор сүйінші. Әр дұғаның жауапсыз қалмауының өзі – үлкен нығмет. Алайда адам «Дұғам дәл өзім тілегендей әрі дереу орындалуы керек» деп жаңылып, «Дұғамның жауабын көрмедім» деуі мүмкін. Осыны Бәдиүззаман былай түсіндіреді: «Пенде тілмен айтқан дұғаның қабыл болуының екі жолы бар. Не тілегі сол күйінде орындалады, не оған одан да қайырлысы беріледі.

Мәселен, біреу ұл тілейді, ал Алла тағала оған әзірет Мәриямдай қыз нәсіп етеді. Мұндайда “Дұғасы қабыл болмады” демей, “Дұғасы одан да қайырлы түрде қабыл болды” дейді. Кейде адам бұл дүниенің бақытын тілейді, ал дұғасы ақыреті үшін қабыл болады. Сонда “Дұғасы кері қайтарылды” демей, “Дұғасы өзі үшін әлдеқайда пайдалы түрде қабыл болды” дейді. Алла тағала – Хаким. Біз Одан сұраймыз, Ол жауап береді. Әр пендесіне Өз хикметіне сай мәміле жасайды. Науқас дәрігердің білігіне күмән келтірмеуі керек. Ол бал сұраса да, білікті дәрігер безгегіне қарсы хинин сульфатын береді. Сонда “Дәрігер сөзіме құлақ аспады” деуге бола ма? Ол науқастың мұңын тыңдады, тілегін естіді, жауап берді. Тілегенінен де қайырлысын жасады».

  1. 1«Бақара» сүресі, 186-аят.