Хадис

Кутуб ситтә, № 472

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 472 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 32
472
Кутуб ситтә, № 472 · тараудағы реті: 32Риуаят етуші: Хузайфа (р.а.)

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَأَنْفِقُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ»، قَالَ: «نَزَلَتْ فِي النَّفَقَةِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) «Қолдарыңдағы дүние-мүліктен Алла жолында жұмсаңдар және өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер. Үнемі жақсылық жасаңдар, істеріңді барынша тиянақты етіп істеңдер. Алла ізгі жандарды жақсы көреді»1 деген аят жайында «Бұл аят Алла жолында дүние-мүлік жұмсауға қатысты түсті» деген.2

Түсіндірме

Хадиске түсіндірме жазған ғалымдардың айтуынша, ансарлар қолы ашық, Алла жолында мал-мүлкін молынан жұмсаудан тартынбайтын жандар еді. Бір кезде елде азық-түлік тапшылығы болып, олар қайырлы іске дүние жұмсауды қойды. Алла тағала таршылықты сылтау етіп, қайырымдылықтан қол тартуды өз басын қауіпке тігу деп сипаттап, сахабаларды осы әрекеттен тыйды.

Аятта «Жақсылық жасаңдар» деп аударылған сөзге «Алла туралы жақсы ойда болыңдар», «парыздарыңды өтеңдер», «бес уақыт намаз оқыңдар» деген түсінік те берілген. «Аят дүние-мүлік жұмсауға қатысты түсті» деген сөз оның Алла жолында дүние жұмсауды қойғаннан кейін түскенін білдіреді.

Дінімізде Алла жолында дүние жұмсау үшін асқан бай болу шарт емес. Байлықтың белгілі бір шегі жоқ. Дүние-мүлкі қанша болса да, адам одан Алла жолында жұмсай алады. Сахабалардың өздері мұқтаж бола тұра өзгеге жәрдем беруден тартынбағанын мына аят көрсетіп, мүміндерді қандай жағдайда да қайырымды болуға үндейді: «Тіпті өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді»3. Алла елшісі (с.а.с.) хадистерінде сәлем беруді, жылы сөз айтуды, туыстық байланысты сақтауды, тіпті басқаға зиян тигізбеуді де садақа санап, қайырымдылықтың аясын кеңейтті.

  1. 1«Бақара» сүресі, 195-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, «Бақара», 31-бап (4516).
  3. 3«Хашр» сүресі, 9-аят.