وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ أَهْلُ الْيَمَنِ يَحُجُّونَ وَلَا يَتَزَوَّدُونَ، وَيَقُولُونَ: نَحْنُ الْمُتَوَكِّلُونَ. فَإِذَا قَدِمُوا مَكَّةَ سَأَلُوا النَّاسَ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: “وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَى”». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Түсіндірме
Аят түскенде, сахабалардың бірі «Уа, Алланың елшісі, азық қылып алатын ештеңе таппадық», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) «Жұртқа алақан жаймауға жететіндей азық қамда. Қамдаған азығыңның ең қайырлысы – тақуалық», – дейді. Ғалымдар бұл хадистен жұртқа қол жаюдан тартыну тақуалықтан туатынын аңғарған. Сұрауда табандап тұрып алмайтындарды мақтаған аят та осы мағынаны қуаттайды. «Ең қайырлы азық – тақуалық» деген сөзді «Азықтарыңды қамдап, қайыр сұраумен жұрттың мазасын алудан және соның күнәсінен сақтаныңдар» деп түсіндірген.
Бұл риуаяттан тағы бір мағына шығады. Өзге жұртқа мұқтаждығын арта отырып Аллаға тәуекел етуге болмайды. Шынайы тәуекел ешбір істе өзгеден жәрдем сұрамағанда орнығады. Кейбір ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) «Түйеңді байла да, содан кейін тәуекел ет» деген хадисіне сүйеніп, тәуекелді «Қолдан келер шараны істеп болған соң, соған арқа сүйеп қалмай, нәтижесін Аллаға тапсыру» деп түсіндірген.