Хадис

Кутуб ситтә, № 478

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 478 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 38
478
Кутуб ситтә, № 478 · тараудағы реті: 38Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «يَطُوفُ الرَّجُلُ بِالْبَيْتِ مَا كَانَ حَلَالًا حَتَّى يُهِلَّ بِالْحَجِّ، فَإِذَا رَكِبَ إِلَى عَرَفَةَ فَمَنْ تَيَسَّرَ لَهُ هَدْيُهُ مِنَ الْإِبِلِ أَوِ الْبَقَرِ أَوِ الْغَنَمِ، مَا تَيَسَّرَ لَهُ مِنْ ذَلِكَ، أَيَّ ذَلِكَ شَاءَ، غَيْرَ أَنَّهُ إِنْ لَمْ يَتَيَسَّرْ لَهُ فَعَلَيْهِ صَوْمُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ، وَذَلِكَ قَبْلَ يَوْمِ عَرَفَةَ، فَإِنْ كَانَ آخِرُ يَوْمٍ مِنَ الْأَيَّامِ الثَّلَاثَةِ يَوْمَ عَرَفَةَ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِ، ثُمَّ لِيَنْطَلِقْ حَتَّى يَقِفَ بِعَرَفَاتٍ مِنْ صَلَاةِ الْعَصْرِ إِلَى أَنْ يَكُونَ الظَّلَامُ، ثُمَّ لِيَدْفَعُوا مِنْ عَرَفَاتٍ إِذَا أَفَاضُوا مِنْهَا حَتَّى يَبْلُغُوا جَمْعًا الَّذِي يُبَاتُ فِيهِ، ثُمَّ لِيَذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا، وَأَكْثِرُوا مِنَ التَّكْبِيرِ وَالتَّهْلِيلِ قَبْلَ أَنْ تُصْبِحُوا، ثُمَّ أَفِيضُوا فَإِنَّ النَّاسَ كَانُوا يُفِيضُونَ. وَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: “ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ وَاسْتَغْفِرُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَحِيمٌ”، حَتَّى تَرْمُوا الْجَمْرَةَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Кісі ихрамсыз жүргенде Бәйтулланы тауап ете алады (мұнда Меккеде тұратындар мен ұмраға келіп, оны өтеген соң ихрамнан шыққандар меңзеледі). Бұл мүмкіндік қажылыққа ниет етіп, ихрамға кіргенге дейін сақталады. Арафатқа барғанда түйе, сиыр немесе ұсақ малдың қайсысы қолына түссе, қалағанын құрбандыққа шалады. Құрбандыққа мал таба алмаса, қажылық кезінде үш күн ораза ұстайды. Оразаны Арафа күніне дейін ұстауға тиіс. Үшінші күні Арафа күніне тура келсе, күнә жоқ. Содан кейін Арафатқа барып, екінті намазынан қараңғы түскенге дейін сол жерде тұрады».

Осы тұста Ибн Аббас сөз саптауын өзгертіп, былай жалғастырады: «Жұрт Арафаттан лек-легімен қозғалғанда, олар да сол жерден шығып, түнейтін орындарына, Мұздалифаға жетсін. Сол жерде Алланы көп зікір етсін. Таң атқанға дейін тәкбір мен тәһлилді көп айтсын. Содан соң сол жерден лек-легімен аттаныңдар. Өйткені жұрт бұрыннан осылай аттанатын. Алла тағала былай деген: “Содан соң адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар және Алладан кешірім тілеңдер. Шүбәсіз, Алла – Ғафур, Рахим (аса кешірімді, ерекше мейірімді)”1. Жәмраға тас лақтырғанға дейін осылай жүріңдер».2

Түсіндірме

Ибн Аббас бұл жерде қажылыққа қатысты аяттың мәнін ашып, қажылықтың орындалу кезеңдерін де баяндайды. Қажылық жаһилият дәуірінде де бар еді. Ислам оны өтеу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізді. Аяттың түсу себебінде айтылғандай, Құрайыш пен тағы бірнеше тайпа өздерін өзге арабтардан жоғары санаған. Сол артықшылықтың белгісі ретінде олар Арафатқа бармай, Мұздалифада қалатын. Өзге арабтар Арафаттан лек-легімен аттанса, меккеліктер Мұздалифадан аттанатын. «Содан соң адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар» деген әмір Құрайыштың өзіне берген артықшылығын жойды. Аяттағы «Алладан кешірім тілеңдер» деген әмірді бұрын Арафатқа бармай, өздерін өзгелерден жоғары санағаны үшін тәубе етуге шақыру деп түсінген.

  1. 1«Бақара» сүресі, 199-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Бақара», 35-тарау (4521).