Хадис

Кутуб ситтә, № 488

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 488 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 48
488
Кутуб ситтә, № 488 · тараудағы реті: 48

وَعَنْ عُرْوَةَ بْنِ الزُّبَيْرِ قَالَ: «كَانَ الرَّجُلُ إِذَا طَلَّقَ امْرَأَتَهُ ثُمَّ ارْتَجَعَهَا قَبْلَ أَنْ تَنْقَضِيَ عِدَّتُهَا كَانَ ذَلِكَ لَهُ، وَإِنْ طَلَّقَهَا أَلْفَ مَرَّةٍ. فَعَمَدَ رَجُلٌ إِلَى امْرَأَتِهِ فَطَلَّقَهَا، حَتَّى إِذَا شَارَفَتْ انْقِضَاءَ عِدَّتِهَا ارْتَجَعَهَا، ثُمَّ طَلَّقَهَا، ثُمَّ قَالَ: وَاللَّهِ، لَا آوِيكِ إِلَيَّ وَلَا تَحِلِّينَ أَبَدًا. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿الطَّلَاقُ مَرَّتَانِ فَإِمْسَاكٌ بِمَعْرُوفٍ أَوْ تَسْرِيحٌ بِإِحْسَانٍ﴾. فَاسْتَقْبَلَ النَّاسُ طَلَاقًا جَدِيدًا مِنْ ذَلِكَ الْيَوْمِ، مَنْ كَانَ طَلَّقَ أَوْ لَمْ يُطَلِّقْ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Уруа ибн Зубәйр (р.а.) былай дейді: «Жаһилият дәуірінде ер адам әйеліне талақ айтқан соң, ғиддат мерзімі аяқталмай тұрып онымен қайта қосылуға құқылы еді. Мың рет талақ айтса да, бұл құқығынан айырылмайтын. Бір кісі әйеліне талақ айтып, ғиддат мерзімінің аяқталуына аз қалғанда онымен қайта қосылады. Содан кейін қайтадан талақ айтып, әйеліне былай дейді.

– Аллаға ант етемін, сені үйіме қайтарып алмаймын. Басқа біреуге де ешқашан адал болмайсың.

– Бұл қалай болады? – дейді әйелі. Сонда ол былай жауап береді.

– Саған талақ айтамын. Ғиддат мерзімің аяқталуға таяған сайын сенімен қайта қосыламын», – дейді. Тирмизидегі нұсқада әйелдің Айшаға (р.а.) барып, болған жайтты айтқаны баяндалады. Айша жауап бермей, Алла елшісін (с.а.с.) күтеді. Ол келгенде оқиғаны жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) де мына аят түскенге дейін үндемейді: «Талақ кезегі екіге дейін. Сосын оны не жақсылықпен өзіне жар етіп алып қалады, не болмаса көңілін тауып, жақсылықпен қоя береді»1.

Сол күннен бастап бұрын талақ айтқандар да, айтпағандар да талақтың жаңа үкіміне жүгінді2.

Түсіндірме

«Талақ кезегі екіге дейін» деген сөздің мағынасы былай түсіндірілген. Ражғи талақ екі рет айтыла алады. Үшінші талақтан кейін ружуғ, яғни жұбайымен қайта қосылу құқығы қалмайды. Әйел басқа адаммен некелесіп, кейін онымен ажырасқан жағдайда ғана бұрынғы күйеуімен қайта некелесе алады. Аятты бұлай түсіндіргендердің арасында үш талақты бірден айтуды рұқсат санаған Имам Шафиғи де бар. Ал кейбір фиқһ ғалымдары аятты үш талақ бөлек-бөлек айтылуға тиіс деп түсініп, үшеуін бірден айтуды харам санайды. Әбу Ханифа: «Үш талақты бірден айту харам болса да, талақ күшіне енеді», – деген. Аяттағы «жақсылықпен өзіне жар етіп алып қалады» деген сөз екінші талақтан кейін қайта қосылуға қатысты. Бұл кезде ерлі-зайыптылардың қайта қосылуға бір ғана мүмкіндігі қалады. Үшінші талақтан кейін бұл құқығы болмайды. Аят осы соңғы мүмкіндікті пайдаланып, жұбайымен бірге қалуды шешкен ерге отбасылық құқықтарды сақтауды, әйелінің нәпақасын өтеуді және оған жақсы қарым-қатынас жасауды бұйырады. Ал «жақсылықпен қоя береді» деген сөзді ажырасқан жұбайының материалдық ақысын толық өтеу, сыртынан ғайбат айтпау, жамандамау әрі елге жеккөрінішті етіп көрсетпеу деп түсіндірген. Мұны «ғиддат мерзімі аяқталғанға дейін әйелді үйінде ұстау» деп ұққандар да бар.

  1. 1«Бақара» сүресі, 229-аят (үзінді).
  2. 2Мәлик, «Муатта», «Талақ», 80 (2/588). Тирмизи, «Талақ», 16 (1192). «Муаттада» мың рет, Тирмизидегі Айша (р.а.) жеткізген нұсқада жүз рет немесе одан да көп деп айтылады. Әйелдің Айшаға баруы мен одан кейінгі оқиға Тирмизидегі нұсқадан алынды.