Хадис

Кутуб ситтә, № 467

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 467 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 27
467
Кутуб ситтә, № 467 · тараудағы реті: 27

وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ وَلِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ: «كَانَ أَصْحَابُ مُحَمَّدٍ ﷺ إِذَا كَانَ الرَّجُلُ صَائِمًا فَحَضَرَ الْإِفْطَارُ فَنَامَ قَبْلَ أَنْ يُفْطِرَ، لَمْ يَأْكُلْ لَيْلَتَهُ وَلَا يَوْمَهُ حَتَّى يُمْسِيَ. وَإِنَّ قَيْسَ بْنَ صِرْمَةَ الْأَنْصَارِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ صَائِمًا، فَلَمَّا حَضَرَ الْإِفْطَارُ أَتَى امْرَأَتَهُ فَقَالَ: أَعِنْدَكُمْ طَعَامٌ؟ قَالَتْ: لَا، وَلَكِنْ أَنْطَلِقُ فَأَطْلُبُ لَكَ. وَكَانَ يَوْمَهُ يَعْمَلُ فَغَلَبَتْهُ عَيْنُهُ، فَجَاءَتِ امْرَأَتُهُ، فَلَمَّا رَأَتْهُ قَالَتْ: خَيْبَةً لَكَ. فَلَمَّا انْتَصَفَ النَّهَارُ غُشِيَ عَلَيْهِ، فَذُكِرَ ذَلِكَ لِلنَّبِيِّ ﷺ، فَنَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: “أُحِلَّ لَكُمْ لَيْلَةَ الصِّيَامِ الرَّفَثُ إِلَى نِسَائِكُمْ”، فَفَرِحُوا بِهَا فَرَحًا شَدِيدًا، فَنَزَلَتْ: “وَكُلُوا وَاشْرَبُوا”». وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ أَنَّ اسْمَ الرَّجُلِ صِرْمَةُ بْنُ قَيْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. وَعِنْدَ النَّسَائِيِّ: «إِنَّ أَحَدَكُمْ كَانَ إِذَا نَامَ قَبْلَ أَنْ يَتَعَشَّى، لَمْ يَحِلَّ لَهُ أَنْ يَأْكُلَ شَيْئًا وَلَا يَشْرَبَ لَيْلَتَهُ وَيَوْمَهُ مِنَ الْغَدِ حَتَّى تَغْرُبَ الشَّمْسُ، حَتَّى نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: “وَكُلُوا وَاشْرَبُوا حَتَّى يَتَبَيَّنَ لَكُمُ الْخَيْطُ الْأَبْيَضُ مِنَ الْخَيْطِ الْأَسْوَدِ”». وَقَالَ: «نَزَلَتْ فِي قَيْسِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ».

Қазақша аудармасы

Бұхари, Әбу Дәуіт және Тирмизи келтірген риуаятта былай делінеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларының бірі ораза ұстап, ауызашар уақыты кіргенде ауыз ашпай жатып ұйықтап қалса, сол түні де, ертеңіне кешке дейін де тамақ жемейтін.

Қайс ибн Сирма әл-Ансари (р.а.) ораза ұстаған бір күні ауызашар уақыты кіргенде жұбайына келіп, “Үйде тамақ бар ма?” деп сұрады. Жұбайы “Жоқ, бірақ барып, саған тамақ іздеп келейін”, – деді. Қайс күні бойы жұмыс істеген еді. Оны ұйқы жеңді. Жұбайы қайтып келіп, оның ұйықтап қалғанын көргенде: “Әттеген-ай!” – деді. Ертеңіне тал түсте Қайс есінен танып қалды. Бұл жай Алла елшісіне (с.а.с.) жеткізілді. Сонда мына аят түсті: “Сендерге ораза ұстаған түні әйелдеріңмен төсек қатынасына түсу адал етілді”1.

Сахабалар бұған қатты қуанды. Содан кейін “Әрі таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға дейін жеп-ішіңдер” деген аят түсті».

Әбу Дәуіттің риуаятында бұл кісінің аты Сирма ибн Қайс (р.а.) деп аталады. Нәсәи келтірген риуаятта былай делінеді: «Біреуің кешкі асын ішпей ұйықтап қалса, сол түні де, ертеңіне күн батқанға дейін де оған ішіп-жеуге рұқсат болмайтын. Бұл тәртіп “Әрі таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға дейін жеп-ішіңдер” деген аят түскенше жалғасты». Риуаятшы бұл аяттың Қайс ибн Амрға (р.а.) қатысты түскенін айтады.2

Түсіндірме

Кирманидің түсіндіруінше, сахабалар Рамазан түндерінде жұбайларына жақындауға рұқсат берілгенін естігенде, енді түнде ішіп-жеуге де болатынын ұғып, қатты қуанған. Олар «Жұбайына жақындауға рұқсат етілсе, ішіп-жеуге тіпті де болады» деп ойлаған. Таңның ақ жібі түннің қара жібінен ажырағанға дейін жеп-ішуге рұқсат беретін аят түскенде, оның мезгілі де айқындалды.

Аяттағы «қара жіп» түннің қараңғылығын, ал «ақ жіп» күндізгі жарықты білдіреді. Осы жарықтың көкжиектен білінуін «шынайы таң» (фәжр садық) дейді. Кейінгі риуаяттарда айтылғандай, аят алғаш түскенде кей сахабалар оны тура мағынасында түсініп, жастықтарының астына ақ және қара жіп қойған. Айнала екі жіпті бір-бірінен ажырататындай жарық болғанша ішіп-жей берген. Ади ибн Хатим мұны Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанда, ол «Онда жастығың аса кең екен ғой» деп қалжыңдаған.

  1. 1«Бақара» сүресі, 187-аят.
  2. 2Бұхари, Ораза, 15-бап (1915). Тирмизи, Тәпсір, 2972 (өзге басылымда 2968). Әбу Дәуіт, Ораза, 2314. Нәсәи, Ораза, 29-бап (4/147–148).